Шөлді басатын сусындар
Күн ысығанда адам салқын су ішіп, шөлін қандырғысы келеді де тұрады. Бірақ, суды беталды іше беруге болмайды. Сусынды дұрыс таңдай білу маңызды. Себебі, кейде қанша су ішсең де ағза оны қабылдай алмайтын жағдайға жетеді. Бұл тұрғыда мамандар шөлді мейлінше қандыратын сусындарыдң тізімін жасап шығарды.
1. Наннан жасалған квас
Әңгіме нағыз табиғи, құрамында консерванттары жоқ квас хақында. Осы талапқа жауап беретін квас өте пайдалы сусын болып табылады. Оның құрамында амин қышқылдары, фосфор, магний, кальций мен В тобының витаминдері көптеп шоғырланған. Квас бойыңызды сергітіп қана қоймай, ағзаңыздағы зат алмасу процестерін жеделдетуге жәрдемдеседі. Сондай-ақ, бұл сусын асқазандағы микробтардың көбеюін тежейтін заттарға да бай.
2. Мүкжидектен жасалған морс
Мүкжидектің (клюква) емдік қасиеттері жайлы мамандар жақсы біледі. Одан жасалған сусынның калориясы аз да витамині көп болады. Аптап ыстықта мүкжидек морсы сізге сергектік сыйлай алатынына күмәніңіз болмасын.
3. Көк шәй
Тіпті жылы шәйдің өзі күн ысығанда шектен тыс тершеңдіктен құтқарып, ағзаға ширақтық дарытатынын мамандар әлдеқашан дәлелдеген. Оның үстіне, көк шәй терморегуляцияның жақсаруына да септігін тигізеді. Ал жаздың күні тек салқын су ішуге дағңдыланғандар шәйға аздап мұз қосса болады.
4. Айран
Ашымал сүт өнімдерінің құрамында шөлді басатын органикалық қышқылдар бар. Оның үстіне, оларды қорыту да ағзаға қиындық тудырмайды. Мәселен, бір сағат ішінде айран толықтай, ал сүттің тек үштен бір бөлігі қорытылады екен. Ал пайдалы бифидобактериялармен байытылған айран шөлді ғана баспай, ішек микрофлорасын қалпына келтіруге жәрдемдеседі.
5. Жаңа сығылған шырын
Көп жағдайда энергия мен витаминдер қорын қалпына келтіріп, минералдық балансты реттеу үшін жаңа сығылған шырынның бір стаканы да жеткілікті. Оның үстіне, сіздің сүйікті жемісіңіз бен көкөністен жасалған мұндай шырын нағыз антидепрессант болып табылады.