Ірімшік туралы не білесіз?

Oinet.kz 05-10-2020 1242

Соңғы кездері дүкен сөрелерінде бұрын атауы таңсық болған ірімшік түрлері пайда болуда. Сондай-ақ қазіргі ас мәзірлерінде де бұл өнім кеңінен қолданылып келеді. Ірімшікті дұрыс таңдау әрі сақтай білу – дәмді тағам дайындаудың кепілі.

Сақталуы

Ірімшікте пісіп жетілу процестері үздіксіз жүріп жатады. Сондықтан дұрыс сақталмаған жағдайда ол кеуіп кетіп, дәмі өзгеріске ұшырайды. Бұл өнім 6-8°С температурада сақталуы керек және оны мұздатуға не жылы температурада ұстауға болмайды. Тоңазытқышқа сақтар кезде ірімшікті шыны ыдысқа салып, қасына бір-екі шақпақ қант қойсаңыз, ол ұзағырақ (қатты сорттар 5 айға, жұмсақ сорттар 10 күнге, ал көгертілген түрі екі айға) сақталады.

Ірімшіктің түрлері

Ірімшік қай түлік сүтінен алынғанына қарай, дайындау технологиясы мен текстурасына байланысты түрлі классификацияларға жіктеледі. Бірақ көбінесе қатты, жартылай қатты, жұмсақ және тұзды деп бөлінеді.

Қатты ірімшіктер (маасдам, емменталь, чеддар, колби, манчего, пармезан, грюйер) және жартылай қатты ірімшіктер (гауда, эдам, хаварти)

Пармезаннан пасталар, пицца және соустар дайындауға болады. Ал бутербродтар үшін чеддар мен маасдам дұрысырақ, олар сондай-ақ крем-суптарға да үйлесімді дәм береді. Ірімшік тек ыстық тағамның бетіне себу үшін ғана қажет болса, бұл үшін гауда, эдам, костромалық және пошехон сорттарын пайдаланыңыз. Сол сияқты қатты ірімшік түрлері салаттар мен запеканкалар үшін жарамды.

Жұмсақ ірімшіктер (камамбер, бри, валансе, маскарпоне, рикотта, рокфор, т.б.)

Камамбер мен ливаро ірімшіктері салаттарға, пиццаларға және ыстық тағамға тіл үйіретін ашқылтым дәм береді. Ал тәтті бри мен маскарпонені десерттер және шарапқа арналған тіскебасар ретінде пайдалануға болады. Хош иісті әрі дәмі ауызды қуыратын дор блю, рокфор, стилтон сияқты көгертілген ірімшіктер ұн тағамдарынан басқаның бәріне жарамды. Аздап қышқыл дәмді рикоттадан керісінше керемет тәтті тоқаштар шығады. Бұл ірімшіктер денсаулыққа пайдалы элементтерге бай әрі ағзаға артық салмақ қоспайтын қасиетке ие, бірақ бұл жерде нақты сорттың майлылығын ескеру қажет.

Тұзды ірімшіктер (фета, сулугуни, осетин ірімшігі, сүзбе ірімшік, адыгей, чечил )

Тұзды ірімшіктердің барлығы дерлік қышқыл дәмге ие, яғни оларды салаттар мен ұн тағамдарына қосуға болады. Әсіресе түрлі ролдар жасағыңыз келсе, бұл сорттар — таптырмас ингредиент.

Дайындалатын тағам сәтті шығуы үшін оның құрамындағы ірімшіктің дәмі сәйкес келуімен қатар оның жарамдылық мерзіміне де назар аудару қажеттігін есіңізге саламыз.


Дастарқан басындағы этикет
​Канапе — талғампаздар мен еріншектер асы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу