СПИД (ЖИТС) - мінез-құлықтың ауруы
Бұрын біз АИТВ-ны көбіне нашақорлар арасында кездеседі деген байлам бойынша жүрдік. Қазір бұл ауруды жыныстық қатынас арқылы яғни некесіз, бейәдеп, кездейсоқ кез келген қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы көптеп таралатынын білдім. Біздің Үкіметіміз оған қатты көңіл бөліп отырғанын айтпай кетуге болмайды. Бірақ, халық арасында осынау індет кең таралып бара жатыр. Осыны алдын алу мақсатында, ЖИТС/CПИД орталығының мамандарымен бірге түнгі көшелерді, қонақүйлер мен сауналарды аралап, жеңіл жүрісті қыздармен жиі сөйлесіп те көрдік. Өз тәжірибемнен ұққаным, көп нәрсе адамның мінез-құлқына тікелей байланысты. Мәселен, ЖИТС/СПИД-ті мен « мінез-құлықтың ауруы » деп атар едім. Бұл ауру тікелей адамның өзіне байланысты. Нәпсіні тыя алмау, кез келген ортада, көрінген біреумен жыныстық қатынасқа түсу сияқты соңы өкінішке соқтыратын әрекеттерге баратындар, өз өміріне жеңіл-желпі қарайтындар өзгенің тағдырына тұсау салады. ЖИТС/СПИД адамның жас ерекшелігіне, әлеуметтік жағдайына, ұлтына емес, тек мінез-құлқына, ұстамдылығына, алған тәрбиесіне байланысты жолығатынына көзім жетті. Осыдан 7-8 жыл уақыт бұрын, Республика көшесінің бойында, Темір жол вокзал аялдамасында, жезөкшелер ашықтан-ашық тәнін сатып тұратын. Қазір оларды табу қиындап кетті, олар жоғалып кеткен жоқ әрине, жалдамалы пәтерлерде, сауналарда, интернет желісінде жасырын қызмет көрсетеді.
«Ауруын жасырған — өледі » демекші. Меніңше жамандықты жасыруға болмайды, ашық көрініп тұрса, күрестің нәтижесі болады. Талай рет өзіміздің қаракөз қыздармен осы тақырыпта ашық әңгімелестік, талай мәрте осы орталыққа тіркеуге тұрғыздық. Бірақ бір түсінгенім, жезөкшені райынан қайтару мүмкін емес, бар проблема олардың қызметін пайдаланатын еркектерде деп түсіну керек. «Тұтынушы табылса, тауарға сұраныс әрқашан болады » — дейді. Бұл «еркек үйден 40 қадам алыс шықса болды — бойдақ» дегеннің санамызға сіңіп алғанын білдіретін болу керек.
«Ауруды жаратқан Алла, бірақ ауыртқан Алла емес » деп Абай атамыз босқа айтпаған. ЖИТС/СПИД сияқты қасірет «серілік құрарда» сақтық шараларын ойлаған дұрыс екенін ескертеді. Бұл — санасы ояу, оңы мен солын танитын қоғамның бүгіні десек, әлемді билеген, Нәпсі — сезімінің үстемдік құрғанының белгісі шығар, сірә.
Б. Тойшыбеков,
Облыстық СПИД орталығының маманы