Жұмыртқаның жаңа қасиеті анықталды
Ғалымдар тауық жұмыртқасын зерттеген сайын, оның таңғажайып қасиеттері таныла береді екен. Жуырда ғана американдық бір топ ғалым терең зерттеу жүргізе келе пісірілген жұмыртқаның бала денсаулығының жұмысына оң әсерін тигізетінін анықтады. Дәлірегі, бұл табиғи өнім бүлдіршіннің ақыл-ой кемтарлығына ұшырау қаупін азайтып, ағзаның дамуын жеделдете түседі, сүйек тіні (костная ткань) ауруларының алдын алуға септігін тигізеді. Бұған дейін жұмыртқа қабығының да пайдалы тұстары дәлелденген болатын.
Одан жасалған ұнтақ сүйектің берік болуына, тірек-қимыл аппараты ауруларының алдын алуға әсер ететіні белгілі.
Әуелгі теориялық болжамдарын растау үшін ғалымдар ғылыми сынақ өткізу жайлы шешім қабылдады. Айта кетерлігі, практикалық ізденістер тек жасы 6-9 айлық бүлдіршіндер арасында жүргізілген. Барлық қатысушылар екі топқа бөлінді. Алғашқы топтың күнделікті рационына бір-бір пісірілген жұмыртқа қосылып отырды, екінші топтағыларға жұмыртқа берілмеді. Осылайша, күнделікті жұмыртқа тұтынатын балалардың өсу қарқыны екінші топтағыларға қарағанда бір жарым есе артық екені анықталды.
Әйткенмен, солай екен деп бүлдіршінге жұмыртқаны шектен тыс көп берудің де қажеті жоқ. Оның пайдасы тек таразыланған рацион сақталғанда ғана сезіледі.