Әлем елдерінде науқасты қабылдауға қанша уақыт кетеді?

Oinet.kz 14-12-2019 1415

Әр ел медицинасының өз стандарттары бар. Терапевтің қабылдауына келген науқас адамның хал-жағдайын сұрап, қарау үшін, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмек немесе қан талдауына жолдама қағаз жазу,   диагностикалық шараларды жүргізу, пациентке  симптомдардың пайда болу себептері мен кеңес беру үшін  дәрігерге уақыт керек. Сонымен қатар бақылау барысында байқағандары мен кеңестерін ауру тарихына жазып та үлгеруі тиіс. Кейбір елдерде мұның барлығына санаулы минуттар ғана беріледі. 

Кейде терапевт дәрігердің жұмысына пациенттердің көңілі толмай қалады. Себебі,  оған маманның бөлген уақыты  аз болып көрінеді немесе  дәрігердің қабылдауындағы ұзын-сонар кезек жүйкесін жұқартады. Осы тұрғыда бастапқы қабылдау мәселесінің әлем елдеріндегі жай-күйіне шолу жасап көрелік. 

Screenshot_7.jpg

АҚШ

Америка құрама штаттарында дәрігердің стандартты қабылдау уақыты 15 минут ретінде бекітілген. Алайда, экс-президент Барак Обаманың жүргізген денсаулық сақтау саласындағы реформасынан соң жағдай біршама өзгерді. Медициналық сервис ең кедей тұрғындар үшін бұрынғыға қарағанда қолжетімді болғанымен, бұл медицина саласына қосымша жауапкершілікті жүктеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл қызмет көрсету сапасының төмендеуіне әкеп соғады. Кейбір медициналық мекемелердегі пациентті қарауға берілетін уақыт 11 минутқа дейін азайды   

– Науқас адамды қабылдау кезінде дәрігер сағатқа жиі қарайтын болды, – дейді медицина тарихы жөніндегі маман Дэвид Ротман. – Әлбетте, бұл дәрігер мен пациенттің қарым-қатынасына әсерін тигізеді. Маманның дұрыстап көңіл бөлмей, сағатына қайта-қайта жалтақтауы пациенттің сенімсіздігін туғызады. Ал дәрігерге деген сенім болмаса, емделу мен аурудың алдын-алу жайлы әңгімені қозғаудың өзі артық. Біз жүргізген сауалнамалар көрсеткендей, дәрігер мен пациенттің арасындағы белсенді диалог келмеске кетіп барады. Науқастардың басым бөлігі медицина қызметкерінің кабинетінен көңілі толмаған күйде шығады. 

Көп жағдайда дәрігерлер пациентке аурудың шығу себептерін, денсаулықты қалай жақсартуға болатынын, өмір сүру салтын өзгерту жайлы кеңестерін тәптіштеп түсіндіріп отырғаннан гөрі дәрі-дәрмекті жазып құтылуға тырысады екен. Американдық отбасылық дәрігерлер қауымдастығының президенті Рейд Блэквельдердің айтуынша, емдеушінің бұдан басқа амалы жоқ.

– Шығындардың орнын жабу үшін дәрігер бір сәтке де тыным таппай жүгіруге мәжбүр. Сонда ғана персоналға төлейтін ақшаны да, өзіне тиісті жалақыны да алады, – дейді Блэквельдер.  

Ұлыбритания

Ұлыбританиядағы жалпы практикадағы дәрігерлердің көңіл күйі бұдан да түсіңкі. Бір жағынан алғанда, бұл түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Өйткені  АҚШ-та 1000 адамға 2,46 дәрігерден келсе, Англияда бұл көрсеткіш тек 2,81-ді құрайды. Алайда, мәселе адам санында емес, науқастардың дәрігерлерге бару жиілігінде секілді. Американдықтарға қарағанда британдықтар медициналық мекемеге тексерілу үшін жиі барады екен. АҚШ-тың әр тұрғыны терапевтке жылына орта есеппен 4,1 рет көрінсе, ағылшындар 5 рет қаралады. Көп жыл бойы британдық дәрігерлер науқасты қабылдауға берілген  уақытты 8 минуттан арттыруға талпынып келді. Олар үшін американдық терапевтке берілген 15 минут тіптен арманға айналды. 

Ұзақ жылдық талас-тартыстың нәтижесінде Англиядағы ұлттық стандарт ретінде 10 минут бекітілді. Кейбір медициналық мекемелер «біз науқастарымызға 12 минуттан бөлеміз» деп  мақтанатынды шығарды.   Кейбір ағылшын дәрігерлері  мынадай тәсілге де көшті: науқас адамға ыңғайлы уақыт белгіленсе, қабылдаудың ұзақтығы 10 минутты құрайды. Ал келушілер саны аз, сұранысы төмендеу азаңғы уақыттарға жазылса, дәрігер пациентке 15 минутын арнауға дайын. 

Ұлыбританиядағы дәрігерлердің жұмысын жеңілдететін кейбір факторларды да атап өткен жөн. Бұл елде дәрігер мен пациенттің арасында телефон арқылы консультация жүргізу де кеңінен таралған. Кейде осылайша консультация берудің өзіне де арнайы уақыт белгіленеді. Бұл тәсіл пациент үшін де ыңғайлы. Себебі дәрігерге қаралуды қажет етпейтін, тек дәрінің қабылдау мөлшері немесе жанама әсері жайлы ақыл-кеңесіне мұқтаж кездер де туындайды. Немесе пациент жедел жәрдем шақыратындай дәрежеде болмаса өзін нашар сезінген жағдайда телефон арқылы дәрігердің консультациясын алуы ең дұрыс шешімге айналады. Мұндай кезде пациентті   телефон арқылы бірден терапевтке қосады. 

Ұлыбританиядағы дәрігерлердің науқастарды қабылдау барысындағы тағы бір ерекшелік: терапевтке жолығардан бұрын пациентке медбикемен 15 минуттай кеңесіп, өзін мазалаған сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік беріледі. Оның айтқан сөздерін негізге алып, медбике жазбаша түрде дәрігерге жеткізеді. Бұл маманның уақытын үнемдейді.  

Франция мен Германия

Әлбетте, әлем елдеріндегі денсаулық сақтау жүйелерінің рейтингін әзірлеу өте қиын іс. Себебі мұнда критерийлердің өздері де әртүрлі. Әйткенмен, әлем медиктері Франция мен Германиядағы медициналық қызметтің жұмысын аса жоғары бағалайды.  Бұл елдердегі жалпы практика дәрігерінің қабылдау уақыты 20 минутқа созылады. Әлбетте, бұл да жеткіліксіз болатын жағдайлар кездеседі. Әйткенмен осы мерзім ішінде пациенттің хал-жағдайын біліп, түсінуге және соған сәйкес емдеу шараларының жоспарын жасауға мүмкіндік бар. Айта кетерлігі, Германияда 1000 пациентке 4, Францияда 3,3 дәрігерден келеді. 

Германиядағы жалпы практика дәрігерлері пациенттердің үйлеріне де барып қарайтын кездері болады.  АҚШ пен Ұлыбританияда мұндай үрдіс жоқ. Неміс терапевттері әсіресе қарт немесе мүгедек пациенттерге жиі барады. Сол келгенінде отбасының өзге де мүшелерінің денсаулығына көңіл бөледі. Әрине, мұндай кездер үшін дәрігерлік қабылдау уақытының стандарты қарастырылмаған. 

Израиль   

Израильдегі отбасылық дәрігерлер аптасына орта есеппен 160 пациентті қабылдайды. Қаралушылар көп болғандықтан терапевтің науқас адамға бөлетін уақытысы көбінесе 11 минутпен шектеледі. Педиатрлардың жұмыс істеуіне көбірек уақыт беріліпті: әр бүлдіршінді қарауға 13,5-14 минут бөлінген. Яғни, аптасына 120-130 бала.  

Ресей

Көршілес елдегі жағдай соңғы жылдары өзгерді. Алдын ресейлік терапевтке тек 12 минут берілетін, ал педиатрлардың нормасы тіптен аз – 9 минут болған. Жуырда қабылданған жаңа нормативке сәйкес терапевт маманға 15 минут, кардиологқа 24 минут, стоматологқа 44 минут уақыт беріліпті. Бұл нормативтер қабылданып бекітілгенімен дәрігерлердің басым бөлігі «бұл уақыт жеткіліксіз, себебі уақыттың дені құжат толтыруға кетеді» деген  пікірді ұстануда. «Здоровье» атты қор жүргізген сауалнамаға қатысқан 8500 ресейлік медиктің басым бөлігі «терапевттер мен педиатрларға пациентке дұрыстап көңіл бөлуі үшін 30 минут қажет» деген пікірді айтқан. Әйткенмен, Ресей Федерациясының денсаулық сақтау министрлігі бұған аса құлақ аспады. Ал қағазбастылыққа қатысты «дәрігер өзіне толтыру  берілген уақыттың тек 35 пайызын құжат толтыруға жұмсай алады» деген жауап берілді. 

Қазақстан

Бізде де нормативтердің жаңарғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Ескі норматив бойынша терапевттің қабылдауы 10 минут, гинекологтікі 15 минутпен шектелетін. Әлбетте, іс жүзінде бұл уақыт жетпейтін, көп жағдайда дәрігерлер пациентті дұрыстап қарап, диагноз қою үшін көбірек көңіл бөлуге мәжбүр еді.  Қазір терапевтке 15 минут, лорға 16 минут, невропатолог пен гинекологқа 22 минуттан беріледі. 

Саумал мен қымыздың пайдасы мол
Ішімдік зияны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу