«Сырғалы адамдар»
Пирсинг арқылы Гиннестің рекордтар кітабына енгендер аз емес. Мәселен, Шотландия тұрғыны Элейн Дэвидсонның қызығушылығы шектен шыққан секілді. Ол әлемдегі ең көп денесін тестірген әйел. Сәнқой келіншек алғаш рет 1997 жылы бетіне пирсинг тағады. Кейіннен оның темір-терсекке қызыққаны соншалық сырғаны бірінің артынан бірін таға берді. Оның денесінің сау тамтығы жоқ деуге болады. Әрине денесінде 3 келі пирсингті көтеріп жүру оңай ма?! Бір қызығы – оның мамандығы медбике. Элейн әлемге денесінде пирсингті ең көп адам ретінде танылды.
Зиянды әшекейден зейнеткерлер де бас тартар емес. Британ ақсақалы Джон Линч пирсингке 78 жасынан бастап қызыға бастапты. Қазір оның денесінде 241 пирсинг бар болса, соның 150-і бетінде орналасқан. Қария осылайша рекорд жасады. Ал америкалық әйел Стейша Рэндалл 2014 жылы мынадай қызық рекорд жасады. Ол бір мезгілде денесінің 3100 жерін тестіріп, сырға тақты. Оның рекордынан Эриан Хопкинс асып түскісі келіп, бір мезгілде 1200 тесік жасатты. Алайда Стейшаға жете алған жоқ. Соған қарағанда «сұлулық құрбандықты талап етеді ден қағиданы еркектерден гөрі әйелдер жақсырақ түсінеді екен.
Шетелдік жұлдыздарды да пирсингсіз елестету мүмкін емес. Әнші Ферджидің құлағы мен қасынан пирсингтің түр-түрін көруге болады. Дженнифер Энистон болса қарапайымдау бұйымды таңдаған. Ол құлағына кішкене пирсинг таққанды ұнатады. Әнші Пинктің де бетінен мұндай сырғалардың бірнешеуін кездестіре аласың. Бритни Спирс кіндікке сырға таққанды құп көріпті. Оның қатарына Джесика Альба мен Пэрис Хилтонды қосуға болады. Кристина Агилера да пирсингті ұнатушылардың бірі. Оның құлағынан, мұрнынан, ернінің астынан әшекейді байқауға болады.