Машина жасау ісі өркендеген

Oinet.kz 23-10-2024 11

image.png

Кеңес Одағы кезінде Сайрам ауданындағы ауыл шаруашылық машиналарын жасайтын «Манкентсельмаш» зауыты шетелдерге әйгілі болатын. Ондағы су көтергіштер, су сорғыш станцалар және басқа да ауыл шаруашылығына қажетті машиналар кәсіпорыннан барлық Одақтас Республикаларға және басқа да Азия және Африка елдеріне жіберіліп отырылған.

90-шы жылдары тоқырауға түскен бұл зауыт кейіннен қанатын кеңге жайып, еңсесін көтере бастады. Күн сайын зауыт өніміне тапсырыс артып, шетелдіктер қызығушылық танытуда. 2014 жылы  Түркменстанға 250 дана су көтергіштер жіберілген.

Тапсырыстардың саны артқанда, кадрлардың жетіспеушілігін байқаған зауыт басшылығы  мамандар даярлайтын колледж ашып, өзіне қажетті кадрларды даярлай бастады. Оқыту жүйесі дуальды түрде, яғни партада көп отырғаннан гөрі, студенттерді өндірісте көп жүргізу. Білім алушыларға барлық жағдайы қарастырылған арнайы жатақхана ашылды. 2014 жылы бірінші бітірушілер бүгінгі таңда металл технологиясын игеріп, ресми түрде зауытта еңбек етіп, жаңа мамандармен тәжірибе алмасуда. Осы тұрғыда зауыт ұжымы жасаруда. 

 Кезінде  машина жасау ісімен  аты шыққан ауданда бүгінгі таңда да заманауи кәсіпорындар ашылып, нарыққа қажетті тауарларды шығаруда. Солардың бірі  Әйтеке би ауылында орналасқан «KASPY GROUP» ЖШС-нің машина жасау және металл құрастыру зауыты. Зауытта өндірілген өнімнің қуаттылығы жылына 2000,0 тоннаны құрайды. 2018 жылы іске қосылған кәсіпорында ауыл шаруашылығы техникасы және ірі кәсіпорындардың құрылыс жабдықтары шығарылады. Мұнда 60-тан астам адам жұмыс істейді. Сонымен бірге «Kaspy Group» ЖШС ауыл шаруашылығы техникасы және ірі кәсіпорындардың құрылыс жабдықтарын өндіруде. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында орналасқан ірі кәсіпорындардың техникалық құрал-жабдықтарын өндіру және сынған құрал-жабдықтарды қайта жасау ісі қолға алынған. Машина жасау саласында арпа бидай, мақсары өнімдерін тазалайтын құрылғылар, жаңбырлатып суғаратын қондырғылар да шығаруда. Зауытта Жапония мен Германияның аппараттары қолданылады. Еуропа елдері мен Қытайдан токарлық станоктар, фрезерлік станоктар алынған.

Жалпы Сайрам ауданында өнеркәсіп  саласында 41,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 108,7 пайызды құраған. Өндірілген өнімнің 32,8 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібінде өндірілген. Шағын кәсіпкерлікте  20 147 белсенді субъектілерімен  115,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсетілген. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,5 есеге артқан. Ағымдағыт жылдың 9 айында "Бизнестің жол картасы 2025" / "Ұлттық жобаның" 2-ші бағыты аясында  55 кәсіпкерге  5,8 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.  Ал, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 155 мемлекеттік грант берілді (жоспар 130 адам).

Ауданға 9 айдың қорытындысымен 51,0 миллиард теңге инвестиция тартылды. Тартылған инвестицияның  38,6 миллиард теңгесі жеке инвестиция. Ауданда өнеркәсіп саласында 2030 жылға құны 912,7 миллиард теңгені құрайтын 48 жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Алдағы уақытта сүт өнімдерін өндіру, мал қалдықтарын өңдейтін цех, құрама жем шығаратын, ауыр жүк көліктерінің тіркемесін және арнайы жасақталған көліктер шығару сияқты жобалар мен тамақ өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыру көзделген.

Сайрамның жиһазына сұраныс жоғары
Өнімдері Ресейге тарайтын жылыжай
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу