Татуировка зиян ба?

Oinet.kz 02-03-2020 3117

570d2032a84759669e71d16ce8a168ab.jpg

Татуировка. Бұл сөзді құлағыңыз мың есітіп, көзіңіз жүз көрген болар. Денесіне сурет салынған адамдарды бұрындары көк жәшіктің ішінен ғана көруші едік. Ал қазір батыстан келген үрдіс елімізге де енді. Көшеде татуы бар жастарды, тіпті кейде өнер адамдары арасынан да көріп қаламыз. Сәнге айналған тәндегі бейнелер мен жазуларды қазір қаладағы кез-келген сән салонында жасатуға болады. Ұлтымыздың болмыс-бітіміне сай келмейтін дүниенің адам денсаулығына да зияны шаш етектен дейді медицина мамандары. Ендеше, татуировка жайлы аңызы қайсы, ақиқаты қайсы? Бірге анықтап көрейік...

Мумиядан басталған процедура

Татуировка Тынық мұхитындағы сансыз аралдарды мекендейтін аборигендердің «татау» (яғни, сурет) деген сөзінен шыққан. Бұны ғылыми айналымға енгізген әйгілі саяхатшы Джеймс Кук екен. Аборигендер Американың үндістері секілді үстеріне небір шашақтарды тағып, терілерін тесіп сурет салатын болған. Сондай-ақ ежелде оны көне тайпа адамдарының ұлттық ерекшелігі ретінде санаған. Денедегі сурет адамның жасына және статусына қарай түрліше бейнеленген. Ал кей тайпаларда жазаланған адамның денесіне осылай сурет салып, масқаралайтын болған. Бұл тәсіл Египетте, кейінірек Жапонияда, Қытай мен Мексикада, Никарагуада қылмыскерлерді жазалау үшін пайдаланылыпты.

Ең көне татуировка осыдан 5300 жыл бұрын табылған Эци мумиясына тиесілі. Бұл денеге сурет салудың тарихы әлдеқайда терең екенін айғақтайды. Ал орта ғасырда татуды темір, ағаш ұсталары, теңізшілер, тау-кен өндірісінің жұмысшылары жаппай жасата бастады. Татуировка әлеуметтік мәртебе өлшемінен сәндік элементке 1950-60 жылдары ауыса бастады. Еуропа жастары оны еркіндіктің символы деп санап, тіпті тату-конвенциялар өткізе бастады.  Осылайша тату еріккеннің ермегіне айналып, жас баладан еңкейген қартқа дейін тәнін инемен тестіре бастады.

60-шы жылдары тату жаппай сәнге айналған кезде АҚШ-та гепатит жұқтырғандардың саны күрт өсіп кетті. Билік осыдан кейін санитарлық нормалар сақталмайтын, бейберекет кеткен салондардың жұмысына тосқауыл қойып, косметикалық процедураны жасауға заңмен тыйым салды. Бірақ, денеге сурет салып нәпақа тауып отырған суретшілер ғимараттың жертөлесін жалдап, жасырын түрде жұмыс істей бастады. 1997 жылға дейін осылай болды. Массачусетс штатында 2000 жылға дейін бұл «өнер» заңсыз саналып, татуды жасаған адамға жеңіл жазадан бастап, бас бостандығынан айырған. Қазіргі таңда ешбір мемлекетте татуировкаға тыйым салынбаған.

Жасалу жолдары және күтімі

Татуировканы бүгінде арнайы мамандар сұлулық салондарында жасайды. Тату маманы алдымен сізбен кеңесіп алуы қажет. Денсаулығыңыздың ахуалын білу үшін бірнеше дәрігерден анықтама алып келуіңізді талап етуі керек. Егер денсаулығыңызда ақау болмаса, суретші бірден іске кіріседі. Алдымен денеге түсетін суреттің эскизін таңдап алу қажет. Суреттің көлемі үлкен және процедура ұзаққа созылған сайын оның ақшасы да өсе береді. Қарапайым, кішкене татулар 5 мың теңгеден басталады. Суретті денеңіздің қай бөлігіне салатынын сіз таңдайсыз. Әйтсе де суретші-косметолог клиентке әдетте ауруды сезіне бермейтін қарын, қабырға, омыртқа, кеуде, мойын, білек, сан және иыққа жасатуға кеңес береді.

Сеанс басында теріге ауырсынуды төмендететін дәрі-дәрмектер жағылады. Кейіннен маман ине арқылы бояуды теріге енгізеді. Ол 2-4 сағатқа созылуы мүмкін. Тату терінің 4-5 қабатына енеді. Оның екі түрі бар. Біріншісі уақытша, екіншісі тереңдетілген. Екінші түрі денеде ұзақ уақыт сақталады (мүмкін өмір бойы).

Татуировка сіздің денеңіздің бір бөлшегіне айналғаннан кейін оған үнемі күтім жасау керек. Ине шаншылған орынның оңалуына бір айға дейін уақыт қажет. Алғашқы күндері татудың орнын сумен жууға, қыруға, скраб, маска секілді косметикалық құралдарды жағуға, лазерлі эпиляция жасауға болмайды. Сонымен қатар монша, ыстық парға түсу, ауыр жаттығуларды орындау,  жағдайыңызды қиындатуы мүмкін. Күннің сәулесі татудың басты жауы. Егер күнде қыздырынғанды ұнатсаңыз, татуыңыз өңін жоғалтып, өшіп кетуі мүмкін. Сондықтан жаздың күндері үнемі күннен қорғайтын крем жағып жүруге тура келеді.

Тату түбіңізге жетпесін

Мамандардың айтуынша, татуировакалардың қандай түрі болмасын денеге зиянды. Өйткені, оның бояуының құрамында денатурат (спирт түрі), метил спирті, этиленгликоль, альдегидтер, т.б. зақым туғызғыш заттар болады. Көне ғасырларда бояуыштар ретінде минералды қоспалар қолданылса, орта ғасырларда охра, сажа, тасты көмір мен киноварь заттары арқылы жасалған көрінеді. Ал бүгінгі күні тату химиялық, синтетикалық жолдармен алынған түрлі палитралар арқылы әзірленеді. Татуировканың көлемі үлкен болған сайын, оның залалы да соншалық мол болады. Суретті инемен шаншу арқылы салатындықтан, бұдан теріге қатты зақым келеді. Сурет салынған жердегі тері өз қызметін атқармай қалуы да мүмкін. Бұл әртүрлі тері ауруларының туындауына себепші болады. Еуропа ғалымдары денеге сурет салуға қолданылатын бояулар қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін екенін алға тартады. Дегенмен, оның алдын таңба салу кезінде барынша аз сияны қолдану арқылы алуға болады. Ақ халаттылар бояу құрамында кездесетін токсиндердің көкбауыр мен бүйрекке теріс әсер ететінін жоққа шығармайды. Татудың теріні инемен тесу арқылы салынатындығын ескерсек, сурет салдыру барысында тазалыққа ерекше мән берген жөн. Өйткені, теріні инемен тесу кезінде теріге гепатит С, мерез, ЖИТС секілді түрлі инфекциялар таралуы мүмкін. татуировка жасатқан адамның ағзасында созылмалы тері аурулары бар болса, мұндай  әрекеттерге бармаған орынды. Өйткені, татуировка аурудың  асқынуына  себепші болады. Сондай-ақ, әртүрлі онкологиялық ісік аурулары денеге жазып-сызудан туындайды. Тері бетін химиялық зат қаптағаннан кейін тәннің тыныс алу, ауа алмасу процесін тежейді.

Адам денесіне түрлі бейнедегі таңба салушылар татудан арылу мүмкін еместігін, таңбадан құтылу үшін қыруар қаражаттың қажет екендігін айтады. Мәселен, терідегі таңбаны өшіру хирургиялық ота мен лазерлік сәулелерді қолдану арқылы жүзеге асады. Дегенмен, «дене суретшілері» таңбаны салынғаннан кейін өшірмеген дұрыс дегенді айтады. Себебі, бұл адам денсаулығына өте зиян.

Психологтардың айтуы бойынша татуға құмарлық адамның психологиясындағы өзгерістерден туындайды екен. Мәселен жанына жақын адамның көңілін аударғысы келгендер, тәнін жаралау түрімен жаны жаралы екенін көпшілікке ұғындырғысы келгендер, өзінің статусын немесе күшін, ерекшелігін көрсеткісі келгендер денесін «шимақтайды» екен.

Қылмыс әлеміндегі өрнектер

Денеге сурет салу үрдісін орта буын өкілдері түрмемен байланыстырады. Қылмыстық әлемде әр айыпталушының өз кескіндері болады екен. Мәселен, зеңбіректің үстіндегі жартылай жалаңаш әйел бейнесі әйелге деген адалдықты білдірсе, тиісінше жалынға жанып жатқан әйел суреті қылмыскердің әйел затын өлтіріп, түрмеде отырғанын білдіреді екен. Сол суреттің астыңғы жағында орналасатын отындар саны оның қанша жыл түрмеде отырғанын айғақтап береді. Егер түрмедегілер тікен сымын салдырса, бұл оның еңбекпен түзету колониясын көрген адам екендігін ескертеді. Туған-туысын жер жастандырғандар әйел адамды алқымынан алып тұрған сурет салдырады. Кекшілдік әрекетімен дегеніне жеткендер болса, тор мен раушан гүлін құп көреді. Балта ұстаған аю бейнесі ұрыларға арналады. Мойынға салынған өрмекші торы нашақорлардың белгісі көрінеді. Ал мойнына шынжыр байланған қанаты бар сәбидің бейнесі түрмеде туылғандығын білдіреді. Татудың түрлері өте көп, шамалап айтсақ, олардың саны 300-ден асады.

Мұны кімдер жасатқан?

Татуировканың мәдениеттілікке жатпайтынына, денсаулыққа зиянына қарамастан оны көптеген атақты тұлғалардың өздері жасатқанына тарих куә. Мәселен, ІІ Николай патша кеудесіне айдаһар мен қылыштың бейнесін салдыртқан. Кейіннен оның қатарына әйелдерінің есімдері жазылды. Ұлыбритания премьер-министрі Уинстон Черчилль болса денесіне зәкірді бейнелеген. АҚШ-тың 26-шы президенті Теодор Рузвельттің кеудесінде отбасылық гербтің суреті болса, аталған мемлекеттің келесі басшысы Джон Кеннеди денесінде тасбақаны «арқалап» жүрген. Тасбақа – экватор сызығын басып өткен деген мағынан береді.  Өрнектер сондай-ақ Екатерина ІІ, Петр І, Иосиф Сталин, Альберт Эйнштейннің де денесінде болған.

Бүгінде әлемнің көптеген өнер жұлдыздарынан татуды көруге болады. Татуировка десе есі кететін жандар да бар арамызда. Австралиялық Лаки Даймонд Рич татудың нағыз фанаты ретінде көпшілікке танылған. Оның денесі тұтастай суретпен жабылған. Мұндай рекордқа жету үшін ол 1000 сағатқа созылған процедураға шыдаған. Ал Том Леппард болса денесін иненің көмегімен леопардтікі секілді сары жолақтармен көмкерген. Эрик Спарг болса алабұжақ татуының арқасында «кесіртке адам» атанған. Нәзік жандылардың ішінде ең көп тату жасатқан адам – Джулия Гнус. Джулия мұндай қадамға амалсыз барған көрінеді. Әйел сирек кездесетін тері ауруына шалдыққан. Сырқаттың салдарынан оның терісі бүлініп, тыртықтар қалып қоя берген. Кемшілігін жасыру үшін бикеш татуды таңдапты.

«Құттықтаймын, мен саған ВИЧ жұқтырдым!»
Темекі түтінің зияны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу