Сайрам ауданында электр станция салынып жатыр
Сайрам ауданында жалпы қуаты 1000 МВт жететін электр станциясы салынып жатыр. Нысан бу газ қондырғысы базасында орналасқан. Өңір қажетті ресурсқа бай. Сондықтан құрылыс сәтімен аяқталса өңірде электр тапшылығы азаймақ. Өндіріс орындары ашылып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға жұмыс та табылады. Ал жауапты мамандар нысанды 2026 жылы тапсырамыз деп отыр.
Бұл жоба электр энергиясы тапшылығын жою үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес іске асырылуда. Себебі қазірдің өзінде бір ғана Түркістан облысына 320 МВт қуат қажет. Аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығын реттеп қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз ете алады.
Қазір құрылыс басында құрылыс қызу үстінде. Жоспарланған 100 мың текше метр аймақтың 25 пайызына бетон құйылды. Төрт мың тонна метелл конструкцияны өндіру жұмысы аяқталған.
«Түркістан облысы Сайрам ауданында салынып жатқан электр станциясының құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда құрылыс басында 350-ге жуық азамат жұмыс істеуде және 70-ке жуық техника жұмылдырылды»,- дейді «Bazis Construction» ЖШС басқарушы директоры Рахматулла Алдамұратов.
ТМД елдерінде теңдесі жоқ электр станциясының құрылысы үшін Сайрам ауданынан 60 га жер бөлінді. Ал электр станциясына қажетті жабдықтар Германия мен Чехиядан жеткізіледі. Құрылғылар бу мен газ арқылы жұмыс істейді. Сондықтан сарапшылар электр энергиясын өндірудің бұл технологиясы өте тиімді деп отыр. Ал оның пайдалы әсер теу коэфиценті 53 пайызға жетеді. Бұл электр қуатын өндіруде Еуропалық жоғары нормаларына сәйкес келеді. Сондай-ақ электр станциясының табиғатұқа да зардабы аз көрінеді. Себебі станция будан электр қуатын өндіреді.
«Негізгі құрылғылардың қосалқы бөлшектері қазір құрылыс алаңына жеткізілді. Ағымдағы жылдың аяғына дейін кәдеге жаратуы тиіс қазандықтың 8 модулін жеткізу жоспарлануда. Келесі жылдың наурыз айынан бастап жоғары технологиялық газ трубиналары жеткізілетін болады»,- дейді «Түркістан БГҚ» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Нияз Мұсатаев.
Электр станциясының құрылысына екі мыңнан астам маман оның ішінде басқарушы және инженерлік техникалық құрам жұмылдырылады. Жобаны іске асыру мерзімі 2024-2026 жылдар аралығын құрайды. Қондырғы толық іске қосылғанда 370-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қараша айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен аудан әкімі Арман Сәбитовтың қатысуымен аталған бу-газ қондырғысының естелік капсуласы салынған болатын.
«Түркістан БГҚ» ЖШС-нің маневрлік генерациялау режимі бар бу-газ қондырғысы базасында электр станциясының құрылысын жүзеге асыруға 700 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылуда. Бірегей жоба тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы еліміздегі электр энергиясының қуатын арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе жүзеге асыруда.
Бас мердігері – Корей мемлекетінің «Doosan ENTERBILITY CО LTD» және «Bazis Construction» ЖШС консорциумы. Шетелдік мамандармен бірлескен жұмыс қазақстандық инженерлердің, жобалаушылардың, құрылысшылар мен энергетиктердің тәжірибесін шыңдайды.
Айта кетейік, Бу-Газ Турбиналы Қондырғылы электростанцияның артықшылығы – өндірілген электр энергиясының бірлігіне суды аз тұтынып, сәйкесінше, көп электр қуатын өндіреді. Сондай-ақ электростанция жұмыс істеуі үшін оған қажетті отынды темір жол арқылы тұрақты тасымалдауды қажет етпейді. Бұл электр желілері мен электр энергиясын тасымалдау құнын төмендетеді.