Грантқа талас жоғары
Орта және шағын бизнесті дамыту жұмыссыздықты жоюда нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда өңірлердің экономикасын тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. Сондықтан елімізде шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне жан-жақты жағдай жасалып, айрықша назар аударылып отыр. Бұл тұрғыдан қабылданған мемлекеттік бағдарламалар жеке кәсіппен шұғылданамын, жеке кәсібімді кеңейтемін деушілерге барлық мүмкіндіктерді қарастырған. Осы ретте Сайрам аудандық «Мансап» орталығы арқылы тұрғындар мемлекеттік қолдауға ие болып, түрлі бағытта кәсіптерін жүргізіп отыр. Мамандардың айтуынша мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа ауданда тұрғындар тарапынан қызығушылық пен бәсекелестік өте жоғары екен.
« Сайрам ауданы өздеріңізге белгілі халқы тығыз орналасқан. Бүгінгі таңда қайтарымсыз грант әлеуметтік желіде өте танымал. Азаматтардың грантқа қызығушылығының жоғары болуы себептен 30 орынға 600 адам үміткер таласады. 30 адам түссе біреуі ғана ұтып жатыр. Халық арасында қызығушылық өте жоғары. Бәсекелестіктің арқасында небір мықты жобаларды комиссия қолдап, азаматтар өз жұмысының жемісін көріп жатыр. Жалпы Сайрам аудандық «Мансап» орталығы тарапынан жылдың басынан бері жұмыссыздықпен күресу, мемлекеттің қолдауы арқылы жұмыссыз санатындағы жастар болсын жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру, грант беру секілді бағытта біз алты айдың қорытындысымен 7 мыңға жуық азаматпен жұмыс жасадық. Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттың алғашқы легінде 69 азамат комиссияның оң қорытындысын алып, грант иегері атанған болатын. Олар үш айдың ішінде өз кәсіптерін бастауы қажет. Бізге үш айдың есебін тапсырып отырады. Ағымдағы жылға аудан бойынша 125 азаматқа грант беру жоспарланған. Өткен жылы 130 азамат қайтарымсыз грант алған. Олардың 20 шақтысы мүмкіндігі шектеулі жандар. Олардың барлығы дерлік 3 ай сайын жылына 4 рет есебін тапсырады»,- дейді ТО Жұмыспен қамту басқармасы еңбек мобильді орталығының сайрам аудандық мансап орталығы филиалының директоры Абзал Қазанқапов.
Ел ішіндекәсіп бастауға берілетін қайтарымсыз грант қаражатын басқа мақсатқа жұмсап, оны тегін майшелпек көретіндердің кездесетіні рас. Мамандар қазіргі таңда грант қаражатының тиімді жұмсалуы қатты бақылауда екенін айтады. Яғни тұрғындардың бұл ақшаны мақсатсыз жұмсауына жол берілмейді.
«Өткен жылдың қорытындысымен ауданда грант қаражатын мақсатсыз пайдаланған адам жоқ. Тек бір грант иегері қайтыс болды. Ал 2022 жылы 16 азаматтың қаржысын керу қайтару жұмыстары жүргізілген. Себебі олар қаржысын мақсатсыз пайдаланған. Мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға әлеуметтік осал топтағы жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Олардың ішінде мүгедектігі бар жандар, көп балалы ата-аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, қандастар және мүгедек бала асыраушылар. Сайрам ауданында ең көп кездесетін санат ол көп балалы ата-аналар. Себебі ауданда халық саны көп, тығыз орналасқан. Грант алғандардың ішінде кәсібін өрге домалап, ісі кеңейіп жатқан кәсіпкерлер өте көп. Айталық Құтарыс ауылында мүмкіндігі шектеулі жан грант алды. Қазіргі таңда ол сұраныстағы балық шаруашылығын дамытып отыр. Сонымен қатар Қарамұрт ауылында Феруза Адиева деген азаматша және Атабек есімді азамат кәсіптерін сәтті жүргізіп отыр. Олар облыс көлеміндегі кәсіпкерлік бағытындағы байқауларға барып жүлделі орындарды алып жүр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес пилоттық жобалар бар. Сайрам ауданының халқы оны өте дұрыс пайдаланып отыр. Мысалы Қосбұлақ ауылында бір көшенің бойында 18 азамат үйінде үндік асырап отыр. Ал биылғы жылы қайтарымсыз гранттың арқасында Қарабұлақ ауылында 10 адам бірігіп, үлкен цех ашып жатыр. Үлкен ауыр жүк көліктеріне әсемдік мақсатта чехол, перде тігеді. Бұл өте сәтті әрі сирек бизнес түрі »,- дейді Абзал Қазанқапов.
Сайрам ауданы ауыл шаруашылық саласында өте белсенді.Оның ішінде мал шаруашылығымен танылған аудан.Сондықтан комиссия грант қаржысын бөлерде қоғамға пайдасы бар массаж, кулинария, әсемдік салоны сияқты ерекше жобаларға көбірек басымдық беріп отыр екен.
Айта кетейік, гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.
Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.