«Құттықтаймын, мен саған ВИЧ жұқтырдым!»

Oinet.kz 02-10-2018 742

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше қазіргі таңда жер бетінде 35 миллионға жуық адам АИТВ жұқтырған. Әлем елдері бойынша қауіпті вирусқа шалдыққандар Африка мемлекетінде көп екен. Статистика көрсеткендей қара нәсілділердің 21 миллионға жуығы аталған дертпен өмір сүруде. Ал Қазақстанда осы күнге дейін 35231 жағдай тіркеліпті.

Халық тығыз қоныстанған Оңтүстік өңірінде ең алғаш ЖИТС 1993 жылы анықталыпты. Сол уақыттан бері өңірде (Шымкент қаласы мен Түркістан облысы) 3349 адамнан вирус табылған. Оның 272-сі 14 жасқа дейінгі балаларды құрайды. АИТВ инфекциясының басым бөлігі Шымкент, Кентау, Түркістан қалалары мен Мақтарал, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби аудандарында тіркелуде. Биыл жұқпалы кеселден облыста 66 адам көз жұмса, 25 жылдың ішінде ЖИТС  943 адамның түбіне жеткен.  Бұл туралы Шымкент қалалық ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықта өткен жиында мамандар мәлімдеді. 

aids.jpeg

Өз мәртебеңді біл!  

АИТВ ХХ  ғасырдың 80 жылдарынан бастап таныла бастады, оның жұқтырылған белгісі алғаш рет 1981 жылы АҚШ-та тіркелген. Ал АИТВ-ның соңғы сатысы ЖИТС инфекциясын 1983 жылы француз ғалымы Л.Монтанье ашты.

Көпшілік жағдайда ЖИТС-тен сексуальдық белсенділігі басылмаған жастағы ерлер мен әйелдер зардап шегеді. Бала туу мүмкіндігі бар әйелдердің арасында ЖИТС тарала бастауына байланысты балалардың да осы ауруға шалдығуы жиілей түсті. Жас пен жынысты талғамайтын дерт алғашқыда жұрттың зәре құтын қашырды. «ХХІ ғасырдың обасына» теңестіріліп, вирус жұқтырған адамдарды қоғам шеттете бастады. Аурудың ел ішінде соншалықты резонанс тудыруы заңды да еді. Себебі АИТВ жер бетіндегі ең жас вирус. Ол адамдарға құлпы ашылмаған сандық секілді көрінді. Ғалымдардың зерттеуінен кейін ғана адамдар кесел туралы шынайы ақпаратқа қол жеткізді. Әлі де зерттеліп жатқан дертке халықтың көзқарасы жақсара қойған жоқ. Осы мақсатта Дүниежүзілік денсаулық сақұтау ұйымы 1 желтоқсанды «ЖИТС-ке қарсы күрес күні» деп белгілеп, түрлі шараларды ұйымдастырып келеді. Осыған оорай орталық мамандары 15 қараша мен 15 желтоқсан аралығында «Өз мәртебеңді біл!» ұранымен айлық өткізуді жоспарлап отыр.

– Биылғы шараны бір күн емес, бір ай бойы өткізбекпіз. Айлықтың мақсаты – АИТВ, ЖИТС проблемасына ықпал ете алатын қоғамның әлеуметтік саяси және басқа да басшыларының назарын аудару. Өкінішке қарай соңғы жылдары вирус жастар арасында өршіп келеді. Акция кезінде мектеп жасындағы балалар мен студенттерге ЖИТС жайлы көбірек ақпарат беріп, одан қорғануды кеңірек түсіндірсек дейміз,дейді орталық бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай ЖИТС індетін тоқтатуды мақсат етіп, стартегиялық жоспар түзген. Осыған сәйкес 2020 жылға қарай АИТВ-мен өмір сүретін барлық адамдардың 90 пайызы өз мәртебесін білуі, диагноз қойылған барлық адамдардың 90 пайзыы антиретровирустық терапияны тұрақты алуы, антиретровирустық терапия алатын адамдардың 90 пайызында вирустық супрессия яғни емнің нәтижесі болуы тиіс. Аталған меженің облыстағы көрсеткіштері туралы баяндаған Қожахмет Намазұлының айтуынша, мамандар науқастардың статусын анықтау мақсатында халық арасында тестілеуді бастап кетіпті. 

Біз халықты жаппай мәжбүрлеп тексере алмаймыз. Осыған дейін мамандар тек қоғамның осал топ өкілдерін клиникалық және эпидемиологиялық жағдайына қарай және еріктілерді тексеретін. Енді тестулеудің аудиториясын жылдан-жылға кеңейтіп жатырмыз. Оңтүстік өңірінде жыл сайын 400 мыңнан астам адам тексерілуден өтеді. Биылғы жылдың 10 айында 393212 адам анализ тапсырды. Өңірде бүгінде науқастардың 78 пайызы өзінің мәртебесін біледі. Тестілеудің арқасында оларды 90 пайызға жеткізуіміз керек. Екінші мақсатымыз аурулардың 90 пайызына антиретровирусты терапияны жүргізу. Бұрын есепте тұрған науқастардың барлығына бірдей препараттарды тағайындамайтын едік. Тек олардың иммунитеті әлсіреген кезде ғана дәріні ішетін. АИТВ-ны жұқтырған адамның иммунитеті 6-10 жылдың ішінде әлсірей бастайды. Осы уақыт аралығында олар тек бақылауда ғана болатын. Ал қазір барлық науқастарға терапия жүргізілуде. Дей тұрғанмен олардың арасында әсіресе жазасын өтеушілер, нашақорлар және тұрақты мекен-жайы жоқ қаңғыбастар ем алудан бас тартып жатады. Ал дәрігерлер мәжбүрлеп ем көрсете алмайды. Қазір ретровирусқа қарсы терапияны 1388 адам алып жатыр. Препараттарды қабылдап жүрген пациенттердің 81 пайызында ем жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Науқастардың арасында емге сенбейтіндер, тіпті санасында ЖИТС деген ауру жоқ екен, мен ауру емеспін, саумын деген қате түсінік қалыптасқандары да бар. Енді бірі дәріні уақытылы қабылдамағандықтан емнің нәтижесі болмай тұр. Біздің мамандарымыз мұндай науқастармен көбірек жұмыс істеуде,дейді ол.

Ер мен әйел теңесті

Бір қуантарлығы Түркістан облысында жұқпалы вирусқа шалдығушылардың саны жылдан-жылға азайып келеді екен.

– Осыдан 10 жыл бұрын ЖИТС көрсетіші бойынша республикада 6-7 орында тұрсақ, ағымдағы жылдың 10 айлық есебі бойынша 10 орынға түстік. Салыстырмалы түрде айтсақ өткен жылы 182 адамнан АИТВ анықталды, олардың 7-еуі 14 жасқа дейінгі балалар, ал биылғы жылы (10 айда) 168 адам есепке алынды, оның 2-еуі балалар, – дейді дәрігер эпидемиолог Ынтымақ Мұсаев.

Өңірдің эпидемиологиялық жағдайын баяндаған дәрігер аурудың жыныстық қарым-қатынас арқылы жұғу жағдайлары жиілегенін айтады. Яғни гетеросексуалды байланыс арқылы берілудің басымдылығы 82,9 пайызды құраса, қан арқылы жұғу жолы 9,8 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ бұрын еркектер ЖИТС-тің құрбанына көбірек айналса, қазір науқас нәзік жандылар көбейіп, 48,2 пайызға жетіп отыр. Қазір әлемде есепте тұратын ерлер мен әйелдер саны теңесті. Мамандардың айтуынша шетелдік азаматтардың арасында да облысқа вирусты арқалап келгендер көп екен. Олардың көшін өзбекстандықтар бастап  тұр (76,1 %). Сондай-ақ 10 айдың ішінде 7 жазасын өтеушіден вирус табылыпты. Олардың жалпы саны 503.

Ауру анадан сау бала

Жоғарыда атап өткеніміздей ерлермен қатар  ғасыр індеті әйелдер қауымын да  жаулап келеді. Өкініштісі сол – жүкті әйелдер де ЖИТС статусын иемденуде. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында биыл 35 аяғы ауыр әйелден вирус анықталған. АИТВ-ның анадан балаға берілетіні мәлім. Соған қарамастан үздіксіз емнің арқасында бүгінде науқас анадан сау балалардың туылуы жиілеген. Бұл үлкен жетістік дейді мамандар.

– АРТ қабылдаушы тұлғалардан вирус жұғу қаупі төмендейді. Жүкті әйелдерде АИТВ жұқпасын уақытылы анықтау аурудың анадан балаға берілу жолдарын алдын-алуға көмегін тигізуде. Жалпы алғанда өңірімізде осындай мәртебемен өмір сүретін жүкті әйелдер арасында 535 бала туылды, оның 520-нан вирус анықталған жоқ. Бұл жақсы көрсеткіш. Олардың арасында тіпті 7-ші перзентін дүниеге әкелгендер бар. Ең бастысыпрепараттарды уақытылы үзбей қабылдау. Сонда ғана науқастың өмір сапасы жақсарып, еңбекке қабілеттілігі төмендемейді. Олар сау адамдар секілді қалыпты өмір сүріп, жұмыс істеп, отбасылы бола алады. Тағы бір айта кетерлігі жұбайлардың бірінде вирус болса оның серігіне жұғу қаупі төмендеп келеді. Бұл да терапияның арқасы. Адамдар өзінің статусы туралы алғаш естіген кезде «дәрігер, менің қанша жыл өмірім қалды?» деп сұрайды. Әрине, түсінемін бұл жазылмайтын дерт.  Препараттардың қолданылуына қарамастан, АИТВ адам ағзасында өмір бойы сақталады, дәрілер АИТВ-жұқпасынан емдемейді, бірақ олар ЖИТС дамуына және өлімнің басталуына жол бермейді. Осы терапияны бастаған адам күнделікті  дәріні және өмір бойы қолдану керек. Курсты үзу бұрынғы емдеудің барлығын жоққа шығаруы мүмкін. Ем тағайындау барысында пациенттердің көкейіне «өмір бойы дәрі ішіп өтемін бе, егер ұмытып кетсем басқа да жағдайлармен іше алмай қалсам не болады?»  деген секілді сұрақтар мазалап, бойын қорқыныш билейді. Оңай емес. Бірақ сапалы өмір сүру үшін терапияны қабылдау керек. Жалғыз науқасқа мұның бәрі қиын. Ол өзгелерден ұялып, жасырынып дәрі ішуі мүмкін. Егер жақындары оны қадағалап, демеу беріп, дәрі ішу уақытын қадағалап тұса науқасқа да жеңіл болады. Сол секілді жүктілікті жоспарлаған әрбір ана дүниеге сау бала әкелгісі келсе препараттардан бас тартпауы керек,дейді емдеу мекемесінің психологы Рая Мамедова.

Қауесетке сенбеңіз...

Кейінгі кездері әлеуметтік желіде қоғамдық орындарда, автобуста ЖИТС-ті қасақана жұқтырушылардың көбейгені туралы аудиожазбалар тарап кетті. Аудиодағы ер кісінің сөзіне қарағанда әлдекімдер автобуста адамдарға шприцтің инесін шаншып алып, қалтасына «Құттықтаймын, мен саған ВИЧ жұқтырдым!» деген қағаз салып кетеді екен. Сондай-ақ көшедегі орындықтарға қолданылған инелерді ашық қалдырып кетуде. Адамдар байқамай орындыққа отырып қалғанда денеге кірген ине арқылы ауру тарап жатыр-мыс. Орталықтың мамандары мұның бәрі жәй қауесет, адамдарды себепсіз үркіту дейді. Осы күнге дейін елімізде мұндай жағдай орын алмапты.

– Біз – барлығымыз, әлеуметтік жағдайымызға, жасымыз бен жынысымызға қарамастан осалмыз және індет жұқтыру қаупіміз бар. Жұқпа адам ағзасынан тыс өмір сүрмейтінін үнемі есте сақтаңыз. Сондықтан сіз құшақтасып амандасқанда, ортақ ыдыс пайдаланып тамақтанғанда, бассейн немесе саунаға түскенде, болмаса маса шақ­қаннан я қоғамдық көлікте отырғаннан бұл індетті жұқтырмайсыз. Ұмытпаңыз, АИТВ тек қан арқылы, қорғалмаған жыныстық қатынас пен ана сүті арқылы ғана беріледі. Ал оны қоғамдық орындарда әлгіндей жағдайлармен әдейі жұқтыру жағдайы әлі тіркелген жоқ. ЖИТС-ті тек анализ алу арқылы ғана анықтауға болады. Сондықтан сақтық ретінде әрбір адам АИТВ-ға тексеріліп тұрса дейміз, – дейді Қожахмет Намазұлы.

Айта кетейік, мамандар бір ай бойы медицина қызметкерлері, студенттер мен оқушылар, бизнес құрылымдар, халықтың осал топтары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.

Қымбат дәрінің әлдеқайда арзан түрінің тізімі
Татуировка зиян ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу