Шұжықтың 47 түрін шығарады

Oinet.kz 14-10-2024 1

image.png

Сайрам ауданындағы үлкен ауылдық округтің бірі Қарасу ауылдық округі болып саналады. Оның құрамына: Ақбай, Ақбастау, Әйтеке би, Бескепе, Береке,  Жаңа құрылыс, Қарасу және Ынтымақ ауылдары кіреді. Орталығы – Қарасу ауылы. Бұл елді-мекенде 27 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Халықтың басым көпшілігі егін шаруашылығы және түрлді өнімдерді өңдеумен айналысады. Ауылдық округте дәнді-дақылдарды егу, мал бордақылау жақсы қолға алынған. Сондай-аұ ауыл орталығында 3 консервілеу зауыты, шұжық өңдеу цехы, сүт зауыты, жиһаз жинау цехы мен бірнеше жылыжай жұмыс істейді. Мұнда кәсіпкердік нысандардың көп болуы халыққа септігін тигізіп отыр. Себебі өндіріс орындары жұмыссыздықты азайтады. Жалпы ауыл жол торабында орналасқандықтан кәсіпкерлік нысандарды ашуға ыңғайлы. 

«Жалпы Қарасу ауылдық округі 8 елді мекеннен тұрады. Ауылдың тыныс-тіршілігі егін шаруашылығы мен түрлі бағытта өнім өндірумен байланысты. Сайрам ауданында мал бордақылау алаңдарының саны бойынша бірінші орында Қарабұлақ ауылы тұрса, екінші орында біздің округ тұр. Өзімізден шығатын етті өндіру мақсатында аймақта ашылған «Алма» СПК  цехы бар. Шұжық өңдеумен айналысады. Қазіргі таңда цехтың жұмысы жақсы жолға қойылған. Оның өнімдері тек ауданға ғана емес Түркістан облысы мен көршілес облыстаға да тарап жатыр. Одан бөлек бізде құс өсіру жобалары қолға алынып отыр. Оған жер қарастырылуда. Жалпы  ауылдық округтің жер көлемі 10560 гектар болатын болса, оның ішінде 730 гектары елді мекендер, 6045 гектары ауылшаруашылығына арналған жерлер, 2600 гектар егістікке арналған жерлер. Осы егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суары технологиялары қолданылады.  Бұл шаруаларға өте тиімді тәсіл. Жалпы су үнемдеу технологиясына мемлекет те қазір баса назар аударуда. Біздегі консервілеу цехтары да осы жаңа технологиямен жұмыс істейді. Елді мекендеріміз Ақсу өзенінің бойында орналасқандықтан демалыс орындарын ашқан кәсіпкерлеріміз де баршылық. «Сағыныш», «Береке» сынды демалыс аймақтары жұмыс істейді. Демалыс орындары жаз мезгілінде халыққа қызмет көрсетеді.  Аталған кәсіпкерлік нысандарда жазғы маусымда мыңдаған адамдарды жұмысқа тартады. Әрі балаларды тегін қабылдап, демеушілік, қайырымдылық жұмыстары мен де айналысатынын айта кеткен жөн. Елді мекендерде қанша өндірістік орындары көп болған сайын жұмыс көзі, екіншіден кедейлік деңгейін төмендетіп, халықтың тұрмысын түзеуге, әл-ауқатын жоғарылатуға септігін тигізіп отыр.   »,- дейді Қарасу  ауылдық округінің әкімі Әбдіманат Бурбеков. 

Қарасудағы ірі кәсіпорыннның бірі -  «АЛМА» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі. Өндіріс орны 2006 жылы іске қосылған. Жер көлемі 0,45 гектарды құрайтын шұжық цехы айына 1 тонна өнім өндіреді. 

О баста шағын іс орны болған. Небәрі 5 жұмысшы қызмет істеген. Қазір оның ауқымы кеңіді. Баяғы бесеу бүгінде 35 адамға жеткен. «АЛМА» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы Ақылбек Шалқаровтың айтуынша мұнда ауысымына 500 кілә ет өңделеді. 

«Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау көрген өндіріс орны шикізатты «Шұбар» асыл тұқымды кешені» ЖШС мен «Delice» ЖШС және «Сынар Групп» ЖШС-нен алады. Өнім бүгінгі таңда тек ішкі нарықта саудалануда. «Алма АШӨК» шұжықтың 47 түрін шығарады. 

Айта кетейік, жалпы Сайрам ауданында  шағын кәсіпкерлікте  биылғы жылдың 9 айында  20 147 белсенді субъектілерімен  115,6 миллиарл теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсетілген. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,5 есеге артқан. Ағымдағы  жылдың 9 айында "Бизнестің жол картасы 2025" / "Ұлттық жобаның" 2-ші бағыты аясында  55 кәсіпкерге  5,8 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.  Ал, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 155 мемлекеттік грант берілді (жоспар бойынша 130 адам болған).

Ауданға 9 айдың қорытындысымен 51,0 миллиард теңге инвестиция  тартылды дейді мамандар. Тартылған инвестицияның  38,6 миллиард теңгесі жеке инвестиция. Аудан бюджетінің өзіндік кірістері артуда.

2024 жылға өзіндік кірістер жоспары  11,2 миллиард теңгені құраған. Шағын кәсіпкерлік нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізу, мүлікті қайта бағалау және басқада атқарылған іс шаралардың нәтижесінде 3 жылда өзіндік кірістер көлемі 5,5 миллиард теңгеге, яғни 2 есеге ұлғайып отыр. Өз кезегінде кірістердің ұлғаюы ауданның әрі қарай дамуына септігін тигізуде. Ағымдағы  жылға арналған аудан  бюджетінің кірістер көлемі  21,8 миллиард   теңгені құрады, оның 11,2 миллиард  теңгесі өзіндік кірістер болса, 10,5 миллиард теңгесі трансферттер сомасы.

Тек Сайрамда ғана өндірілетін паста бар
Сайрам ауданы облыс бойынша ет экспорттаудан көш бастап тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу