Ит асыраудың денсаулыққа қандай пайдасы бар?

Oinet.kz 01-01-2020 1865

Қатерлі дерт, созылмалы аурулар әдетте жеңіл емге көнбейді. Айлап, жылдап ішетін дәрілер мен түрлі терапиялар адамды қажытып жіберетіні рас. Дәрігерлер мүмкіндігі шектеулі жандарды емдеуде тек дәрі-дәрмекке ғана жүгінбейді, сондай-ақ оларға жануарлар да көмекке келуі мүмкін. Мұндай әдіс «пет-терапия» деп аталады.     Медицинаның баламалы ем түрі саналатын аталмыш әдіс “Пациенттерді үй жануарының көмегімен емдеу” дегенді білдіреді. 

Қазақстанда пет-терапияның кейбір түрі қолданылады. Ал шетелдік пациенттерге бұл ұғым таңсық емес. Себебі Еуропа медицинасында науқастарды  үй жануарларымен емдеу кеңінен етек жайған. АҚШ-та тіпті “Pet Therapy International” деген халықаралық ұйым жұмыс істейді. «Пет-терапия» бірнеше салаға бөлінеді: иппотерапия (атпен емдеу), канистерапия (итпен емдеу), дельфинотерапия (дельфинмен емдеу), фелинотарепия (мысықпен емдеу), апитерапия (араның уымен емдеу), энтомотерапия (әр түрлі жәндіктермен емдеу). Жан-жануарлар көбінесе сал ауруы, Даун синдромы, аутизм, психологиялық ауытқулар, тірек-қимыл ауруларында көмекке келе алады. «Пет-терапия» қайдан шықты және төрт аяқты мақұлықтар расымен де жұмыр басты пендені дертінен айықтыра ала ма? Ғалымдар жануарлардың адам денсаулығына қаншалықты оң әсер етенін әлі де зерттеу үстінде. Оқымыстылардың айтуынша адам жануарлармен қарым-қатынас жасағанда ағзадан эндорфин көп мөлшерде бөлінеді екен. Ал эндорфиннің ауыруды, стрессті, қобалжуды басып, көңіл-күйді көтеретін қасиеті бар. 

Screenshot_2.jpg

Ит үйіңізді ғана күзетпейді…

Балалар психиатры Борис Левинсон Нью-Йорк қаласында әдеттегі жұмыс орнында аутизмге шалдыққан балаларды емдеумен айналысып жүреді. Джонни есімді 9 жастағы ұлдың денсаулығы оны қатты алаңдатты. Себебі балақайға бірнеше жылдық ем  қонбады. Бірде кішкентай пациенттің көзі кабинеттің бұрышында жатқан дәрігердің Йофи атты итіне түседі. Левинсон баланың үй жануарымен ойнай тұрайыншы деген өтінішінен бас тарта алмады. Ит пен науқастың арасындағы достық күннен-күнге нығая берді. Дәрігер үнемі жабырқаулы жүретін, өздігінен жер басып жүре алмайтын балақайдың итпен тез тіл табысып, ақыл-есінің дұрысталып келе жатқанын байқайды. Уақыт өте келе Джоннидің психикасының ауытқуы қалпына келе бастайды. Осы оқиғадан кейін психиатр итті өзіне «көмекші» етіп алады да, өзге балаларды емдеуге кіріседі. Нәтижесі жаман болған жоқ. Бұл 1964 жылы болатын. Алайда бұл жаңалықты алғашқыда қор көріп, мазақ еткендер табылды. Дегенмен, 1977 жылы Левинсонның терапиясын Огайо штатының психиаторлары  Сэм және Элизабет Корсондар өз тәжірибелеріне енгізді. Штатта алғашқы канистерапия  кабинеті ашылады. Уақыт өте келе зоотерапияның адамға пайдасының бар екеніне жер шарының түкпіріндегі дәрігерлер көз жеткізе бастады. Бүгінде АҚШ-та “Therapy Dogs” атты бір ғана ұйымда 12 мыңнан астам ит-терапевттер жұмыс істейді екен. 

Канистерапия АҚШ, Германия секілді мемлекеттерде көп қолданылады. Итті үй ішінде асырауға құмар келетін көрші ресейліктер де «үй күзетшісін» медицинада әжете жаратып келеді. Ресейде балаларды итпен емдеу сәнге айналған десе де болады. 

Ал Қазақстанда канистерапияны алғаш рет қолданысқа енгізген атыраулық Ерлан Күмісқалиев «Атырау – маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Қазіргі уақытта бас миы мен жұлыны зақымдалған балаларға қолдау көрсету орталығын басқарады. Бұған дейін фельдшер-акушер болып қызмет істеген азамат аутизмге, психикалық дамуы кешеуілдеген және церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды лабрадор тұқымды иттерімен бірнеше жылдан бері емдеп келеді. Күмісқалиевтің айтуынша, төрт аяқты достарының қасында балалар анағұрлым жайбарақат, өздерін жатсынбай, еркін сезінеді екен. Иттер ұзаққа созылған торығудан және психикалық даму проблемасынан құтылуға көмектесетін көрінеді. Орталықтан бүгінге дейін 180-ге жуық отбасының балалары оңалтудан өтіпті. Негізгі контингент (80% жуығы) – аяқ-қолдары бар екенін білмейтін балалар (сезімталдық жоқ). Игі бастаманы қолға алған азамат өкінішке қарай соңғы сұхбаттарында орталықтың енді жұмыс істемейтінін айтқан болатын. Оның айтуынша емші төбеттерге күтім жасаудың өзі біраз қаражатты талап етеді екен. 

Қатерлі ісіктің қалай алдын-алуға болады?
Ат асыраудың денсаулыққа пайдасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу