Сайрамның жиһазына сұраныс жоғары

Oinet.kz 20-10-2024 10

image.png

Кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыларды толықтырудың тұрақты көзі болып қана қоймай, экономикамыздың одан әрі өсуінің нақты факторына, сонымен қатар халықты жұмыспен қамтудың және әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, бизнеске жол ашу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отырғаны белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра беретінін айтқан болатын. Бұл бағытта Түркістан облысы Сайрам ауданында  жүйелі жұмыстар жасалуда.

Әлеуеті барған сайын артып, бүгінде ел экономикасының локомотивіне айналып келе жатқан сансыз баптар мекені Сайрамда өндірістік қуатын арттыруда шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі зор. Шымқалаға тиіп тұрған өңірде  орта кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасалып келеді.

Түрленіп, гүлденіп келе жатқан ауданда  ауқымы кең, қуаттылығы жоғары, өнімі сапалы кәсіпорындардың қатары артуда. Мұнда  әсіресе жиһаз өндірісінің қарқыны жоғары. Сайрамда жасалған жиһаздар облыс, республика тұрмақ,  шет елдерге де экспортталып жатыр. Аудандағы  осындай әлеуеті жоғары, өнімдері брендке айналып отырған бірегей кәсіпорынның бірі Ақсукент ауылында орналасқан  «BELLA MEBEL» брендімен өнім шығаратын жиһаз фабрикасы. Кәсіпорын  2017 жылдың мамыр айынан бері жұмыс істеп тұр. Бүгінде компания Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жиһаз нарығында өз орнын ойып тұрып алды деуге болады. Бұл отбасылық бизнеске Дилдора Нуриддинова көп кәсіпкерлер сияқты саудадан келді. Бастапқыда олар Сербия мен Италияда жасалған жиһаздарды көтере сатумен айналысатын. Жиһаздың түр-түрін көріп жүріп олар осындай дүниелерді өздері шығаруға бел буды. Нәтижесі жаман емес. Қазір фабрикада жүзден астам білікті маман жұмыс істейді. Жұмсақ жиһаздың 120 түрі шығады. Компания жиһаз өндірісіндегі айналым қаражатын толықтыру үшін жылына 21,75 пайызбен 2022 жылы «ForteBank»-тен несие алды. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 13,75 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды.

 Кәсіпкерлік нысан Түркістан облыстық Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында іске қосылған.  Мұнда жұмсақ жиһаздың көп түрі шығады. Арзаны да қымбаты да бар. Яғни, тұтынушы қалтасына қарай кез келген үлгіні таңдай алады.

«BELLA MEBEL» жиһаз фабрикасындағы «Заманауи», «Неоклассика», «Дәстүрлі классика», «Прованс» және «Винтаж» секілді стильдегі 120-ға жуық жиһаз түрі жоғары өнімді неміс, италия жабдықтарында, заманауи материалдарды қолдана отырып жасалады.

Кәсіпорынның жер телімі 3,8 гектарды құрайды, оның ішінде өндірістік ауданы 6450 шаршы метр. Жобаның құны 520,0 миллион теңгені құрайды. Қаржы құрылымы 220,0 миллион теңге, жеке қаржысы 300,0 миллионтеңге. "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бағытымен қаржыландырылған. Жобаның қуаттылығы жылына 4000 дана корпусты және жұмсақ жиһаз шығару. 2018 жылдың мамыр айынан бастап өнімнің жаңа түрі матрастар шығарылуда. Өндірісте жұмысшылар саны 120 адам,оның ішінде 41 адам «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жұмысқа орналасқан.

Кәсіпорын Германия, Италия, Түркия, Қытай, Ресей құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Өндірісте италиялық технология қолданылады.  Өндірісте енгізілген цифрлық технологиялар: 

1.Өңдеу кешені өндірісіне арналған автоматты басқару жүйесі; 2.«1С: Предприятие 8.3» конфигурациялау өндірістік кәсіпорындарды басқару жүйесі. Аудан ғана емес тауарлары бүкіл елге тарап отырған кәсіпорын айына 3000-ға жуық жиһаз жасап шығарады. Кәсіпорындағы ең зор сұранысқа ие тауар - жұмсақ жиһаздар. Мұнда бір айда үй жабдығының 300 данасы жасалады. Оны қаптауға бір күнде 400 шаршы метр мата қолданылады. Ал, оған қажет шикізаттар Түркия мен Ресейден әкелінеді.

Сапалы, бірегей тауар шығарып, көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгірген компанияға деген сұраныс күн санап артып келеді. «Жиһаз шығару ісі – отбасылық идея, отбасылық бизнес. Бұрыннан осы салада кәсіпкерлікпен айналасып келеміз. Бастапқыда Сербия мен Италияда жасалған жиһаздарды көтерме бағада саттық. Осылай бізге бұл істі бастауға ерекше құлшыныс, ықылас оянды. Кейін шетелдік, отандық бұйымдарды зерттеп, талдап брендтік атаумен өнім шығаруға бел будық. Бүгінде жұмысымызыдң нәтижесі жаман емес. Материалға қажетті заттарды Германия мен Италиядан алдырамыз, Одан бөлек өз еліміздің өнімдерінен де кеңінен пайдаланамыз. Қажетті мамандар өз еліміздікі. Есесіне 100-ден аса адам жұмыспен қамтылып отыр. Мұнда  үздік ағаш ұсталары және оған көмекшілер, қажетті мамандар бар. Бренд деп шетелке ынтыққанымызбен дәл сол өнімдерді сапалы етіп өзіміз де жасай алатынымызға көзіміз жетті. Бағасы да қолжетімді. Қыз ұзатып, келін түсіріп шапқылаудан бөлек, бұйымдарын түгендеу де үлкен шаруа. Қыруар қаржыны талап етеді. Сондықтан әрбір ата-анаға алған тауары сапалы, қалтаға қонымды болғаны да тиімді. Осы мәселелерді де барынша ескердік»,- дейді  «BELLA MEBEL» жиһаз фабрикасының  басшысы Дилдора Нуриддинова.

Кез-келген мекеме үшін қызметкерлердің қауіпсіздігі бірінші орында тұратыны сөзсіз. Қанша техника, робот, цифрлық қондырғылар болғанымен адамның күші ол өндірістің жүрегі немесе миы деп атауға болады.  Сондықтан кәсіпорын басшылығы әр қызметкердің қауіпсіздігіне, денсаулығына аса мән береді. Фабрика басшылығының айтуынша, алдағы уақытта шетелдік жиһаз фабрикаларымен тәжірибе алмаса отырып жасалатын өнімнің ауқымын кеңейту жоспарланған. Бәсекелестіктің қайнаған ортасында жұмсақ жиһаздардың  кең ассортиментін ұсынып отырған жиһаз зауытының алдағы жұмысына сәттілік тілейміз.  

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тікелей әсер ететін ол - өнеркәсіп саласы екені баршаға аян. Сондықтан қай ел болмасын ең әуелі  өндіру бағытына көңіл бөліп, зауыт, фабрикалардың қатарына арттырып, өнімдерін экспорттауға тырысады. Әлемдегі дамыған елдердің басты жетістіктерінің бірі де осы – өнеркәсібінің өркендеуі.  Қазақстан орташа дамыған елдер қатарында. Бүгінде елімізде  өнеркәсіпті дамытуға көп көңіл бөлінуде. Егер өнеркәсіп дамыса, жаңа жұмыс орындары пайда болады, бюджет ұлғаяды,  ең маңыздысы өнімдеріміз экспортқа шығады.   «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылы отандық жиһаз өнеркәсібіне инвестиция көлемі 17,1 миллиард теңгеге жеткен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрт есеге жоғары көрсеткіш (4,4 миллиард теңге). Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 миллиард теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құраған. Мұндай жоғары көрсеткіштер кеңселер мен сауда кәсіпорындары үшін жиһаз өндірісіне (+5,8 есе - 6,3 миллиард теңгеге дейін) және басқа да жиһаздарға (+18,9 есе - 6,9 миллирд  теңгеге дейін) инвестициялар көлемін арттырудың арқасында мүмкін болды. 

Сайрам ауданы облыс бойынша ет экспорттаудан көш бастап тұр
Машина жасау ісі өркендеген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу