Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Жіті ішек инфекциялары (ЖІИ) (жіті диарея (іш өту) аурулары) диарея синдромының дамуынан туындайтын үлкен аурулар тобы. Оған бактерия, вирус және т.б. қоздырғыштар тудыратын аурудың 30 түрі жатады.
ЖІИ-ге шалдығу жоғары. Оны жұқтыру қаупі ағзаға түскен қоздырғыштың мөлшеріне, оның уыттылығына, сондай-ақ асқазан-ішек жолдары қызметінің кедергілі және ферменттік жағдайы мен иммундық жүйенің белсенділігіне байланысты. ЖІИ-ге нәрестелер, шала туылған балалар, сондай-ақ қолдан тамақтанатын сәбилер тез шалдыққыш болып келеді.
Әлемде жыл сайын 1,8 миллион адам диареялық аурулардың нәтижесінде қайтыс болады, сонымен қатар мұндай оқиғалардың көбі залалды азық-түлік немесе суға байланысты деректерге жатқызылуы мүмкін. Тағамды дұрыс даярлау асқорыту жүйелерінің көптеген ауруларының алдын алуы мүмкін.
Азық-түліктердің қауіпсіздігін арттырудың бес қағидасы:
1. Тазалықты сақтаңыз
– Азық-түлікті ұстаудың, сондай-ақ оны дайындаудың алдында қолыңызды жуыңыз;
– Дәретханаға барғаннан кейін қолыңызды жуыңыз;
– Тамақ дайындау кезінде қолданылатын кез келген жерді және ас үй жабдықтарын мұқият жуыңыз;
– Азық-түлік сақтайтын және дайындайтын жерлерде жәндіктер, кеміргіш пен басқа жануарлардың болуына жол бермеңіз.
2. Жылумен өңделген азық-түліктен шикі азық-түлікті бөлек ұстаңыз
– Шикі етті, құс етін және теңіз өнімдерін басқа азық-түліктерден бөлек ұстаңыз;
– Шикі азық-түлікке бөлек ас үй құралдарын (пышақ пен тақтайды) қолданыңыз;
– Шикі мен дайын азық-түліктің араласпауына жол бермеу үшін жабық ыдыста сақтаңыз.
3. Азық-түліктерді жылумен өңдеңіз
– Азық-түлікті, әсіресе, ет, құс еті, жұмыртқа мен теңіз өнімдерін әбден жылумен өңдеңіз;
– Ыстық тағамды жақсылап қуырып, қайнатуға тырысыңыз. Дайын ет немесе құс етінің сөлінің түсі қызғыл емес, ақшыл болуы керектігін есіңізде сақтаңыз;
– Дайын тағамды кемінде 5 минут әбден жылытыңыз.
4. Азық-түлікті қауіпсіз температурада сақтаңыз
– Дайын тағамды бөлме температурасында екі сағаттан артық қалдырмаңыз;
– Дайын және тез бұзылатын азық-түліктерді кешіктірмей (5°C төмен температурада) салқындатыңыз;
– Дайын тағамды ыдысқа салғанша ыстық (60 °C жоғары) күйінде сақтаңыз;
– Тағамды тіпті тоңазытқышта да ұзақ сақтамаңыз;
– Азық-түлікті бөлме температурасында ерітпеңіз.
5. Қауіпсіз су мен қауіпсіз шикі азық-түлікті тұтыныңыз
– Таза суды немесе оны тазартып қолданыңыз;
– Балғын және пайдалы азық-түлікті таңдаңыз;
– Қауіпсіздігін арттыру мақсатында өңделген азық-түлікті, мысалы пастерленген сүтті таңдаңыз;
– Жеміс пен көкөністі, әсіресе шикідей тұтыну алдында жуыңыз;
– Пайдалану мерзімі аяқталған азық-түлікті қолданбаңыз.
Егер де ішіңіз ауырып, жүрегіңіз айнып, тәбетіңіз тартпай, ыстығыңыз көтеріліп, ішіңіз өтіп өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, дереу дәрігерге көрініңіз, өздігіңізден емделмеңіз!
Есіңізде болсын! Осы ережелерді сақтасаңыз – өз денсаулығыңызды сақтағаныңыз!
М.БЕРДАЛИЕВА,
№3 Шымкент қалалық емханасының терапевт дәрігері