Күзде қандай дерттер күшейеді?

Oinet.kz 20-01-2020 1063

Әне-міне дегенше күздің екінші айы да басталып кетті. Күн суытып келеді. Енді жұртшылық арасында түрлі аурулардың белең алатыны белгілі. Ендеше оның алдын алып, сақтана жүрген абзал. Осы орайда оқырман назарына маман кеңестерін ұсынып отырмыз.

Суықтаудан балық майы қорғайды

Күздің салқынымен бірге жететін басты дерт – суықтап ауыру. Өйткені ағза суыққа әлі бейімделе қойған жоқ, оған жұрттың жылы киімге ауысуға асықпауы да себеп.

«Күзге күндізгі және түнгі ауа температурасында бірден орын алатын ауытқулар тән, – дейді бұл жөнінде терапевт Айгүл Төребайқызы. – Мысалы, күндіз ауа 15-20 градусқа дейін жылы болып тұрса, жұрт соған шамалап киінеді. Ал таңертеңгі және кешкі мезгіл тіпті де салқын болуы мүмкін. Бұл көбіне жұмысқа, мектепке, балабақшаға баратын, одан қайтатын уақыт. Сондықтан суықтап қалмас үшін ауа райына сай киінген абзал. Мойында суыққа сезімтал рецепторлар көп, сондықтан мойынорағыш тағып жүрген дұрыс. Аяқ киімнің табаны қалың, өкшелі болғаны жөн. Өйткені бұл кезде жаңбыр жиі жауады, ал аяқтан су өтсе болды, суықтап ауырдым дей беріңіз. Жалаңбас жүруге де болмайды. Өйткені суық ауа мұрын қуысы мен тыныс жолдарын қалыптан тыс салқындатады, бұл өз кезегінде ауру тудырғыш микроағзалардың көбеюіне себепкер болады».

Дәрігер бұл кезде саламатты өмір салтын ұстанудың, толыққанды тамақтанудың, дене шынықтырудың, таза ауада серуендеудің маңыздылығын айтады. Бөлмелерді жиі желдетіп тұру керек.

«Сондай-ақ, мүмкін болса, балық майының бір курсын қабылдаған жақсы. Өйткені онда ағзаға аса қажетті Д витамині өте мол», – дейді дәрігер.

Screenshot_50.jpg

Асқазанның да ауырсынатыны бар

Күн суыта келе гастрит, гастроэнтерит, колит сияқты асқазан-ішек жолы аурулары да қозады. Мамандардың тұжырымынша, бұған маусым алмасуы кезіндегі асқазан белсенділігінің баяулауы, кілегей қабатты жаңартатын витаминдердің азаюы, асқазан қышқылының өзгеруі себеп болады екен. Бұл жөнінде гастроэнтеролог Ләззат Әлмұрзақызы былай дейді:

«Мұндайда асқазан-ішек жолында созылмалы ауруы барларға қиын. Ағзаға сәл жайсыздық тисе болды, олар бас көтеріп шыға келеді. Ал оның алдын-алу үшін күнделікті дұрыс тамақтану керек. (Аз-аздан 5-6 мәрте). Жүрек соғуы, айнуы, асқазанның ісініп-кебінуі сияқты белгілер біліне салысымен тез арада асқынудың алдын алуға кіріскен жөн. Стреске ұрынбаған жөн, өйткені ол осындай аурулардың бірден бас көтеруіне себепкер. Жүйке ширыққанда асқазанның шырышты қабатын азықтандыратын тамырлар құрысады, соның себебінен ондағы қан айналымы бұзылады да, шырыш түзілуін тежейді, сосын асқазан қышқылы қабатты тітіркендіріп, жайсыздандырады».

Бұл кезде әсіресе гастрит күшейеді екен. Мамандар көп жағдайда оны «Хеликобактер» деп аталатын қауіпті микроағзалар қабындыратынын анықтапты. Ол гастриттің асқазан обырына ұласуына жол ашады екен. Хеликобактер жеке гигиенаны сақтамайтындарға үйір болады. Ол ешқандай да белгі бермей дамиды, оны дәрігерлер көбіне гастрит немесе ойық жара кезінде ғана анықтай алады. Хеликобактерден емдеуге болады, бірақ онымен қайта ауыру да кездеседі. Сондай-ақ ол адамнан адамға жиі жұғады. Сондықтан науқастан хеликобактер анықталса, оның туыстарының да хеликобактерге қарсы арнайы емдеу курсынан өткені дұрыс екен.

Жиі қимылдауға кеңес береді

Бұл кезде тірек-қимыл мүшелеріндегі аурулар да адамды жиі мазалай бастайды. Созылмалы буын ауруларын азық пен ылғал  қоздыра түседі. Осыдан қақсап-сыздау, ісініп-домбығу, қимылдың шектелуі туындайды.

«Буын төңірегіндегі бұлшық еттер әлсіз, семген болса, онда буын суық пен зәкті, ылғалды нәзік сезінеді, қақсап-сырқырайды, – дейді травматолог Асқарбек Қамбарбекұлы. – Өйткені сүйекке азық бұлшық еттер арқылы жетеді. Ал зат алмасуы тек қана дені сау бұлшық еттерде жүреді. Бұлшық еттер әлсіз, ауру, семген болса, ол сүйекте ауру туындауына себеп. Бұлшық еттер сауықса, буын, сүйек аурулары да азаяды».

Осы орайда дәрігер мынадай жаттығулар жасап тұруға кеңес береді:

Күнделікті кемінде 10 мәртеден отырып-тұру (приседание). Кейін жағдайға қарай оны көбейтуге де болады. (Артроз (буындардың бүлінуі) кезінде «приседание» жасауға болмайды). Жалпы, отырып-тұру кезіндегі қимылға табаннан санға дейін қатысады, ол қанның аяқтан жүрек пен басқа дейін айналуына себепкер болады. Бұл денсаулыққа жақсы. (Демді ішке тартқанда – отыру, сыртқа шығарғанда тік тұру керек).

Пресс жасау. Бұл құрсақ аумағындағы ішкі ағза мүшелеріне салмақ түсіру үшін керек. Осы арқылы омыртқа да шынығады, созылады, ішкі ағза мүшелеріне массаж жасалып, құрсақ қабырғасы нығаяды. Ішкі ағзалардың төмен түсуін болдырмайды, ішектің дер кезінде  тазаланып тұруына жол ашады. Жаттығуды 20-50 мәрте жасаған дұрыс.

Қол бұлшық еттеріне арналған жаттығу (отжимание). Ол кеудеге, жүрекке, басқа да пайдалы. Денсаулығы жақсы адамға «отжимание» жасау оңай. Ал денсаулығы нашар, қарт адамдар оны үстел, қабырға арқылы, күніне оншақты рет жасап тұру керек).

Игорь Фомин, российский кардиолог: «Казахстанская медицина достигнет очень высокого уровня»
Как предупредить сезонные болезни
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу