Өнімдері Ресейге тарайтын жылыжай

Oinet.kz 24-10-2024 9

image.png

Түркістан облысындағы Сайрам ауданы еліміздегі ең үздік аудандар қатарынан көрінуге барын салуда. Өткен жылы аймақта біршама өзекті мәселелер өз шешімін тауып, тұрғындарды үлкен қуанышқа кенелткен еді. Биылғы жылы да бұл үрдіс жалғасып жатыр. Ауданның негізгі күші ауыл шаруышылығын дамытуда болып тұр.

Жалпы сансыз баптар мекені  -  Сайрам ауданын жылыжайлардың отаны деуге болады. Мұнда түрлі көкөніс өсіретін жылыжайлардың қатары көп. Оның үстіне жыл жылжыған сайын жылыжай кәсібін бастауға ниет етушілер қатары да артып келеді. Көкөністің жаңа сұрыптарын алдырып, жаңа заманауи технологиямен жұмыс істеуге ден қойған шаруашылықтар қатары көп. Сондай-ақ ауданда, жаңа технологиямен жабдықталған өнеркәсіптік жылыжайлардың саны артуда. Өнеркәсіптік жылыжайлардың фермерлік шаруашылықтағы топыраққа негізделген жылыжайлардан айырмашылығы да, артықшылығы да көп. Инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылған, өндірістік жылыжайлар голландиялық технологиямен салынған. Мамандар қара суығы қақаған қаңтар айында көшет отырғызуды бастайды. Одан кейін наурыздан қара күзге дейін өнім жинайды. Шаруалар жылыжайдың әр гектарынан мыңдаған тоннадан өнім алуды көздеп отыр. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, Сайрам ауданында көлемі 60 гектарды құрайтын 110 жылыжай бар. Оның 32 гектары — өндірістік жылыжай. Негізгі өнім еліміздің солтүстік облыстары мен Ресейге экспортталады. Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында 11 гектар жерді қамтитын, облыстағы ең ірі жылыжай кешені бар. Бұл жылыжай өнімдері еліміздің барлық аумағында және Ресей еліне экспорттауға бағытталған. Мұнда көгілдір отын, су, электр жарығы сияқты коммуналдық қызметтердің барлығы да қолжетімді. Қолы епті, тірлігі пысық шаруалар, қыс мезгілінде газ қысымы төмендеп немесе мүлдем өшіп қалған жағдайда баламалы дизельді жылыту жүйелерін іске қосып, жұмысты жалғастыруға мүмкіндік жасап қойған. «ЭкоИнвест» жылыжай кешенінің жалпы аумағы 21 гектарды құрайды, қазіргі таңда 11 гектар жерді қамтып, оның 5 гектар жеріне қызанақ, 6 гектар жерінде қияр өсуде. Алдағы жылы қалған 10 гектар жылыжай құрылысы аяқталып, іске қосылмақ. Мұнда қызанақтың 7, ал қиярдың 2 түрлі сорты өсірілуде. Олардың барлығының да сатылымы жоғары. Сақтауға да төзімді. Негізінен мұнда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Жылыжайда 200-ге жуық жұмысшы жұмыс істейді. Еңбекақылары да жоғары. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.  Мұнда жылына 1500 тонна қияр, 2000 тонна қызанақ өндіруде. Жылыжайда қысқы маусымда — 150, жазда — 250-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Жобаның құны 6,5 миллиард  теңгені құрайды. Жобаның инвесторлары Польша елінен.

Қарамұрт ауылында орналасқан аталған жылыжай — «Жыл үздігі – 2020» номинациясында «Үздік инвестор» деп танылған болатын. «Ecoinvest S A» ЖШС-ң басшысы Мурат Гелашвили алдағы уақытта кешен аумағын ұлғайтпақ.

Сондай-ақ Сайрам ауданының Ақсу ауылында  өткен жылдың соңында «Zaure group» ЖШС-нің жылыжай кешені ашылған болатын.  Жылыжай  6 гектар жерге орналасқан. Мұнда  жылына 3500 тонна көкөніс өндіріледі. 55 адам жұмыспен қамтылған. Инфрақұрылым, су, электр мәселесі шешілген. Шаруашылықтың басы-қасында жүрген Жарқын Байдуллаев мемлекеттік субсидия көмегімен тәуекел деп кәсібін бастаған екен. Мұнда негізінен қызанақ өсіруге басымдық берілген. Жоба құны 2 миллиард теңгені құрайды.  

Машина жасау ісі өркендеген
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу