Сарыаурудан қалай емделуге болады?

Oinet.kz 02-03-2020 1616

Вирусты гепатит - бұл ерекше маркерлері бар болғанда, инкубациялық мерзімі 6 айдан аз уақытта бауырдың жіті қабынуымен ерекшеленетін жұқпалы ауру. Гепатит ауруының А,В,С, Д, Е түрлері бүгінгі күнге дейін анықталған.

Клиникалық белгілері:дене қызуының көтерілуі, жүрек айнуы, әлсіздік, құсу, тері қабаты мен көз склерасының сарғаюы, тамаққа тәбеттің төмендеуі.

А вирусты гепатиті (АВГ) және Е вирусты гепатиті (ЕВГ) вирустары адамға энтеральды жолмен жұғады, яғни организмге вирустар ауыз арқылы түседі.

Screenshot_1.jpg

АВГ-нің жұғу жолдары:

1.Тұрмыстық қарым қатынас арқылы (жеке бас тазалығы ережесін сақтамағандықтан).

2.Вируспен ластанған су, тамақ арқылы (алиментарлы).

АВГ-нің инкубациялық кезеңі (вирустың адам организміне енген сәттен бастап, аурудың алғашқы клиникалық белгілерінің анықталғанға дейінгі уақыт бөлігі) орташа есеппен 35 күнді құрайды (диапозоны 7-50 күн). Алдын алу жолы вакцинациялау, вакцина алты ай аралықпен екі рет егіледі.

АВГ-нің алдын алу үшін вакцинациялауға жататын контингенттер:

1. Екі жасқа толған балалар.

2. АВГ ошағында қарым қатынаста болған 14 жасқа дейінгі вакцина егілмеген балалар немесе вакцинаның бір турын алған балалар (екінші турын егу керек).

3. Созылмалы В және С вирусты гепатитімен ауыратын, ремиссия кезеңіндегі 14 жасқа дейінгі науқас балалар.

ЕВГ-нің берілу жолы-су арқылы. Инкубациялық кезеңі орташа есеппен 40 күн, (диапозоны 20-60 күн). ЕВГ-нің алдын алу үшін вакцина ойлап табылмаған. Бірақ қолданатын судың таза әрі сапалы болуына көңіл бөлу керек. Ашық су көздерін қолданатын кезде қайнатып ішу керек.

В вирусты гепатиті (ВВГ), С вирусты гепатиті (СВГ), Д вирусты гепатиті (ДВГ) вирустары адамға парентеральды жолмен жұғады, яғни тері қабатының бұзылуы, түрлі медицина құралдарының вируспен контаминацияланғаннан кейін залалсыздандырылмай, стерилизация әдісі жүргізілмей медициналық манипуляциялар жүргізу барысында жұғады.

ВВГ-нің инкубациялық кезеңі 60-90 күнді құрайды (диапозоны 45-180 күн). Алдын алу үшін вакцинациялау, 1 жасқа дейін 0-2-4 ай аралықпен, 1 жастан асқан балалар мен ересектерге 0-1-6 ай аралықпен. Жұқтыру жолдары: табиғи және жасанды.

ВВГ вирусын жұқтырудың табиғи жолы:

1.Перинатальдық.

2.Жыныстық қатынас кезінде.

3.Тұрмыстық қатынас арқылы. Вируспен ластанған гигиенаның әр түрлі заттарымен (ұстара, маникюр керек жарақтары, тіс щеткалары, сүлгілер, қайшылар).

ВВГ вирусын жұқтырудың жасанды жолы:

1.Вируспен ластанған медициналық, зертханалық құралдар.

2.Вируспен контаминацияланған қан және оның құрауыштарын құю кезінде.

3.Медициналық емес инвазиялық ем шаралар (дене әшекейін салу, құлақ тесу, маникюр,педикюр, косметикалық рәсімдер т.б.).

ДВГ-нің ақауы бар, оның жұғуы үшін В гепатитінің вирусы болуы қажет.

СВГ-нің инкубациялық кезеңі 180-210 күнді құрайды (диапозоны 14-780 күн). Инфекция көздері аурудың жіті және созылмалы түрлері бар науқастар. Жұқтыру жолдары ВВГ-ке ұқсас. Алдын алу үшін вакцина ойлап табылмаған.

В,С,Д гепатиті ошақтарында қарым қатынаста болған, жанұя мүшелерінің қан сарысуы ИФА зертханасынан тексеруден өткізіледі. Теріс нәтиже болған адамдарға, егер вакцина егілмеген болса В гепатитінің вакцинасының 3 дозасы егіледі. Интервалы: 1 жасқа дейінгі балаларға 0-2-4, 1 жастан асқан және ересектерге 0-1-6. Вакцинасы толық егілмеген болса түрлі себептермен, қалған вакциналары көрсетілген интервал бойынша егіледі.

Қауіпсіздік шараларын сақтау Сіздің өміріңізді және денсаулығыңызды сақтайды.

Э.КУРАЛОВА, 

Сарыағаш аудандық ТКҚСҚББ бас маманы 

«Періште қыз»
​Әлем кезген вирус. Қалай сақтанамыз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу