Маммопластика қалай жасалады?

Oinet.kz 10-02-2020 2005

Screenshot_1.jpgКез-келген нәзік жанды дене бітімінің мінсіз болғанын қалайды.  Соңғы кезде сұлулық эталоны омыраудың, яғни сүт безінің үлкендігімен өлшене бастағандай. Алайда ана атанғаннан кейін артық салмақты былай қойғанның өзінде, бала емізгеннің салдарынан көлемі кішірейіп, пішінін жоғалтқан омырау кәдімгідей күзеліске ұшыратуы мүмкін. Гиппократ жазық кеуделі әйелдерге кеуде мөлшерін ұлғайту үшін ән салуға кеңес берген екен. Бірақ мұның аңыз екенін сізде біліп отырған боларсыз. Мұндайда тығырықтан шығатын жолды көптеген әйелдер пластикалық хирургиядан іздейді. Бүгінгі таңда пластикалық хирургияның ішінде ең жиі жасалатыны блефаропластика болса, екінші орында маммопластика тұр. Әлемде бұндай отаны жасатуға құлшынған қыз-келіншектердің саны жыл сайын өсіп барады.

– Жасыратыны жоқ, қазір қыз-келіншектердің көпшілігі аршын төс болуды қалайды. Себебі заманның талабы өзгерді. Әйел кеудесінің 97 пайызын майлы ұлпа алып жатады. Дәл сол ұлпа оның жұмсақтығы мен пішінін келтіреді. Маған көп жағдайда босанған және бала емізген пациенттер келеді. Бала емізгеннен кейін омырау солып қалады. Соны қайта қалпына келтіріп беруді сұрайды. Кейде жап-жас қыздар да келіп жатады. Олар жәй әдемі көрінгісі келеді. Туа бітті ақауы бар, төсі өспей қалған қыздарға да ота жасаймын. Операцияның бағасы пациенттің жағдайына қарай 1 миллион теңгеден басталады. Әрине, келген адамға жан-жақты кеңес беріледі. Бірақ шешімді пациенттің өзі қабылдайды. Ота жасату үшін алдымен адамның өзі психологиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Қазір әйелдердің барлығы сауатты, интернеттен оқып, зерттеп, маммопластика жасатқан әйелдерден ота туралы сұрап, содан кейін  барып қана хирургке келеді, – дейді пластикалық хирург Карима Сәдуақасова.

Ота жасалмас бұрын әйел зертханалық тексерулерден өтеді. УДЗ талдау жасалады. Егер қан құрамы мен УДЗ қорытындысында қандай да бір белгі байқалса, ота жасалмайды. Маммологтің кеңесін алуға  жіберіледі. Содан кейін ғана операция үстеліне жатуға болады. Ал операцияның ұзақтығы – бір сағат. Пациент сол күні-ақ үйіне жіберіледі. Кейін бір ай оңалту шараларынан өтеді. 

– Сүт безі – әйел адамның жанды жері. Сондықтан төсті үлкейтетін, тығыз қылып тұратын имплант сүт безіне емес, бұлшық етке салынады. Импланттың көлемі бір пішінде болмайды, әйелдің дене бітіміне байланысты әр түрлі болады. Бір айта кетерлігі, қазіргі импланттар инновациялық технологиямен жасалған. Адамның денесіне өте жақын болғандықтан дене бірден қабылдайды, уақыт өте келе білінбей кетеді. Ал бұрын силиконнан жасалғандықтан тығыз болатын. Жаңа технологиямен жасалған импланттармен адам өмір бойы жүре береді немесе организмге байланысты он жылдан кейін ауыстырылады, – дейді маман. 

Төстің формасы мен көлеміне байланысты маммопластиканың үш түрі жасалады. Біріншісі омырауды үлкейту пластикасы – эндопротездеу. Бұл сүт бездерінің мөлшерін үлкейтуге және формасын жақсартуға бағытталған операция. Ол эстетикалық көрсетілімдер бойынша жүргізіледі, омырау көлемін үлкейтуге мүмкінішілік береді және омыраудың аса байқалмайтын салбырауын түзету арқылы омырауды тығызырақ етеді. Омырау пластикасының  бұл әдісінде сүт бездерінің әртүрлі  эндопротездерінсіз бітпейді, олардың формасы мен көлемі дәрігерге барған кезде тікелей таңдалынып алынады. 

Екіншісі кішірейтетін маммопластика – сүт бездерінің мөлшері мен көлемін оперативті әдіспен кішірейту. Операция  жасаушы дәрігердің орасан тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін талап ететіндіктен, бұл операцияны ең күрделі де жауаптылардың қатарына батыл жатқызуға болатындығын мойындау қажет. Артық тері мен без тіндерін тыртықтардың санын аз етіп, қалаулы форманы жасауға қажетті көлемде кесу – операцияның мәні. Бұл қауіп факторы өте жоғары көп сағаттық күрделі операция. Алайда маманның  білімінің арқасынды тамаша нәтижелер береді, омырау жоғалтқан формаларын қалпына келтіреді. 

Үшіншісі мастопексия – сүт безін тарту. Бұл операцияның кішірейтуден айырмашылығы оны орындауда бездің өзі қозғалмайды, салдарынан зақымдануы мен қауіп факторы айтарлықтай төмен. Бұл операцияда сүт безінің өзі сақталып,тек артық тері кесіліп алынып тасталады. Бұған көбінесе бездің көлемі сақталып, омырау жай ғана салбырап тұрған кезде, емізуді аяқтаған әйелдер жүгінеді. Бұл жағдайда да хирург тілік санын азайтуға тырысады.


Төс үлкейту қатерлі ісікке шалдықтыра ма?
Тамақтану гигиенасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу