Тазалық жоқ жерде ауру көп
Жедел ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады.
Ауру ағам, су және тұрмыстық байланыс, кейде ауа-шаң-тозаңы арқылы іске асатын нәжісті-оральдық жолдармен беріледі. Факторлары науқас адам арқылы залалданған тағам, су, күнделікті пайдаланатын бұйымдар, ойыншықтар болып табылады. ЖІИ-ді жұқтыруға өмірдегі антисанитарлық жағдай, жеке тазалық ережесін сақтамау, дұрыс сақталмаған немесе дайындалмаған залалды азық-түлікті тұтыну ықпал етеді. Ішек инфекциясы – жұқпалы ауру. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп сыртқы ортаға тарайды.
Аурудың алғашқы белгілері: Іштің жиі-жиі сұйық болып өтуі, дене қызуының көтерілуі, емшектен бас тарту, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретіне қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Науқаста қайталамалы құсық, іш өткен сайын баланың жағдайы ауырлай түседі. Өйткені, организм өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса дәрігерге көрінуі керек!
Алдын алу шаралары: Ішек инфекциялары бұрынғы заманнан бері кір қолдың ауруы деп аталып келіп, онымен салақ адамдардың жиірек ауыратындығы дәлелденген. Шынында біз күн сайын күні бойына қолымызбен айналадағы кір заттармен жанасамыз, айтар болсақ, қоғамдық көліктерде тепе-теңдікті сақтау үшін тұтқаны ұстаймыз, неше түрлі адамдар ұстаған қоғамдық мекемелердің есік тұтқасын ұстаймыз, дүкендерде сауда жасағанда сатушымен, көліктерде кондуктормен есеп айырысамыз, ақша санасамыз, таныстарды көргенде қол беріп амандасамыз. Осыдан келіп, «жұмыстан, серуендеуден үйге келгенде, тамақ дайындаудың, ішердің алдында, сондай-ақ балалармен ойнарда және оларға күтім жасағанда қолыңызды сабындап мұқият жуыңыз» деген қарапайым ережелер туындайды. Осындай қарапайым ережемен Сіз өзіңізді де және отбасы мүшелерін де әртүрлі инфекциялардан қорғай аласыз.
Жіті ішек инфекциясының алдын алу жөніндегі шаралар, соның ішінде қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету, жетілдірілген санитарияны қолдану және қолды сабынмен жуу аурудың қаупін төмендетуге ықпал етеді.
Ш.КОЖАКОВА,
№1 Шымкент қалалық емханасының СӨСҚ дәрігері