Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Адам Смит пен Давид Рикардо – экономикалық ғылымның атасы саналады. Адам Смит өзінің «Халықтардың байлығы» деген еңбегінде «Ұлы ұлттар жай адамдардың «төгіп-шашқанынан» кедейленбейді, ұлы ұлттар билік басындағылардың «қолдан келгенде қоныштан басқанынан» кедейленеді» деп жазған екен.
Совет Одағы ыдырап, советтік республикалар тәуелсіздік алғаннан соң, елдегі ірілі-кішілі меншік – ірі зауыттар мен фабрикалар, кішігірім салондар мен шаштараздар жекешелендіріле бастады. Бұл жекешелендіру кезінде қолында билігі бар азаматтар бұрын-соңды ата-бабасы көрмеген байлыққа кенелді. Жуырда бір сұхбаттасым: «Алғашқы жекешелендіру кезінде өңірдің атқа мінерлері жеке кәсіпорындарды місе тұтпай, Шымкент қаласындағы меншікті көшелер бойынша бөліске салған» деді. Атын атап, түсін түстеудің қажеті жоқ: бүгінде қала тұрғындары қай нысанның кімге тиісті екенін жақсы біледі.
Иә, ол «жабайы капитализм» артта қалды деп жүретін едік. Бірақ өткен 25 жыл ішінде бұл салада, яғни мемлекеттік меншікті жекешелендіру саласында айтарлықтай ілгерілеу, нақтырақ айтар болсақ – демократиялану үдерісі байқалмайды.
Айта кету керек: жекешелендіру – ұзаққа созылатын үдеріс. Капитализмнің отаны болып табылатын Британияда жекешелендіру әлі де жүріп жатыр. Бүгінде Қазақстанда шағын кәсіпорындар мен мекемелер емес, жүздеген, мыңдаған адам жұмыс істейтін ірі нысандар жекешелендірілуде.
Бұл жолғы жекешелендіруге кімдер қатысты және сол жолы болғандар қандай нысандарға ие болды?
Жекешелендіру кезінде 263 нысан сатылған. Соның 77-і 100 мың доллардан артық сомаға саудаланыпты. Билік басындағылар мемлекеттің экономикадағы үлесін 15-20 пайызға дейін қысқартамыз деп ұрандатып отыр. Экономикадағы мемлекеттің үлесін қысқарту қажеттілігі жайлы саясатшылар да, экономистер де айтып келеді. Мемлекеттің тиімсіз меншік иесі екенін түрлі зерттеулер көрсетіп отыр. Бұл – аксиома. Мұндағы басты мәселе – мемлекеттік меншіктің әділетті бағаланып, әділетті бәсеке негізінде сатылуы.
Қазақ политологиясында «ағалар экономикасы» деген түсінік пайда болды. Кейде «жиендер экономикасы» деп те айтылады. Мағынасы – мемлекеттік меншік пен түрлі тендерлердің билік басындағы ағалар мен нағашылардың інілері мен жиендеріне берілуі.
Бұл жолғы приватизация да сол «ағалар экономикасының» құлпырып тұрғанын көрсетіп отыр. Соңғы жекешелендіру кезінде кімдердің бағы шапты. «Forbes Kazakhstan» порталы сол приватизация кезінде «жолы болған» бирзнесмендер мен бизнес-вумендердің рейтингін жариялады. Сонымен топжарғандар кімдер?
Бірінші орында – Қазақстандағы ең бай 50 бизнесменнің ішінде 39-ы орында тұрған Яков Цхай. Бұл азамат 19,3 миллиард теңгеге мемлекеттен 9 компанияны сатып алып отыр.
Екінші орында – Валерия Ким мен Лилия Ким ханымдар. Бұл екі ханым 7 539 708 019 теңгеге «Қазақ мұнай және газ институты» акционерлік қоғамын жекешелендірген. Кәріс бизнесмендердің тасы өрге домалап тұр. Қазақстанның ең бай 50 бизнесменінің 7-і – корей ұлтының өкілі. Бұл азаматтардың жиынтық капиталы – 2 миллиард 576 миллион доллар.
Келесі топжарған – Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың күйеу баласы – Бақыт Ибрагим. «Қазақстан мақтасы» Акционерлік қоғамы 16,8 миллиард теңгеге бағаланып, нәтижеде – 3,2 миллиард теңгеге сатылған. Ия, осылай жолы болған күйеу бала рейтингтің үшінші сатысына орнықты.
Тимур мен Динара Құлыбаевтар да жекешелендіру рейтингінің бірінші ондығынан табылып отыр: Ерлі-зайыптылар жекешелендіру додасына да қатысып, түрлі нысандар үшін 3 миллиард теңгеден астам қаржыға түрлі нысандарды приватизация жасаған. Динара ханым «Жұмыртқаның барлығын бір себетке салма» деген бизнестің алтын қағидасын ескере отырып, 734 285 000 теңгеге «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» акционерлік қоғамын жекешелендірген.
Соңғы жекешелендіру үдерісі сол ілгеріден қалыптасқан трендтің әлі де сол бағытта дамып жатқанын көрсетіп отыр: «бай – байға, сай – сайға құяды». Қарапайым халыққа жекешелендірудің мүлдем қатысы жоқ. Екіншіден – жекешелендіру билік нақсүйерлері үшін өткізіліп отыр. Бұл үдеріске бөтен адамдар қатыса алмайды. Үшіншіден – приватизация мемлекет үшін табыс көзіне айналған жоқ: түрлі нысандар межеленген бағадан 3-5 есе арзанға сатылған.
Сондықтан бұл үдерісті приватизация деуге емес, «прихватизация» деуге көбірек келетін сияқты.
Мұрағаттан, 2017 ж