Дүниеге келген нәрестеге берілетін көмектер

Oinet.kz 12-10-2018 845

8989-1.jpg

Жас босанған анаға да, оның тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелген сәбиіне де күтім керек. Алайда перзентханадан шығысымен туу туралы куәлік алу үшін жас ана халыққа қызмет көрсету орталығына баруға мәжбүр болатын. Ұзын-сонар кезекте тұрып, қажетті құжаттарын тапсыратын еді. Немесе нәрестенің әкесі жұмысынан сұранып, ары-бері сабылатын. Енді биылдан бастап үйден шықпай, тіпті перзентханада жатып құжатты онлайн рәсімдеуге болады. Үш-ақ сағатта туу туралы куәлік дайын болады. Интернет арқылы балабақша кезегіне тіркеп қоясыз.

Тағы бір жаңалық. Бұрын жаңа туған нәрестеге дәрі қобдишасын алу үшін жергілікті емханадағы дәрігердің нұсқауын алып, дәріханаға бару керек еді. Енді дәрі қобдишасын перзентханадан талап етіңіз.

Жаңа туған баланы ешқайда бармай тіркеу үшін не істеу керек?

Босанған әйелді ауруханадан шығарған кезде оған баланың туылғаны туралы медициналық куәлігі беріледі. Онда анасы туралы барлық қажетті деректер (тегі, аты, бар болса, әкесінің аты), сондай-ақ баланың туған күні мен жынысы, құжатты беру күні көрсетіледі.

Жаңа туған баланы тіркеу туралы өтінішті үш жұмыс күнінен кешіктірмей тапсыру керек. Оны қалай тез тіркеуге болады? Қарастырайық.

Босанбай тұрып:

Біріншіден, электронды үкімет порталы арқылы ЭЦҚ кілтін алу үшін өтініш білдіріңіз. Содан кейін жеке кабинетіңізге кіріп, телефон нөміріңізді ЖСН-ге бекітіңіз.

Екіншіден, ЭЦҚ (электронды цифрлы қолтаңба) кілтіңізді флешкаға көшіріп алыңыз. Ал құпия сөзді есте сақтаңыз. Ұмытып қалсаңыз, қайтадан ЭЦҚ кілтті алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек болады.

Босанғаннан кейін:

Біріншіден, бала туылған соң, оның ата-анасына бірден SMS-хабарлама келеді. Баланың дүниеге келуімен құттықтап, мемлекеттік қызметті ұсынады. Хабарлама келмеген жағдайда, 1414 нөміріне хабарласып, кеңес алуға болады.

Қызмет алушы SMS-хабарламаға жауап ретінде өзі тіркелген мекен-жайын жазып жіберсе, меншік құқығы туралы мәліметтер тексеріліп, меншік иесі рұқсат берген жағдайда нәрестені көрсетілген тұрғылықты жерге тіркейді.

Екіншіден, egov.kz сайтына ЭЦҚ арқылы кіресіз. Құпия сөзді енгізесіз.

Үшіншіден, "Отбасы" бөлімінің ішіндегі "бала" деген батырманың ішінде "толық көрсету" дегенді басасыз. "Баланың тууын тіркеуге электрондық өтініш беру" дегенді басасыз. "Онлайн сұрау" батырмасы бойынша өтесіз.

Төртіншіден, ата-анасы туралы мәліметтер алдыңыздан шығады. АХАТ бөлімін таңдауыңыз керек. Перзентханада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің электрондық базасына баланың туылғаны туралы факт енгізіледі.

Бесіншіден, зайыбыңыздың ЖСН нөмірін сұрайды. Содан кейін АХАТ арқылы тіркелгені туралы жерге балаңызға қойған есімін жазасыз.

Алтыншыдан, қызмет көрсету үшін қолтаңбаңызды қоясыз. Балаңыз тұрғылықты жері бойынша тіркеледі. Одан соң барлық ақпарат АХАТ бөліміне жіберіледі. Олар 2 сағат ішінде туу туралы актіні тіркеп, баланың аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі рәсімделген туу туралы куәлікті дайындайды.

Туу туралы куәлік дайын болғанда, қай жерден алуға болатыны жөнінде SMS-хабарлама келеді.

Енді ата-аналар орталыққа баланың туу туралы куәлігін алу үшін ғана барады

Туу туралы куәлік дайын болғанда, курьер арқылы үйге жеткізуге тапсырыс беруге болады. Халыққа қызмет көрсету орталығына баратын болсаңыз, өзіңізбен бірге мына құжаттарды алыңыз:

1. Баланың ата-анасының жеке куәлігі;

2. Неке қию туралы куәлік (ҚР аумағында 2008 жылдан кейін некесі тіркелген тұлғалардың куәлік көшірмесі қажет емес);

3. Туу туралы медициналық куәлік;

Міне, өтініш бергеннен кейін үш-ақ сағатта туу туралы куәлікті алуға болады. Негізінде, мемлекеттік мекемеге оны атқаруға екі жұмыс күні берілген. Туған күнінен бастап 3 күн өткеннен кейін, баланың тууы тіркелген жағдайда бір апта қарастырылады. Қосымша тексеру қажет болған кезде – 30 күнтiзбелiк күн белгіленген. Портал арқылы өтінішті бергеннен кейін, қабылдағанын растайтын хабарлама бір жұмыс күні ішінде жіберілу керек.

Ал куәлікте қате кетсе, қайта алуға болады. Ол үшін АХАТ-қа өтініш жазады. 0,5 АЕК (бір айлық есептік көрсеткіш 2405 теңге) 1300 теңге төлесе жеткілікті.

Әкімдіктің ақпараттық жүйесі арқылы балабақша кезегіне тұруға болады

Балаңызға туу туралы куәлікті алғаннан кейін, ЖСН нөмірі арқылы өңіріңіздегі әкімдіктің сайтына кіресіз. Мысалы, Астана қаласының тұрғыны болсаңыз, e-astana.kz арқылы балаңызды балабақшаға кезекке қоясыз.

Ескерту: Қоса берілетін құжаттардың барынша көп рұқсат етілетін көлемі 1 МБ аспауы тиіс.

Жәрдемақы тағайындау үшін өтініш автоматты түрде рәсімделеді

Баланы тіркеу туралы өтініш білдіргеннен кейін, SMS арқылы шот нөмірін сұрайды. Осы кезде туу туралы куәліктегі мәліметтер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктің ақпараттық жүйесінде жарияланады. Сол арқылы анасының есеп шотына жәрдемақы аударылады. Екі және одан да көп бала туған кезде бұл жәрдемақы әр сәбиге төленеді.

Бала тууына байланысты төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері

Бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК-ті (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 91390 теңге);

Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК-ті (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 151 515 теңге) болып бекітілген.

Жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтіміне берілетін жәрдемақының мөлшері:

Бірінші балаға – 5,76 АЕК-ті (13 853 теңге);

Екінші балаға – 6,81 АЕК-ті (16 378 теңге);

Үшінші балаға – 7,85 АЕК-ті (18 879 теңге);

Төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,9 АЕК-ті (21 404 теңге) құрайды. Бала бір жасқа толғанша жаппай беріледі. Еске түсіре кетейік, бір АЕК – 2405 теңге.

Егер мүгедек болып туылса, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,4 ең төмен күнкөріс деңгейі төленеді. Ең төменгі күнкөріс деңгейі дегеніміз – бір адамға арналған ең төмен ақшалай кiрiс, нақтырақ айтсақ 27 мың 850 теңге. Демек, он алты жасқа толғанға дейін 39598 теңге беріледі.

Сонымен қатар, асырап алғандардың, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алғандардың, мүгедек баланы тәрбиелеушілердің жәрдемақы алуға құқығы бар. Өтініш берген күннен бастап 29699 теңге мөлшерінде жәрдемақы төленеді.

Катаракта: причины, симптомы, лечение и профилактика
Түнде жұмыс істеу денсаулыққа қауіпті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу