Тек Сайрамда ғана өндірілетін паста бар
Ауылшаруашылығы саласы жақсы дамыған Сайрам ауданында ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы жақсы дамып келеді. Ауданда әсіресе жеміс-жидек пен көкөністерден түрлі өнім шығаратын цехтардың қатаыр артып келеді. Сондай кәсіпкерлік нысандардың бірі - «Наурыз-5» ЖШС деп аталады.
Кәсіпорын «Korkem» сауда белгісімен жеміс пен көкөністер өңдеумен, консервілеумен айналысады. Компания 2023 жылы «Қазақстан Халық Банкінен» жабдықтар сатып алуға жылына 21,75 пайызбен несие алған. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 16,75 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды. Барлық өнімдер МемСТ бойынша сертификатталған. 2002 жылы негізі қаланған өндіріс орны тәулігіне 10 тоннаға дейін консервленген өнімдер (джем, тұздық, тосап, паста т.б) шығаратын әмбебап технологиялық желімен қамтылған. Бұндай заманауи жабдықтар сатып алу мақсатында қомақты инвестиция салынған. Өнім еліміздің барлық облысында сатылады. Консервілер жасауға жоғары сапалы өнімдер, салат, томат тұздықтары, маринадтар мен джемдер үшін жаңа піскен көкөністер мен жидектер қолданылады. Оның барлығы компанияның өз рецептімен дайындалады. Айына орта есеппен 50 тоннадан астам өнім нарыққа шығарылып отыр.
Ал жалпы алғанда өнімнің 30-ға жуық түрін шығарады. Барлығы дерлік ерекше технологиямен жасалады. Ең бастысы мұнда өнімдерге химиялық қоспа қосылмайды, таза табиғи өнім. Сондықтан кәсіпорынның тауарларыц тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие.
Цехтағы бірегей өнім деп тәтті бұрыштан жасалған таза табиғи, бұрыш пастасын атауға болады. Бұл өнімнің ерекшелігі С дәруменіне бай. Яғни бұл өнімді балаларға да беруге болады, сәйкесінше иммунитеттері көтеріледі. Бұл бұрыш пастасы Қазақстан бойынша осы зауытта ғана шығарылатынын атап өткен жөн.
«Болгар бұрышынан паста шығарамыз. Бұл томат емес. Мұндай өнімді осы күнге дейін Қазақстанда ешқандай зауыт шығарған емес. Одан басқа мақтанышпен айта алатын тағы бір екі өнімдеріміз бар. Оларды да елімізде ешкім шығарған жоқ. Алға қойған жоспарымыз көп. Тағы жаңа өнімдер шығарғымыз келеді. Бірақ оған уақыт керек және мықты кадрлар керек. Әсіресе, технологтар қажет. Біз өзімізде бар технологтарды барынша оқытып, үйретіп жатырмыз. Алайда біздің кәсіпорындағы қондырғыларымыздың мүмкіндігі өте жоғары. Оларды толық иегере алатын мамандарымыз әлі де болса тапшы»,- дейді кәсіпорын басшысы Джурат Игамбеков.
Кәсіпорын өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды Түркия мен Қытай елінен алдырып, жергілікті тұрғындарды жұмысқа алған. Қазір мұнда 30-ға жуық адам еңбек етеді. Ал маусымдық жұмыс кезінде 300-ге тарта жұмысшы жұмылдырылады екен.
«Осы зауытта жұмыс істеп жатқаныма 1 жылдан асты. Тағы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейміз. Жұмысымыз өте жақсы, қиын емес. Менің қызметім бұл жерде өнімдердің сыртын қаптау. Консервілерді өзіміз де тұтынамыз. Өте сапалы, дәмді, пайдалы. Шетелдік өнімдерден сапасы аспаса кем емес»,- дейді кәсіпорын қызметкері Мәмура Имамназарова.
Цехта 15 мың тоннаға дейін өнім сақтауға мүмкіндік беретін алып тоңазытқыш та бар. Алайда қазір ол бос тұр.
«Өңірімізде үлкен қожалықтар жоқ. Біз зауытта күніне 100-120 тоннаға дейін қызанақты өңдеуге қауқарымыз жетеді. Болгар бұрышынан дайындалатын пастаға күніне 100 тонна өнім керек. Құлпынайдан джем, тосап дайындауға бір күнде 40 тонанға дейін өнімді өңдеуге шамамыз жетеді. Егер бізге күнделікті осыншама қажетті өнімді жеткізіп тұратын шаруа қожалықтары бар болатын болса біз өнім көлемін арттыруға дайынбыз. Оған цехтың қауқары толығымен жетеді»,- дейді цех иесі.
Алдағы уақытта кәсіпорын өнімнің 200 түрін шығарып еліміздің түкпір-түкпіріне шығаруды жоспарлап отыр. Компания аймақтағы ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тығыз жұмыс жасауды көздеп отыр.
Айта кетейік, Сайрам ауданы - облысымыздағы экономикалық әлеуеті жоғары, халық көп шоғырланған ірі аудандардың бірі. Аудан аумағы 114 761 гектарды құрайды, 11 ауылдық округ, 42 елді мекеннен тұрады. Ауданда 239 мыңнан астам халық бар, бұл жалпы облыс халқының 11 пайызын құрайды.
Салаға жауапты мамандардың мәліметінше ағымдағы жылдың 9 айдың қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоспарға сәйкес орындалған. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы аудан экономикасын дамытып, бюджеттің кірістер бөлігін ұлғайтуда жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Биылғы жылы 9 айда аудан бойынша барлығы 203,1 миллиард теңгеге жалпы өнім өндіріліп, өсім 119,2 пайызды құрады (2023 жылдың 9 айында 170,4 миллиард теңге болған). Жалпы өнімнің 53,5 пайызы ауыл шаруашылығына, 20,2 пайызы өнеркәсіп саласына, 17,5 пайызы сауда, 8,8 пайызы құрылыс саласының үлесінде.
Жалпы өнімнің 108,7 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығында өндіріліп, шаруалардың еңбекқорлығының арқасында өнім көлемі 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда нақты көлемі индексі 129,8 пайызға артып отыр.
Облыстық «Алтын күз-2024» іс шарасында ауданымыз Агроөнеркәсіп кешен көрсеткіштерін орындаудан 1 орынды иеленді. Сонымен қатар, ет өндіруден және қайта өңдеу саласын дамытудан озат аудан атанды. Егін шаруашылығында 46,4 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 61,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Биылғы жылы 52,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жоспар орындалды (24,6 мың га дәнді және бұршақты дақылдар, 6,3 мың гектар майлы дақылдар, 11,6 мың гектар мал азықтық дақылдары, 5,8 мың гектар көкөніс, 3,9 мың гектар жерге картоп). Жыл басынан бері аудан көлемінде 35,4 мың тонна ет, 106,5 мың тонна сүт өндірілген.