Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланған кәсіпкер

Oinet.kz 03-10-2024 4

image.png

Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, бизнеске жол ашу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыларды толықтырудың тұрақты көзі болып қана қоймай, экономикамыздың одан әрі өсуінің нақты факторына, сонымен қатар халықты жұмыспен қамтудың және әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр.

2021 жылы ҚР Үкіметі  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны» бекітті. Бұл жоба шағын бизнесті дамытып, орта бизнесті нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ мемлекет  кәсіп ашамын, ісімді кеңейтемін дейтін азаматтарға керемет мүмкіндік ұсынып отыр. Үкімет осылайша тұрғындарға, әсіресе жұмыссыз жандарға қайтарымсыз грант беру арқылы өңірдің кәсіпкерлік саласын дамытып әрі жұмыссыздықпен күресуде. Бизнес бастауға арналған қайтарымсыз қаражаттың арқасында талай жан тұрмысын түзеп қана қоймай, кәсіпкер атанып отыр. Аталмыш бағдарламаның үлкен жетістігінің бірі атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарын азайтып, кәсіпкерлер санын ұлғайтып отыр. 

Түркістан облысының ең тығыз орналасқан Сайрам ауданында қайтарымсыз гранттың нәтижесінде кәсіпкерлік саласы қанат жайып келеді.  Азаматтар бизнестің түрлі саласын жүзеге асыруда. Бірі балық өсірсе, енді бірі көлік жөндеу орталығын, тігін шеберханасын ашқан.  Қаражатты тиімді пайдаланған жанның бірі сайрамдық Мафтуна Абдрахманова.   Ол өз кәсібін балалардың денсаулығын түзеу бағытына арнаған. Нақтырақ айтқанда кәсіпкер мемлекеттен қайтарымсыз грант қаражатына «Еркін сөйле» атты логопед орталығын ашқан. Ерекшелігі бар балаларға психологиялық қызмет көрсететін орталық аудан орталығы Ақсукент елді мекенінде орналасқан. Екі жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан мекеменің бүгінде керегесі кеңейіп, пациенттері көбейген. Қазір мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Орталық басшысы  Алматы қаласында жоғары мамандықты аяқтаған соң, логопед-дефектолог болып тәжірибе жинақтап, еңбек еткен. Сөйтіп  өзінің туған жерінде халыққа медициналық-психологиялық қызмет көрсететін орталық ашуды жоспарлайды.  Сөйтіп 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында мемлекеттік бағдарламасының «Бастау Бизнес» жобасының жастар санатымен жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған  мемлекеттік грант алуға жобасын ұсынады. Комиссия мүшелері игі істі қолдап,   бизнес идеясын қаржыландырады. 

Бұл салаға келуіме сөйлеу тілінде кемістігі бар бала санының көптігі мен отбасымдағы дәл осындай жағдай түрткі болды дейді логопед-дефектолог. 

Аудан орталығында ашылған ақылы түрде қызмет көрсетін алғашқы логопед орталығында балалар ем алуда. Мұндағы қызметкерлер  өз ісінің шебері, кәсіби білікті логопед мамандар. Олар балалардың жас ерекшелігіне қарай, дұрыс сөйлеуін дамытып, даусын ашық-жарқын шығару үшін дағдыландырады. Балалардың бет бөлігін уқалау арқылы тіл ақауларын жоюға көмегін береді. Орталықта балаларда психикалық дамуының кешігуі және сөйлеу дамуының кешігуіне байланысты алдымен диагностикалық талдау жүргізіліп, деңгейіне қарай білікті логопед, дефектолог, психолог, сенсорлы терапевт секілді мамандары қажетті кеңес береді. Баланың ыңғайы мен жағдайына қарай жеке сабақтар өткізіледі. Орталықтағы мамандар педагогикалық түзету, музыкалық терапия, кәсіби терапия, ойын терапиясы, нүктелік уқалау бойынша емдеу курсын өткізеді.  Орталық басшысы жалпы жұмыс жасай бастаған бес жылында 5 мыңға жуық адамға көмек қолын созған. Дені жас балалар. Оның басты себебі тұрмыстық жағдай мен әйелдердің жүктілік кезінде іштегі балаға мән бермеуі.Босану кезіндегі қиындық балаға, әсіресе тіліне көп әсер етеді,дейді маман. Ол күніне 15-20 баланы қабылдап олармен тіл үйрену сабағын жүргізеді.

«Мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, ісімізді бастаған кезде орталығымызда 1 ғана қызметкер болды. Кішкентай ғана бір кабинет болатын. Екі жылдың ішінде кәсібімізді ұлғайттық. Қазір бізде 10-ға тарта маман бар.Атап айтқанда логопед, массажист тағы юасқа. Айына 150-ден астам бала қабылдаймыз. Оларда әртүрлі диагноздар болады. ЗПР, ЗРР және де жеңіл дефектологиялық, логопедиялық диагноздар кездеседі. Пациенттеріміздің көбісі 3 жасқа дейінгі  кішкентай балалар. Экологияның бұзылуынан, ұялы телефонды көп көргендіктен денсаулығында, әсіресе психологиялық  бұзылыстар болады. Осындай балаларды емдейміз.  Нәтижесі  өте күшті. Біздегі мамандардың барлығы дипломы бар, кәсіби мамандар. Бізге келген балаларда бір айдың ішінде оң  нәтиже болады. Біздің ерекшелігіміз ата-аналар біздің көмекке жүгінген кезде міндетті түрде форма толтыртамыз. Яғни сол арқылы баланың жай-күйін, денсаулық жағдайын, нақты қандай проблемалар барын анықтап аламыз. Диагнозын нақтылаған соң ол балаға қандай ем-шара қолданылу керектігін ұжыммен бірге ақылдасамыз. Яғни әр балаға жеке программа жасалып, емдеу курсын бастаймыз. Ата-аналар осы күнге дейін мамандарымызға оң пікір айтуда. Ата-аналарға айтатын кеңесіміз бірінші кезекте жүктілік кезеңінен бастап балаға көңіл бөлу керек. Қажетті витаминдердің барлығын қабылдап, үнемі дәрігердің бақылауында болғаны дұрыс. Бала туылғаннан кейін әрқашан көңіл болген жөн. Кішкентай болса да баламен сөйлесіп, әңгіме айтыңыздар. Балаға ұялы телефон бермеңіздер. Олармен бірге ойнаңыздар. Себебі бала әсіресе, ананың көңіл-күйіне, энергиясына қарап дамиды,  өседі »,- дейді «Еркін сөйле» логопед орталығының іс жүргізушісі Сарбиназ Толқынжанқызы.

Мкетепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға 42 әріпті екі айда үйрену, 10-ға дейін сандарды қосып, азайту, моторикасын дамыту, есте сақтау, ойлау қабілеттерін көрнекіліктер, ойын заттары және арнайы құрылғылармен дамытып келеді. Аталған орталықта сөйлеу тілінде бұзылысы бар, тұтығы бар 1-жастан 25 жасқа дейінгі балалар мен ересектер оқытылады. Жалпы 1 кезеңдегі ем алуы 12 сабақтан тұрады. 

«Алғашында бір өзім ғана жұмыс жасадым. Күніне жеке қабылдағанның өзінде 15-20 адам  болды.   Сосын дефикталогиялық мамандығы бар адамдарды  дайындай бастадым. Қазіргі таңда балаларды оқыту және ата-аналарды мамандарды оқыту бойынша қызмет көрсетеміз. Мамандарымыз біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады»,- дейді Мафтуна Даниярқызы. 

Сонымен қатар, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда тіпті инсульт алып қалған науқастарға да қол ұшын созады екен. 

Айта кетейік, грант алған азаматтарға Орталық тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтсақ, кәсіпкер қаражат алған күннен бастап 3 ай мерзімі ішінде өз кәсібінің қызметін салық органдарына тіркеп, грант қаражаттын мақсатты пайдаланғанын растау үшін «Business.enbek.kz» интернет порталына арқылы алған заттарына шот-фактуралар мен қажетті құжаттарды өткізу қажет. Оған қоса, грант алған күннен бастап 12 ай ішінде аудандық Мансап орталығына қаржылай қаражаттың пайдаланылуы туралы аралық есептерді ұсынулары тиіс. 

Сайрам ауданында  биылғы жылы 86 адам 127 миллион теңгеге жуық қайтарымсыз грант қаржысына кәсібін дөңгелетіп отыр. 

Жеке инвесторлармен кездесті
Грантқа талас жоғары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу