Тұмауратып жүргенде жеуге болмайтын тағамдар
Диетология саласындағы сарапшылар суықтап немесе тұмаумен ауырып, емделіп жүргенде төмендегідей өнімдерді тұтынуға болмайтынын айтады. Себебі, олар ауру мерзімін ұзартуға кесірін тигізеді екен.
Жаңғақ
Жаңғақ – адамға көп күш-қуат беретін жеміс. Алайда тұмау кезінде жаңғақты көп жесеңіз, тамағыңызды қышытады. Сол себепті де жоғарғы тыныс жолы аурулары мазалағанда жемегеніңіз дұрыс.
Көкөніс пен жеміс-жидек
Бұл өнімдерде минералдар мен пайдалы дәрумендер көп болғандықтан, ауыра бастағаннан бастап соңына дейін тұтыныңыз. Егер де дене қызуы ұзаққа созылатын болса, ішектің жұмысы баяулайды. Ал көкөністердің өзегін асқазан дұрыс қорытпайды. Сол себепті, көкөністерді суға қайнатып немесе буға бұқтырып жеген дұрыс.
Ішімдік және кофе
Ішімдіктің вирустық ауруларға тигізер зияны өте көп. Себебі, ол ағзадағы реакцияны баяулатып, иммунитетіңізді төмендетеді. Сондай-ақ, бауырыңызға зиянын тигізеді. Ал суықтағанда кофені ішудің де қажеті жоқ. Өйткені ол денені құрғатып жібереді.
Сүт өнімдері
Тұмау, суық тию, өкпеден шығатын қақырық, жөтел секілді аурулармен ауырып жүрсеңіз, сүт өнімдерін көп тұтынбаңыз. Себебі олар емделуге кері әсерін тигізеді. Бұл тұста жанжабіл шайы көп көмегін тигізеді, себебі ол тұмауды шақыратын вирустарды өлтіреді.
Фастфуд өнімдері, қуырылған ет, тоңба (холодец)
Май, қуырылған ет өнімдерін асқазан мен ішек аурулары кезінде көп тұтынбаған жөн. Одан ауруыңызды асқындырып аласыз. Ал тұмау кезінде фастфуд өнімдерін тұтынбаған абзалырақ, Себебі ағылшын ғалымдары суықтап немесе тұмаумен ауырып жүргенде, қайнатылған көкөніс пен тауық сорпасын тұтынған жөн дейді. Ыстық тауық сорпасы тыныс жолдарының қорғаныштық қызметін күшейтеді екен.
Тәттілер
Кәмпит, тәтті тоқаш пен шоколад секілді тәттілердің құрамында калория өте көп. Сондықтан иммунитеттің белсенділігін төмендетеді және қандағы ақ түйіршіктердің көбеюіне әсер етеді. Олар тамағыңыздағы бактерияларды да тез көбейтеді. Сондықтан ең тиімдісі – бал. Ол тәтті болғанымен, бактерияға қарсы әсері бар және иммунитетіңізді көтереді.
Картоп
Жөтеліп немесе тұмаумен ауырып, емделіп жүрсеңіз картоп көп қосылған тағамдарды көп жемегеніңіз жөн. Оның құрамында көмірсу көп болғандықтан, дене ылғалына кері әсерін тигізеді.