Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
«Бірінші байлық – денсаулық» деп қазақ текке айтпаған ғой. Денсаулық болмаса, адамның өмірінің еш мәні қалмайды. Ондай адам жұмыс істемейді, емхана жағалап, тапқан-таянғанын дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсайды. Одан қалды, жанашыр жақындары жағдайына алаңдап, мазасы кетеді. Бүгінде, өкінішке қарай ауру көп. Жас та, кәрі де түрлі дертке шалдығып, аурухана табалдырығын тоздырып жүр. Біздің ойымызша, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың амалын іздеген дұрыс.
Бұл орайда, салауаттылықты ұстанып, ұйқы мен тамақтану тәртібін сақтау маңызды екені мәлім. Сондай-ақ, түрлі дерттің алдын алуға мүмкіндік жасайтын кәсіби кеңестердің де пайдасы зор.Ал аурудың алдын алу бойынша немесе айтқан жерден аулақ, ауыра қалсаңыз кәсіби түрде кеңес беретін адам табу қиын. Емделудің тиімді жолын қарастырып, таныс дәрігер, атақты тәуіп, емші... іздейтіндер көп. Ғаламторды жақсы меңгерген буын түрлі сайттардан сұрайды. Көкжәшікке телміріп, танымал теледоктордан керек кеңесті еститіндер де жетерлік. Мұң-мұқтажыңды бас көтермей қағаз толтырып тыңдайды да үйіп-төгіп дәрі жазып беретін дәрігерден, тәуір болып кететініңізге кіргеніңізден шыққаныңызға дейін сендіруге тырысатын тәуіптерден көңілі қалған науқас басқа ақпарат көздеріне жүгінеді. Міне, осы орайда, қазақстандық телеарналар немесе электронды ақпарат құралдары көрші ресейлік әріптестерінен әлдеқайда кейін қалып отыр.
Медицинаның жетістіктерін, жаңашылдықты, салауаттылықты, дәрі-дәрмектердің пайдасы мен зиянын, жалпы ауырмаудың амалдарын насихаттайтын бағдарламалар біздің елде жоқтың қасы. Барының сапасы сын көтермейді, яғни жалаң да жалпылама, жалықтыратын дүниелер. Көрерменін тарта қоймайтын хабарлар. Көпшілік біле бермейтін бағдарламалар. Мысалы, барлық облыстық деңгейдегі телеарналарда «Денсаулық» хабары бар. «Hit.tv»-да «Сау бол», КТК-да «Я стесняюсь своего тело» секілді телевизиялық, медициналық бағдарлама бар. Алайда осылардың барлығы ресейлік терапевт, педагог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Елена Малышеваның «Здоровье» және «Жить здорово!» бағдарламаларына жете алмайды. Ресейдің «Бірінші каналынан» және «Россия» радиосынан берілетін бұл хабарлардың қазақстандық көрермені мен тыңдарманы өте көп. Қайбір жылы «Денсаулық» хабарының тұрақты жүргізушісі Елена Малышева әр жексенбіде әйел¬дер, ерлер, отбасы арасында семіздікке қарсы арнайы бағдарлама ұйымдастырды. Ең көп салмақ тастаған азаматтар арасында 1 миллион рубль бәйге де жариялады. Сондай-ақ, белгілі бір дерттің алдын алу, тиімді емдеу жолдарын қамтитын бағдарламалары өте танымал. Тағы бір телеарна денсаулықты нығайтуға қажетті жаттығуларды жиі насихаттаумен айналысады. Бүгінде елімізде ресейлік доктор С.Бубновскийдің, профессор И.Неумывайкиннің кеңестері бойынша тұрақты жаттығулар жасайтындар қатары өсуде. Дәл осы секілді үрдісті Қазақстанда да қолға алу қажет-ақ. Жоғарыда аталған ресейлік дәрігерлер қазақстандықтарға өте танымал.
Еліміздегі тәжірибелі, атақты дәрігерлеріміз де ауырмаудың амалын айтып, кеңестерін беріп жүр. Мысалы, Қазақ тағамтану академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов дұрыс тамақтану, астың пайдасы мен зияны жөнінде жиі айтады. Ал, хирург-педиатор, академик Камал Ормантаев соңғы жылдары жабылып қалған педиатрияны қайта ашу мәселесін көтерді. Сондай-ақ, ол дәрігерлерді 7 жыл оқытуға кеңес береді. Академиктің айтуынша, бес жылы – жалпы білім алатын кезең болса, қалған екі жылда мамандығы бойынша даярлануы қажет, бұдан кейін диплом алып, жұмысқа кіріссін, дәрігерді 11 жыл оқытатын мүмкіндік жоқ. Тағы бірқатар медицина саласындағы атақты докторларымыз дәрі-дәрмектерді жарнамалаудан әрі аса алмай келеді. Дәрігерлердің көтеріп жүрген, айтып жүрген кеңестері дұрыс-ақ. Бірақ, тар шеңберде, яғни ресейлік телеарналар мен сайттардағыдай көп мәселені қамти алмайды. Жасыратыны жоқ, әншілері мен әзілкештері көп қазақстандық телеарналарда жұрт асыға күтетін немесе керек кеңесін алатын медициналық танымдық-тағылымдық бағдарламалар жоқ. Бұл орайда елімізге Е.Малышева секілді теледокторлар қажет болып-ақ тұр.
Жанат Әленов,
Оңтүстік Қазақстан облысы