Қоқысты табыс көзіне айналдыра білді
Жиырма бірінші ғасырдың әлем алдында тұрған ең күрделі мәселесі – қатты тұрмыстық қалдықтар жайы. Дүниежүзіндегі әр тұрғын шамамен жылына 300 келіге жуық қоқыс шығарады екен. Бұған зауыттар мен фабрикалар секілді ірі өнеркәсіптерден бастап, қоғамдық тамақтану орындары мен коммерциялық нысандарды қоса беріңіз. Ал елімізде жыл сайын 5 мил¬лион тоннадан аса тұрмыстық қалдықтар жиналып, оның ішінде қағаз, картон өнімдері, металл, пластик, тамақ қалдықтары, ағаш өнімдері, шыны сынықтары сияқты қалдықтардан өзге қоршаған ортаға зиянды әрі адам өміріне қауіпті батареялар, электр құралдары, тұрмыстық техника, бояғыштар, медициналық қалдықтар, пестицидтер, тыңайтқыштар, химиялық заттар мен құрамында сынабы бар басқа да заттар суға, топыраққа және ауаның ластануына аса жоғары әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, түрлі буып-түю секілді заттың сыртқы орама қаптары да осы қоқыстардың қатарында. Сондықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып тұрған жайы бар.
Дамыған елдердің тәжірибесінде, қоқысты қайта өңдеу тек энергия көзі ғана болып қоймай, сонымен қатар қосымша ресурстар өндіре алады. Осылайша, «Apple» компаниясы 2015 жылы «trade in» (ескі құрылғыларды жаңаларына айырбастау) есебінен бір тоннаға жуық алтын және тағы үш тоннаға жуық күміс өндірген.
Бүгінде әлем бойынша 2 мыңға жуық қоқыс жағу зауыты бар, олардың көпшілігі ЕО, АҚШ және Жапония елдерінде орналасқан. Мәселен, Жапонияда аралды кеңейту және әуежайлар сияқты ірі нысандарды, тіпті Осака қаласындағы EXPO-2025 нысандарын салу үшін қождан (шлак) брикеттер шығарылады. Швеция өз зауыттарының жұ¬мы¬сын қамтамасыз ету үшін көрші елдерден қоқыс импорттауға мәжбүр. Аустрияда жергілікті тұрғындар қоқыс жағу зауыттарының жанынан тұрғын үй сатып алуға ты¬ры¬сады, өйткені үй жеңілдетілген негізде жылу мен электрмен қамтамасыз етіледі. Германияда Ганновер қоқыс электр стансасы (EEW Energy from Waste) 280 мың тонна қал¬дықтарды жағып, 53 мың үй шаруашылығын электрмен қамтамасыз ету үшін 170 000 МВт*сағ электр энергиясын өндіреді.
Ал Қазақстанда өкінішке қарай, қоқыстардың сұрыпталып, қай өңдеу жағы ақсап тұрғаны жасырын емес. Сол себепті Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы негізінде «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізілуі тиіс.
Осыған байланысты өңірлердің басшыларына шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай қайта өңдеу шараларын қабылдауды міндеттеді.
Еліміздеқ қала көшелерінде, көпқабатты үйлердің аулаларында қоқыс тастайтын контейнерлер алаңында тазалық бар деп айта алмаймыз. Тұрғындар қоқысты сұрыптап тастау былай тұрсын, контейнерлердің ішіне тастау мәдениетінің төмендігі жасырын емес. Дамыған елдердің халқы мұндай жәшіктерді коммуналдық қызметкерлер келгенше тып-тыйпыл етеді. Өйткені арнайы орындарға өткізсеңіз қоқыстан да пайда табуға болады. Ал сарапшылардың айтуынша біздің полигондарда жыл сайын 60 миллиард теңге көміледі. Бұл қаржы тұрмыстық қалдықтардың қайта өңдеуге болатын көлеміне тең. Яғни керексіз зат демей кәдеге асырсақ, экологияға да экономикаға да пайдамыз тиер еді.
Сайрам ауданының тұрғыны Владислав Голярко өзінің ерекше бизнес жобасы арқылы бүгінде ауданның экономикасына да , экологиясының жақсаруына ат салысып жүрген жанның бірі. Кәсіпкер қалдықтарды жинап, сұрыптау цехын ашып, қоқыстан да пайда табуға болатынын дәлелдеді.
Аудан орталығы Ақсукент елді мекенінде осыдан 3 жыл бұрын ашылған цехты бүгінде көптеген тұрғындар біледі. Себебі осында қалдықтарды өткізетіндері көп. Осылайша олар қоқысты бейберекет тастамай қоршаған ортаға пайдасын тигізсе, екіншіден қоқыс үшін ақша алады. Тұрғындарды қоқыс тастау, сұрыптау мәдениетіне үйрету кәсіпкер үшін алғашқыда оңайға соқпады. Ал бұл бизнесті бастауға Владиславқа дәл осы себеп, яғни адамдарды қоқысты бейберекет тастамауға, сұрыптау, одан пайда табуға болатынын дәлелдеуі себеп болған.
«Мен Ақсукентте көп қабатты үйлердің бірінде тұрамын. Күн сайын көршілерімнің қоқысты қалай болса солай лақтыра салатынын, сұрыптауды білмейтіндігін көріп, қоршаған ортаға жаным ашитын. Оларға үнемі бұлай болмайтындығын, қоқысты сұрыптап тастау керектігін, тіпті оны өткізіп, екінші өмір сыйлауға болатынын айтып жүретінмін. Бірақ алғашқыда менің сөзіме ешкім мән бермеді. Сөйтіп нақты іске көштім. Алдымен 8 үйдің тұрғындарымен келісіп қоқыс тастайтын алаңға қалдықтарды сұрыптап тастауға арналған бірнеше контейнер орнаттым. Сөйтіп сол аудандарға қызмет көрсететін компаниялардың басшыларымен келістім. Яғни олар қоқыс сұрыпталып тасталған контейнерлерді бізден сатып алып, қоқыс өңдейтін үлкен зауыттарға өткізеді. Әлгі контейнерлер аулаға орнатылған соң тұрғындар бірте-бірте қоқысты сұрыптап тастауды үйрене бастады. Аз уақытта айналамыз тазаланып қалды. Ол кезде мұның бәрін мен тек бақылап жүрдім. Көршілерімнің әрекетіне іштей риза болып жүрдім. Бірақ бір күні қалдықтарды сатып алып жүрген кәсіпкер басқа қалаға көшіп кетті. Сол кезде маған неге осы бизнесті жүргізбеске деген ой келді»,- дейді «Generation» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владислав Голярко.
Алғашқыда кәсіпкердің жұмыс орны, мекемесі болмаған. Ол көшелерді, көп қабатты тұрғын үйлерді аралап, кішкентай бөлме, гаражы бар тұрғындармен сөйлесіп, келіседі. Яғни Владислав оларға қалдықтарды қабылдайтын пункт ашуға ұсыныс тастайды. Келіскендері тұрғындардан қоқыс сатып алып отырады да ал оны кәсіпкер басқа бағада сатып алып отырған. Сөйтіп оынмен бірге жұмыс жасаушылардың қатары артады. Әсіресе зейнетке шыққан адамдар оның серіктестеріне айналады. Себебі олар құр отырмай әрі жұртпен сөйлесіп, әрі табыс табады. Владиславтың сол кезде жеке көлігі де болмапты.Ол қалдықтарды арнайы көлік жалдап тасымалдаған.
Сөйтіп болашақ кәсіпкер ойда жүрген бизнес жоспарын іске асыра бастайды. жасайды. Алайда цех ашуға мүміндігі болмайды. Дегенмен ол қолды бір сілтемей барлық мүмкіндікті қарастырып, 2021 жылы республикада бастау алған EcoMeken реалити-шоуға қатысады. Бірнеше айға созылған бағдарламаның нәтижесінде сайрамдық Владиславтың жобасы жеңімпаз деп танылып, 10 миллион теңге грант ұтып алады. Аталған қаражатқа ол жобасын іске асырып, бірнеше құрал-жабдық сатып алып, Ақсукентте цех ашады.
Бүгінде онда күн сайын 3 тоннадан астам қатты қалдықтың 17-і түрін қабылдайды. Оның ең қымбаты қалбыр ыдыстар. Келісі 200 теңге, ал ең арзаны шыны ыдыстар. «Бұл бизнес жоба халыққа ұнады. Қазір мұнда келіп, сұрыпталған қоқысты өткізетін қарапайым тұрғындар көп. Біріншіден тұрғындар қоқысты сұрыптап тастауды үйренеді, екіншіден қоқысты өткізгені үшін ақша алады. »,- дейді кәсіпкер.
Бүгінде аудандағы ірі кәсіпкерлік нысандар, шағын және орта кәсіпкерлік нысандар, жеке секторлар, көп қабатты тұрғын үйлер мен көптеген мемлекеттік мекемелер осы цехпен бірлесе жұмыс істейді. Одан бөлек 300-ден аса абонент қалдықтарын бөлек қапшыққа жинап апта сайын пайда тауып отыр. Солардың бірі Октямовтар отбасы.
«Біз Владқа соңғы бір жылдан бері қалдықтарды өткізіп тұрамыз. Былтыр ұлдарым қызық көріп осы шаруаны бастаған. Оған көршінің балалары да қосылды. Қазір балалар осы арқылы аптасына екі, үш мың теңге табады. Бұл біз үшін үлкен пайда болмаса да өздерінің керек-жарағына жұмсап жүр»,- дейді Ақсукент ауылының тұрғыны Зухра Октямова.
Кәсіпкердің жобасы Eco Cashback деп аталады. Сондай-ақ ол Eco Cashback атты бағдарлама ойлап тапқан. Онда бағдарлама қолданушылары қ қай жерде қанша, қандай қалдық барып жазып, енгізе алады. Ал оны сатып алуға қызыққан кәсіпкерлер біздің компаниямен хабарласып, сатып алу жағын келіседі.
Владислав бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың басым бөлігі картон, қағаз, шыны, қалбыр, пластик, полиэтилен сынды қабылдап алған қалдықтарды іріктеп, зауытқа әкетуге дайындайды. Зауыттар мысалы қалбыр ыдыстардың келісін 300-400 теңгеден қабылдайды.
«Біз бірлесе жұмыс істейтін, яғни клиенттерімізге кәсіпорнымыздың логотипі бейлеленген экобокс, котейнерлер немесе биг-бэги секілді арнайы қапшықтар береміз. Серіктестеріміз бізбен келісім-шартқа отырып, жинаған шикізаттарын өткізеді»,- дейді кәсіп иесі.
Келісімшарттың барысын мынадай: кәсіпорындар мен компаниялардан өтініш Telegram немесе арнайы телефон нөміріне келеді. Сосын цех мамандары шикізатты алып кетудің маршрутын сызады. Мұнда қалдықтарды таситын көлік жүргізушілері, жүк тиейтін жұмысшылар бар. Олар шикізатты цехқа жеткізеді. Ал мұндағы қызметкерлер қалдықтарды сұрыптап, буып-түйеді. Ал шикізат өткізушілер ол үшін тиісті ақшасын немесе азық-түлігін алып кетеді.
Ия, ия сіз қате оқыған жоқсыз. Владиславтың цехында қоқыс үшін тек ақша ғана емес сонымен қатар азық-түлік алуыңызға да болады. Бұл кәсіпкердің тағы бір жаңа, тың бизнес жобасы.
Кәсіпкер тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын цехпен қатар әлеуметтік дүкен ашқан. «Біз қайта өңдеуге болатын қалдықтардың барлық түрін қабылдаймыз. Бекітілген бағасына сәйкес картоп, қарақұмық, құмшекер мен пияз сияқты әлеуметтік маңызы бар тауар түрлеріне айырбастаймыз. Ал қабылданған заттарды Шымкент, Кентау, Алматы қалаларындағы зауыттарға жөнелтеміз. Барлығымен келісімшарт жасастық. Тек сұрыптап, сығымдаудан өткізуіміз керек,– деді жоба жетекшісі.
Қазақшаға судай кәсіпкердің әлеуметтік дүкеннде ауыл тұрғындары бөтелке, қалбыр, баклажка секілді өздері тұтынған соң босаған тұрмыстық қалдықтарды ұқыптап жинап алып келеді де, орнына азық-түлік немесе ақшасын ала алады. Ай сайын бір ауданның өзінен 70-80 тонна қоқыс өңдейтін шағын өндірістің табысы 400/600 мың теңге. Ойдан ой туып, Владиславқа бүгінде жаңа жоба бастау идеясы келген. Қазір жарамсыз бөтелкелерді зауытқа өткізіп, орнына жаңасын алып отырған ол көп ұзамай алма шырынын шығаратын кәсіпорын ашпақ ниеті бар екен. Мемлекеттен лицензия берілсе болды, бұл іске білек сыбана кірісуге дайын отыр.
Жақында ауданға қоқыс өңдеп, оны кәдеге жаратудан алдына жан салмай тұрған Германия елінен В.Голярконың жобасына қызығушылық танытып, арнайы сапармен Клаус Эппе келген болатын.
Клаус Эппе Германия елшілігінде 30 жылдан астам уақыт қызмет еткен. Бұл оның «Ntag.partners UG» компаниясының сарапшысы ретінде Қазақстанға екінші рет іссапармен келуі. Өткен жылы Астана қаласына алғаш аяқ басқанда еліміздің көпконфессиялы болғанын ұнатқанын, сондай-ақ жергілікті халықтың қонақжайлылығына тәнті болыпты.
«Senior Expert Service» компаниясы Германияның Үкіметінен 50 пайыз, ал қалған 50 пайызы басқа да қаржы көздерінен қаржыландырылады. Компания Борн қаласында орналасқан, екі ел арасындағы келісімшарттар негізінде жұмыс істейді. Негізінен бұл компанияның мақсаты — аудан мен ауылдардағы экологиялық жағдайды жақсарту, ауылдық аймақтарға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологияларды енгізу, жалпы алғанда ауылдарды дамытуға байланысты мәселелермен айналысу. Сондай-ақ, бұл компания жергілікті мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесе, келісімге отырып, сол жердегі ауылдардағы түйткілді проблемаларды шешуге мұрындық бола алады.
SES жәрдемдесу қоры дамушы жаңа индустриялық елдерде SES жобаларын жүзеге асыруға көмектеседі және ең алдымен білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелерде қолдау көрсетеді.
Қайырымдылық қоры жергілікті жерлерде жобаны іске асыруға байланысты қаржылық шығындарды өз мойнына алуға мүмкіндігі жоқ тапсырыс берушілерге көмектеседі. Жыл сайын Жәрдемдесу қоры SES барлық халықаралық жобаларының орта есеппен 10 пайызын іске асыруға мүмкіндік береді.
Сайрамдық кәсіпер Владислав Голярконың қалдықтарды қайта өңдеу жобасы бойынша Клаус Эппе алдымен аудан әкімімен, содан соң Түркістан облысының әкімімен кездесіп, мәмілеге келу ниеті бар. В.Голярконың басты мақсаты — бастаған ісін ұлғайтып, үлкен зауыт салып, қатты және қатты емес қалдықтарды жинақтап, ауданның экологиялық жағдайын жақсарту. Мұны іске асыру үшін қомақты қаржы қажет. Өзінің айтуынша, ол 200 мың доллар шамасында. Осы қаржылық мәселені Германиялық компания арқылы шешуге мүмкіндік туындап отыр.
Клаус Эппенің айтуынша, ол былтыр Молдова үкіметі осы неміс компаниясынан маман сұрағаннан кейін іссапарға барған. Бұл компания екі ел арасындағы келісім арқылы ауылдық өңірлерді дамыту мәселелеріне онлайн режимде көмек көрсете алады.
Міне, осылайша қоқыс өңдеушісіне жеткенше бірнеше жанның қалтасын қампайта алады. Ал мұны Владислав алғашықнда көрішелеріне, енді міне дүйім жұртқа дәлелдей алды.