Әлемдегі ең ірі бизнес - фармацевтика

Oinet.kz 22-12-2017 1753

Әлемдегі ең тиімді бизнес – мұнай-газ да емес, құнды металл немесе машина жасау емес,  фармакология екенін сарапшылар бір ауыздан мойындап отыр. Тіпті дәрі-дәрмек бизнесін заңсыз қару-жарақ саудасы мен есірткі бизнесімен бір қатарға қояды.  Бұл нарықтың барған сайын   гүлдене беруіне әсер ететін бірнеше фактор бар. Жер бетінде адам санының  көбеюі  фармкомпания «клиенттерінің» де көбеюін білдіреді.  Оның үстіне, кедей адамдар үшін дәрі-дәрмек асатып алуға мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың қаржысы да жиі жұмсалады. Соғыс жағдайында да, бейбітшілік кезде де дәрілік препаратқа деген сұраныс кез-келген елде де жоғары болары сөзсіз. Тіпті экологиялық проблемалар, сапасыз азық-түлік өнімдері де фармацевтикалық өндірушілердің жағдайын жақсарта түседі. Себебі, тұрғындардың денсаулығы нашарлап, түбінде олар дәрі-дәрмекке жүгінуге  мәжбүр болады.   

Screenshot_20.jpg

Базбір сарапшылар мынадай да теорияны алға тартуда: «Табысы жыл санап өсіп отырғанына қарамастан фармацевтикалық нарықтың ойыншылары өзара жасырын келісімге келіп, енді ауруды емдеумен емес, тек аурудың симптомдарын жоюмен шұғылдануда. Осылайша, кез-келген адам фармацевтикалық компаниялардың тұрақты клиентіне айналады». Бәлкім, бұл сөздің де жаны бар шығар.  

«Evaluate Pharma» халықаралық сараптамалық компаниясының зерттеуі бойынша, былтыр әлемдік фармацевтикалық нарықтың көлемі 1 триллион 158 миллиард долларға жеткен. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 6,3 пайызға артық.  Осындай деректерге негізделе отырып сарапшылар алдағы жылдардағы дәрі-дәрмектер  нарығының  даму қарқынына қатысты болжам жасады. 

Алпауыт нарықтар 

Әлемдегі ең үлкен фармацевтикалық нарықтар – АҚШ, Қытай жіне Жапонияда шоғырланған. Фармацевтика саласы әу бастан-ақ саясатпен тығыз байланған. Мәселен,   АҚШ-тағы билік басына Дональд  Трамптың келуі  американдық фармакология үшін жағымсыздау фактор ретінде бағаланды.  Себебі, Трамп сайлау алды бағдарламасында американдық денсаулық сақтау жүйесінің құрылымын өзгертуге, сонымен қатар дәрі-дәрмек бағасы өсімін шектеуге уәде берген еді. Әйткенмен, әзірше бұл уәде бос сөз күйінде қалып тұр. АҚШ фармакологиялық нарығы жыл сайын өсіп келеді. Бүгінгі таңда оның жалпы көлемі 434 миллиард долларға бағаланып отыр. Дегенмен, алдағы уақытта американдық нарықтың өсісім баяулап, 4 пайызға дейін азаятыны  күтілуде. 

Қытайдың дәрі-дәрмек нарығы АҚШ-тағыдан да жоғары қарқынмен дамып келеді. Былтырғы көрсеткіш 156 миллиард долларға жеткен. Біраздан бері Қытай елінің басшылығы қоршаған ортаны қорғау мен халқының денсаулығын стратегиялық даму мақсаты ретінде айқындады. Демек, бұл медициналық сақтандыруға қатысушы клиенттердің санын арттырады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау мен тұрғындарды дәрімен қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындар да анағұрлым күрт арта түспек. Сарапшылардың  пікірінше, 2020 жылға қарай  Қытайдың денсаулық сақтау саласындағы шығындары 900 миллиард долларға жетпек. Яғни, фармацевтикалық нарықтың көлемі жөнінен «Аспан асты елі» АҚШ-тан басып  озады. 

Әлемдік рейтингтегі үшінші орын Жапонияға тиесілі. Бұл елде  дәрі-дәрмек сатып алуға былтыр 119 миллиард доллар жұмсалған екен. Жапон елінде қартайған адамдардың үлесі жыл санап өсіп келе жатқандықтан, үкімет денсаулық сақтау жүйесінің шығындары азайтуға бел буып отыр. Бұл реттегі басты бағыттардың бірі генерикалық препараттардың үлесін қазіргі 60 пайыздан  2020 жылға қарай 80 пайызға жеткізу көзделуде. Жақын жылдарда  Жапония дәрі-дәрмек шығындары есебінен 9,7 миллиард доллар үнемдеуді жоспарлауда. 

Фармацевтикалық компаниялар дамушы елдерді бірнеше аймаққа бөліп қарайды. Мәселен, «Pharmerging markets» тобына 21 мемлекет біріктіріліпті. Ондағы басты критерийлер - елдің ішкі жалпы өнімі мен фармацевтикалық нарығының көлемі. Соған сәйкес бұл топтың өзі үш шағын топқа жіктелген. Алғашқы топқа жалғыз  Қытай кіреді. Алпауыт мемлекеттің бір өзі өзге топтардағы ірі мемлекеттерден көлемі жағынан асып түседі. Екінші топқа Бразилия, Үндістан мен Ресей жатқызылса, үшінші топқа Польша, Аргентина, Мексика, Түркия секілді елдер жатады.  Фармацевтикалық нарықтың жоғары өсімі осы топтың еншісінде. «Pharmerging markets» фармацевтикалық нарығының жалпы көлемі қазір 362 миллиард долларға  бағаланып отыр. Бұл әлем нарығының 31,3 пайызы. Дамыған елдерге қарағанда мұнда генериктердің үлесі басым. Соның өзінде генериктер брендтік және брендтік емес болып екі топқа бөлінеді. Ал Еуропа мен АҚШ-тағы даму негізінен инновациялық препараттар арқылы жүзеге асуда. 

«Түпнұсқалық дәрілік препараттарға қауіп төніп тұр»

Бұған генериктер мен биосимилярлардың көбеюі әсер етеді. Сарапшылардың болжамына сәйкес, алдағы уақытта түпнұсқалық препараттардың сатылымы 90 пайызға дейін азаяды, себебі генериктер олардан 80-85 пайызға арзан болуы мүмкін.  Биосимилярлардың әсері бұдан анағұрлым аз, өйткені түпнұсқалық дәрімен салыстырғандағы баға айырмашылығы 15 пайыздан аспайды. 

Дәрі-дәрмектерді шығарудағы алпауыт корпорациялар бұрыннан қалыптасқанымен, ең ірі өндірушілердің рейтингісі өзгеріп отырады.  Жуырда жарияланған әлемдік рейтинг осыны айғақтайды.   

2017 жылғы дерек бойынша, әлемдегі ең ірі фармацевтикалық компания – американдық Pfizer 50 миллиард доллардың дәрі-дәрмегін сатып үлгерді. Үздік үштікке екі швейцариялық компания  - Novartis пен Roche еніп отыр. Олардың көрсеткіші 42,5 миллиард доллар. Рейтингтегі төртінші орын Францияның  Sanofi компаниясы – 40 миллиард доллар. 5-6 орындарға 35,7 миллиард доллар сауда айналымымен американдық қос компания  - Merck&Co.  Және Johnson&Johnson жайғасты.  Ең ірі фармкомпаниялардың ондығына GlaxoSmithKline, AbbVie, Gilead және Teva секілді өндірушілер енгізілді.

Сарапшылар алдағы жылдарда Gilead компаниясы гепатитті емдеу препараттарын шығару арқылы  өз позицияларын күшейтетініне, сонымен қатар алғаш рет осы рейтингке Израильдің Teva компаниясының да кіргеніне назар аударуда.  

Бір кездері нарықты өз уысында ұстап отырған AstraZeneca, Bristol-Myers Squibb және  Eli Lilly секілді әйгілі өндірушілер ең ірі фармацевтикалық компаниялардың тізімінен біржола шығып кетті.  Олар 2017 жылдың қорытындысы бойынша сәйкесінше 13, 14 және 15-орындарға жайғасты. 

Қазақстанда  Sanofi көш бастап тұр

Қазақстан – фармацевтикалық өнімдердің импортына аса тәуелді ел. Отандық нарықтағы дәрі-дәрмектердің 88 пайызы сырттан жеткізіледі. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынң ұсынымдарына сәйкес, әр ел өзі тұтынатын дәрі-дәрмектерінің кемінде 25 пайызын шығаруы тиіс екен. Олай болмаған жағдайда био және фармакотерроризм қаупі пайда болады.  

Қазақстанның фармацевтикалық нарығында  соңғы жылдарда бірқатар өзгерістер орын алуда. Бұған бірінші кезекте ұлттық валютаның тұрақсыздығы әсер етті. Отандық нарықта дәрілік препараттардың сату жөнінен sanofi –aventis компаниясы көш бастап тұр. Бүкіл нарықтағы қаражат айналымы төмендеген уақытта бұл компанияның саудасы 7 пайызға өскен. Қазақстанның фармацевтикалық нарығының 5  пайызы осы өндірушінің үлесінде.  Рейтингтегі екінші орынға британиялық GlaxoSmithKline шықты. Алдыңғы рейтинге ол бесінші орында тұрған еді. Үздік үштікті отандық компания  - Santo қорытындылап тұр. 

Еліміздегі ең жиі сатылатын дәрілік препараттардың атаулары да белгілі. Бұл рейтингтің бірінші орнында Виферон бренді тұр (нарықтағы үлесі – 0,88 пайыз). Актовегин екінші орында (0,8 пайыз) болса, Терафлю үштікті қорытындылады. 

Әйелдер ерлерге қарағанда ұзақ жасайды
​Мейірбикелер жайлы фактілер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу