Елдің мақтанышына айналған кәсіпорын

Oinet.kz 08-10-2024 2

image.png

Түркістан облысы елімізде табиғи өсім бойынша алдыңғы қатарда 2024 жылдың 9 айында Қазақстанда 278,7 мың бала дүниеге келді. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 179,2 мың адамды құрады. Туудың ең жоғары деңгейі Түркістан облысына тиесілі (1000 тұрғынға 25,04 адам). Облыста 2023 жылдың 1 маусымынан 2024 жылдың 1 маусымына дейін 71 668 нәресте туылған. Бұл  өңірде жылына 60 мыңға жуық бөбек туылады деген сөз. Ал қазіргі таңда  балалы отбасыға ең қажетті дүниенің бірі жөргек. Бұл заттың еліміздің нарығына енгеніне біраз жылдар өтті. Әйтсе де дүкендерде тек шетелдік брендтер самсап тұр. Солардың арасында жалғыз отандық өнімді кездестіруге болады.  

 «Capable Group» – балаларға арналған алғашқы отандық жөргектер шығаратын еліміздегі жалғыз, баламасы жоқ өндіріс орыны. Сапасы жоғары, бағасы қолжетімді қазақстандық жөргектер «Altyn Bala Premium» және «SimboBaby», «GIGO» «TOMPI» атауымен шығарылып жатыр. «Capable Group» өнеркәсіп жұмысшыларының 60 пайызы  мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал осы респубдикадағы бірегей кәсіпорынның қайда орналасқанын білесіз бе? Ол Түркістан облысының кәсіпкерлігі өркендеген, тұрғындары ел аузында «пысық» атанып кеткен Сайрам ауданында ашылған. 

Зауыт жөргектер өндірісінің сапасына және халыққа қолжетімді болғанына аса мән береді. Әр жөргек арнайы тексерістен өтіп қана халыққа ұсынылады. Компания үшін баланың саулығы мен ананың тыныштығы бірінші орында.  

Бұл Түріктің “Royal Hijyen” компаниясымен бірге “Capable Group” мүгедектер қоғамы” қоғамдық бірлестігімен құрылған жоба. Сонымен қатар Түркиядағы ҚР СІМ, “KAZAKHINVEST” АҚ және облыс әкімдігінің қолдауы бар.  Ақсукент ауылындағы  өндіріс орны 2021 жылдың күзінде іске қосылған еді. 2022 жылы жапон технологиясымен минутына 500-700 дана жаялық шығаратын қондырғы орнатқан. Бүгінде фабрика тағы екі желіні іске қосып, айына 20 миллион жөргек шығарып келеді. Сондай-ақ жұмыспен қамтылғандар саны 60-тан 360 адамға жетіп отыр. Оның ішінде өндіріс орнында жұмыс істеушілермен қатар жөргектерді еліміздің барлық аумағына жеткізіп, өткізушілер де бар.

     Қазақстан Республикасының заңдылығына сәйкес мүгедектігі бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға және 18 ден асқан 1,2 топтағы мүгедектігі бар ересектерге арналған жөргектерді “Alumet” әлеуметтік порталының тапсырысы арқылы тегін түрде береді. Бүгінде зауытта толыққанды екі ауысымды қосқанда 80 ге тарта адам жұмыспен қамтылса, сату, жеткізу қызметтерін есептегенде 250 ден аса адам жұмыс жасауда. 

Өндіріс орнын ашқан кә¬сіп¬керлер алғашқыда, яғни 2010 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатындағы ұйым¬дарға жөргек жеткізумен айна¬лысқан екен. Нарықтың бұл саласын әбден зерттейді. Сөйтіп, 2020 жылы Түркиядағы серіктестерімен келісіп, құрал-жабдықтар алып келген. Кәсіпорын құрылтайшыларының алғашқы жоспары бойынша қомақты инвестиция тартып, 60-70 адамды жұмыспен қамту көзделген. Ол толық атқарылды, яғни құны 3 миллиард  теңгелік инвестициялық жобаның 100 пайызы – қазақ инвесторына тиесілі. Атауы айтып тұрғандай, мекеменің мақсаты да – мүгедектерді жұмыспен қамту, сапалы да қолжетімді отандық өнім шығару. Отандық жөргек-жаялықтар шығаратын «Capable group» мүгедектер қоғамы» ҚБ салықтық жеңілдіктерді пайдаланады. Мүгедектерге фабрика өнімі тегін, оларға жөргектердің кепілдендірілген көлемі «Aleumet» порталы арқылы тапсырыспен беріледі.

Отандық өнімнің негізгі тұтынушылары – 4 жасқа дейінгі балалар. Оларға арналған жоғарыда аталған жөргектерден бөлек мүгедектерге арналған «Shipa», «Ney Medikal», «Royal Med» гигиеналық жөргектері шығарылады. Өндіріс орнының не¬гізін қалаушылардың бірі Баянсұлу Төрегелдіқызы өз ұлына шетелдік жөргекті қолданып келген. Алайда баға мен сапаға қатысты мәселе туын¬даған. Сондықтан шетелдік өнімге бәсекелес сапалы жөргек шығаруды жөн санапты. 

«Ұлым дүниеге келгеннен кейін барлық жөргекті көрдік. Бірінің сапасы дұрыс болмайды. Бірінің бағасы қымбат. Өзімізге солардың бірі ұнады. Соны көріп, неге бізде осындай өнім шығармасқа деген ой келді. Осы саланы зерттеп, Түркиядағы 40 шақты зауытты араладық. Қытай, Жапония  елідерімен байланыстық. Басында бастаған кезде түрік технологиясымен жасадық..  Себебі бізге ең жақын, қолайлысы сол болды.  Ол  «Simbo Baby» жөргектері болатын. Бірте келе қатар алып жүріп жапондық технологияға көшіп, «Altyn Bala Premium»  жөргектерін шығара бастадық.  Біз үш нәрсеге қатты мән береміз. Біріншіден ол отандық өнім, екіншіден сапа, үшіншісі ол баға»,-  деген  Баянсұлу Төрегелдіқызы бизнес бастауда әкесінің көмегі зор болғанын жасырмады. "Осы зауытты ашу кезінде менің кеңесшім, ақылшым, ұстазым әкем болды. Әкемнің кәсіп саласында 30 жылдық тәжірибесі бар. Сол кісі менің  тәлімгерім, инвесторым. Қолдауының арқасында осындай зауыт ашып отырмын. Зауыттың жұмыс барысын туған інім Әли екеуміз жүргіземіз. Ол ішкі жұмыстарын қадағалайды, мен сапасын, маркетинг және сатылымын бақылап, сол бойынша жұмыс атқарамын",- дейді ол. 

Өнімге қажетті шикізаттар Қытай, Түркия, Германия, АҚШ елдерінен әкелінеді. Кәсіпкердің айтуынша, өндірілетін өнімдердің өзіндік ерек¬шеліктері де бар. Мысалы, «Simbo Baby» жөргегіне ең жоғары сападағы шикізат қосы¬лады. Негізі бір жөргек 14 түрлі шикізаттан жасалады. Сыртқы орамы ғана еліміздікі. 

– Мемлекет басшысы «Әді¬летті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында жаңа өнеркәсіп саясат арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіс екенімізді атап өтті. «Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс сала¬сын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек. Сонымен бірге рет¬телетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісімшарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек», деді Президент Жолдауында. Сондай-ақ мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті екені, экономикамыз басқа елдерге әр-дайым ашық болуға тиіс¬тігі айтылды. Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында біз өндірісті кеңейтуді жоспарладық. Алайда отандық өнімді өткізуде қоғамдық бірлестіктің қызметіне тікелей әсер ететін бірқатар мәселе бар. Ол өз кезегінде қызметкерлеріміздің, оның ішінде мүгедектердің еңбек¬ақысына, құрал-жабдықтардың күтіміне, жалпы фабриканың дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Отандық өндірушілер, соның ішінде мүгедектер қоғамдастығы әйгілі әлемдік брендтермен, импорттық аналогтермен бәсекелесуге мәжбүр. Өнім өткізуге жасалған бірдей жағдайда тұтынушы елімізде жасалғанымен шетелдік өнімнен кем түспейтін, бірақ бейтаныс маркалы тауарды емес, әйгілі брендтік тауарды таңдайтыны белгілі. Яғни бұл бағыт мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Шығарылып отыр¬ған жөргектердің сапасы түрік, корей, жапон тауарларынан кем түспейді. Сондықтан қоғамдық бірлестік әлемдік брендтермен отандық нарықта күресіп келеді, – дейді «Capable group» мүгедектер қоғамы» қоғам¬дық бірлестігінің төрағасы Бейімбет Сүйін.

Жоғары атап өткеніміздей бұл еліміздегі жөргек шығаратын жалғыз кәсіпорын. Сондықтан маман тапшылығы болуы заңдылық. Бірақ  өндіріс орны  бұл қиындықтың шешімін тапқан.  «Төрт жас маманды Түркияға оқуға жібердік. Өндіріс орнындағы бір қондырғының өзінде сексеннен астам қозғалтқыш бар, компьютерге қосылған, электроникамен жұмыс істейді. Жөргек шығаратын техника, қондырғылардың бәрі сырттан әкелінген. Осыған байланысты бір маманды Қытайдан, үшеуін Түркиядан шақырдық. Сол маман¬дар жұмыстың барысын өз аза¬маттарымызға үйретеді. Тех¬нолог, операторлар – сұранысқа ие мамандықтар. Шетелдік мамандарды алмастыру үшін жергілікті жастарды оқытып жатырмыз. Одан бөлек, технолог¬терді даярлауды қолға алдық. Арнайы құрылып жатқан зертханада жұмыс істейтін мамандарды да оқытуға кірістік. Олар негізінен жергілікті тұрғындар», дейді Баянсұлу Төрегелдіқызы. 

Кәсіпорын алдағы жиырма жылға жоспар-жоба жасаған. Ол бойынша отандық өндіріс көле¬мін 80-85 пайызға жеткізу көз-дел¬ген. Сондай-ақ өз өнімде¬рін ЕАЭО және ТМД елдеріне экс¬порттауды жолға қоймақ. Отандық жөргектер бүгінде Моңғолия, Ресей, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасына жөнелтіледі.

Қазіргі таңда зауытта минутына 500, күніне 200 мыңнан астам жөргек шығады. Кәсіпорын минутына 600 данаға дейін жөргек шығаруға қауқарлы. Толық қуаты жылына 500-600 миллион данаға дейін жөргек шығаруға мүмкіндігі бар. 

Жөргектегі негізгі шикізат ол саф деп аталады. Яғни суды сіңіретін ұсақ материал. Онызауыт Германия, Түркия және Қытайдан  алдырады.  Мұндағы жөргектердің тағы бір ерекшелігі төсеншітерінің орналасуында. Бұл технологияға әлемдік кәсіпорындар енді ғана көшіп жатыр. Жаңа тәсілді зауыттағылар  «бутерброд» деп атап кеткен. Бірінші астына целлюлоза төселеді, одан кейін саф, оның үстінен тағы целлюлоза төсейді. Сонда су сыртқа ағып кетпейді және баланың терісіне ешқандай аллергия бермейді. 

 Жөргектер оралатын брендтік атауы жазылған дизайнерлік қаптамалар арнайы тапсырыспен Түркияда жасалады. Ал жөргектердің бірнеше қаптамасын орайтын үлкен орауышты Шымкентте өндірілетін зауыттан алдырады екен. 

«Басқа өнімдерден ерекшелігіміз «Алтын бала» жөргегі премиум-класс болып саналады. Балалардың нәжісін 15 секундта сіңіреді. Сыртқа ағып кетуден сақтайды. Әлемдегі жоқ нәтижелерді көрсетіп жатырмыз деп айтуға болады. Сапасы керемет. Жұмсақ,  балаға ыңғайлы бастысы бағасы қолжетімді. Нарықтағы басқа да жөргектерден 30-40  пайызға арзанОтандық өнімді ел ішінде таныту, отандық брендті қалыптастыру мақсатында біз  «Altyn Bala Premium» жөргегінің  қаптамасына қазақ бөбегінің суретін қойдық. Алдағы уақытта тағы қаптаманың дизайнын өзгерткіміз келед. Мысалы сыртына қазақ баласының басына тақия киігізіп, ұлттық нақыштарды қосып  дегендей.  Ашығып айтқанда елімізде тұтынушылардың Отандық өнімге деген сенімі өте аз. Неге екенін білмеймін Қазақстанда жасалған десе сапасы төмен деген көзқарас қалыптасып қалған. Бірақ қазір тұтынушылардың көзқарасы өзгеріп келеді. Халықтың отандық өнімдерге ықыласы артуда. Сол секілді біздің өнімдер де халықтың көңілінен шығып келеді»,- дейді Баянсұлу Төрегелдіқызы.

Ия, тек Сайрамдықтардың ғана емес бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналған кәсіпорынның әлемдік нарықты бағындыруына біз де тілекшіміз!

Грантқа талас жоғары
Сайрам ауданында электр станция салынып жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу