Жансейіт Түймебаев 100 күнде не тындырды?
Осы аптада Жансейіт Түймебаевтың Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалғанына 100 күн толады екен...Түймебаевтың бұл күнді қаншалықты атап өтерін қайтерін қайдам, әйтеуір кейінгі кездері әкімдер қызметке тағайындалғанының 100 күнін, 1 жылын атап өтуді үрдіске айналдырғаны рас. Мұны бүйректен сирақ шығару деуге болмайды, әрине. Әкімдердің осындай дөңгелек даталарға орайластырып елге бір есеп беріп қойғаны да дұрыс шығар бәлкім.
Сонымен Түймебаев 100 күнде не тындырды?
Алдымен салыстырып көрелікші, қызметіне тағайындалғанына 100 күн толғанын Түймебаевқа дейінгі әкім Бейбіт Атамқұлов әжептәуір шаралармен атап өткен екен. 100 күнде Бейбіт Бәкірұлы өзі елшілік қызмет атқарған Малайзияның техникалық және кәсіптік білім беру төрағаларымен кездесіпті. Малайзия елінен келген делегация Оңтүстікте әлемдік деңгейдегі техникалық колледж салуға ниетті екендіктерін білдіріпті. 100 күнде әкім Қытай, Польша, Германия, Грузия, Үндістан, Словак елдерінің ірі бизнес өкілдерін қабылдап, өңірдің экономикасына серпін беретін ірі инвестициялық жобалар жөнінде уағдаластық жасапты. Осы инвесткелісімдердің арқасында Шымкентте Қазақстанда ең үлкен «Shymkent mall» сауда-ойын сауық кешені салынатынынын елге мақтанышпен жеткізіпті. 100 күнде Атамқұлов отандық өнімді қолдау үшін Сайрам ауданындағы «GOLDEN NOMAD» тігін фабрикасында болып, өзіне арнап костюм-шалбар сатып алыпты. Шенеуніктер осы бастамадан кейін жаппай Сайрамда тігілген костюм шалбар кие бастағаны әлі ұмытыла қойған жоқ. 100 күнде «Оңтүстік» индустриялды аймағында тамшылатып суару құрылғыларының жабдықтарын шығаратын зауыт құрылысы қолға алынса, Шардара су қоймасының жанынан балық өңдейтін екі зауыт іске қосылыпты. Бұдан бөлек облыстың басшысы Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымовпен бірге сенбілікке шығып, көппен бірге көше тазалау, көшет егу шараларына қатысып, елдің назарына ілігіпті. Қарап отырсаңыз, Атамқұлов 100 күнде жақсы бастамаларымен көзге түскен. Экс-елші тәжірибесінің жоқтығына қарамастан әкімдік шаруаны да дөңгелетіп әкетіп, елдің аузында жақсы пікір қалыптастыра білген. Ал оның орнын басқан Жансейіт Түймебаев нендей бастамаларымен, қандай бағыт-бағдарымен көзге түсті? Ол туралы елдің пікірі қандай? Экс-елшінің 100 күндік жолына үңіліп көрелік.
Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне 7 қазанда тағайындалды. Әкім алғаш рет көпшіліктің көзіне Шәмші Қалдаяқов атындағы «Арыс жағасында» ретро-фестивалінде, Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанатында түсіпті. Облыс басшысы кабинетіндегі жұмысын көршілес Өзбекстанмен қарым-қатынасты тереңдетуден бастады. Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары У.Розукуловпен кездесіп, біраз келісімдер жасады. Осы келісімнің шеңберінде қос елдің шекарасы маңында сауда аймағын құру жоспарланды. Жыл соңына дейін Шымкент қаласында өзбек тауарөндірушілерінің көрмесін ұйымдастыру жөнінде мәмілеге қол жеткізілді. Қарашада Түймебаев Қазақстан Республикасының Өзбекстан мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Ерік Өтембаевпен және екі елдің 70-ке жуық кәсіпкерлерінің басын қосып, бизнес конференция өткізді. Осы басқосуда «Самарқан – Шымкент – Түркістан» мен «Шардара – Жетісай – Жызақ» бағыттарында автобус жүретіндігі жария етілді.
Қызметіне тағайындалғанына апта өтпей жатып Жансейіт Қансейітұлы өңірдің ақсақалдар қауымымен кездесіп, солардың ақ батасын алуды да ұмытқан жоқ.
Өңірлерді аралауды әкім Шымкент қаласынан бастады. Облыс орталығындағы құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарды аралап көрді. Әбдірахымовтың әйгілі "Shymkent-City" жобасымен танысты. Бұл жобаға өзінің біраз ескертулерін айтты. Қала әкімінің активімен өткен жиында облыс басшысы 2012 жылы бекітілген қаланың алғашқы бас жоспары бойынша тұрғын үй қорының 60 пайызы көпқабатты болуы тиістігін, бүгінде бұл көрсеткіш небары 30 пайызға ғана жеткенін сынға алды. Осыған байланысты Шымкентте баспанасыз жүрген жастарға қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйлерді көптеп салып, қала шетіндегі жасыл белдеудің көлемін 3 мың гектарға дейін ұлғайту керектігін тапсырды. Болжам бойынша Шымкент халқы келер жылы 1 миллионға жететінін де Түймебаев осы басқосуда мәлім етті.
Жалпы Жансейіт Түймебаевтың өзіне дейінгі әкімдерден бір ерекшелігі өнер, зиялы қауым өкілдеріне жақын, жалпақ тілмен айтқанда идеология саласының маманы екенін көрсетті. Қызметіне тағайындалған алғашқы апталарда ол өңірдің зиялы қауым, діни конфессия өкілдерімен, суретшілермен, журналистермен кездесіп, емін-еркін әңгіме жасады. Осы басқосуларда Шымкент, Сайрам қалашықтарын ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу мәселелері талқыланды. Әкім Оңтүстік Қазақстан облысының көркемсурет галереясын салу, Шымкентте суретшілердің сипозиумын өткізу жөнінде тапсырмалар бергенін мәлім етті. Жасыратыны жоқ, бұл жаңалықтар өнер, мәдениет саласында жүрген жандарды бір серпілтіп тастағаны рас.
Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығының кең көлемде тойлауда да Түймебаев өзіндік қолтаңбасын қалдырды десек артық айтпағанымыз шығар. Осы мерейтой аясында «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» атты шара өтіп, Оңтүстіктен шыққан, әр саладағы түлектер шақырылды. Бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткізіп, өңірдің экономикасына инвестиция тарту мәселесін талқылады. Әкім мерейтой қарсаңында 25 өнер, ғылым майталмандарына ақшалай сый-сияпат жасады. Әкімнің 25 жылдықтың қарсаңында көпшілікке Елбасы туралы жарық көрген үш кітаптың тұсауын кесіп, сонымен бірге түрік елінің сазгерлері әзірлеген Елбасы туралы әндер жинағын арнайы таныстыруы да ел арасында пікір қалыптастырды.
Жансейіт Түймебаев өңірде туризм мен көгалдандыруға баса мән беруде. Әр аудан белгілі бір салаға басым бағыт бермек. Мәселен табиғаты әсем Төлебиде туризм дамиды. Қасқасуда тау шаңғы кешені салынбақ. Әкім әсіресе, қасиетті Түркістан қаласын рухани орталық екенін көрсету қажеттігін айтып, рухани астанада Ясауидің жеке мұражайы мен Яссауи мектебін ұйымдастыруды ұсынды. Шымкенттің көгалдандыру үшін «Шатқал» деп аталатын арнайы бағдарлама қабылданды. Қазір Шымкентте, аудан-қалаларда жаппай көшет егу жұмыстары жүріп жатыр. Айтқандай, уақтысында елшілік қызмет атқарған түрік елімен арадағы қарым-қатынас алдағы уақытта тереңдей беретін сияқты. Түймебаевтың бастамасымен өңірдің білім, денсаулық және мәдениет салаларының қызметкерлерінен құрылған топ Түркия Республикасында тәжірибе алмасып қайтты...Тағысын тағылар.
Облыс басшысының кадрлық салада жасаған ауыс-түйісіне де тоқтала кеткеніміз дұрыс шығар. Жасыратыны жоқ, қызметке келген басшының өз командасын жасақтайтыны тәжірибеден белгілі ғой. Кейбір облыс әкімдерінің қызметке тағайындалған бойда кадрлық сапарылыс жасап, тіпті орынбасарларын өзімен бірге ала келгенін де білеміз. Аудан, басқарма басқаруға жергілікті жердің жағдайын білмейтін көлденең келген көк аттылардың тағайындалып кеткенін де көзіміз көрген. Алайда Түймебаев бұл жағына келгенде мейілінше сабыр сақтайтынын байқатты. Осы уақытқа дейін ол бес орынбасарының біреуін ғана жаңарды. Астанаға ат ауыстырған Сапарбек Тұяқбаевтың орны біраз уақыт бос тұрды. Жұрт жаңа орынбасарды Астанадан күтіп жүрген. Өйткені облыс әкімінің өндіріске жауапты орынбасары бұған дейін сол жақтан жіберілетін. Алайда Түймебаев жаңа орынбасарын сырттан емес, жергілікті жерден шыққан кадрдан тағайындады. Осы Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында. Бұл қызметке облыстық мәслихаттың депутаты болып жуырда ғана сайланған, белгілі кәсіпкер Бауыржан Жамалов бекітілді.
Түймебаев қызметіне келгелі екі ауданның әкімін ғана ауыстырыпты. Ешкімді орнынан алған жоқ. Бәйдібек ауданының әкімі, елді ерекше іскерлігімен сүйсіндірген Батырбек Көшербайдың ОҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы болып қызмет ауыстыруына байланысты оның орнына ұзақ жылдар бойы бірнеше ауданда әкімнің орынбасары қызметін атқарған Бахытбек Танагөзов тағайындалды. Білім күнінде болған шатақ істен кейін тірлігінің қиюы кетіп, ақыр аяғында өз еркімен креслосын босатқан Шардара ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың орнына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, бұған дейін Қазығұрт ауданын басқарған Болатбек Қыстауовты алып келді. Әзірге әкімдердің командасында бұдан басқа ауыс-түйіс жоқ.
Осы аптада Түймебаев басқарма басшылары арасында алғашқы тағайындауын жасады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне облыстық аурухананы ұзақ жылдар басқарып, өзінің іскерлігін байқатып жүрген Мұқан Егізбаев келді. Байқап отырғандарыңыздай, бір орынбасар, екі әкім, бір басқарма басшысы. 100 күнде болған кадрлық ауыс-түйіс осы ғана. Алайда...
Әкімнің кадрларға қоятын талабы қатаңдау. Төрде отырып қарамағындағылардың жасаған баяндамасына бас шұлғи беретін әкім еместігі алғашқы жиындардан-ақ байқалған. Мәселені өткір қояды, сынды жөнімен айтады. Қарашада Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың берген есебін қанағаттанарлықсыз деп бағалады. Осы жиында әкім қаладағы бөлім басшыларын орындарынан тұрғызып, біраз сілкілеп алды. Жиындарда бірнеше басқарманың басшылары облыс әкімінен сын естіді. Аудандарда ет кластері дамымай жатқаны үшін ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековке ескерту жасады. Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжановтың да тірлігіне көңілі толмайтынын білдірді. Туризм саласында атқарылған жұмыстардың жеткіліксіздігі үшін индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев та облыс басшысының алдында біраз терлеп алды. Сондықтан жуық арада өз арбасын сүйрей алмаған біраз басқарманың басшылары қызметімен қош айтуыс әбден мүмкін. Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда қазірдің өзінде үш басқармаға жаңа басшы іздестіріліп жатқан көрінеді.
Айтқандай, жақында өткен бір жиында Жансейіт Түймебаев шенеуніктерге баяндама жасаудың жаңаша бағытына көшудің, жиналыс өткізудің жаңаша форматын қалыптастырудың қажеттігін айтқан болатын. Жаңаша баяндама, жаңаша жиналыс. Оның қандай екені алдағы күндері белгілі болып қалатын шығар.
Мұрағаттан, 2017 ж