АЭС-тің қоршаған ортаға ешқандай зияндылығы жоқ

Oinet.kz 17-09-2024 34

Халықтық штаб мүшелері 6 қазанда өтетін АЭС салу бойынша жалпыхалықтық референдум қарсаңында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысының Байзақ ауданында болып, Сарыкемер ауылында Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа ашылған мектепте болып, мектеп ұжымымен кездесті. 

Screenshot_35.jpg

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында білім саласына ерекше басымдық берді. 2022 жылы ұстаздар қауымының айлықтары көтерілді. Жаңа мектептер салынуда. Соның бірі сіздер еңбек етіп жатқан, барлық жағдай жасалған осы мектеп. Жаңа мектептеріңіз құтты болсын! Осы мектептен білім алған оқушыларды биіктен көрейік. 

6 қазан күні елімізде жалпыхалықтық референдум өтеді. Онда атом электр стансасын (АЭС) салу мәселесі шешілетін болады. Ал бұл еліміздегі электр энергиясының тапшылығынан туындап отырғанын жақсы білесіздер. Осы ауданның өзінде жақында ғана 240 петерлі 4 үй салынып, пайдалануға берілсе, жыл аяғына дейін тағы осындай 2 үй, үлкен спорт кешені халық игілігіне берілгелі отыр. Бұлардан басқа да өңірлерде зауыт, фабрикалар, үлкен-үлкен ғимараттар салынуда. Олардың тыныс-тіршілігін электр энергиясынсыз көзге елестету мүмкін емес. Сондықтан да таза, экологияға зияны келмейтін атом электр стансасын салу өзекті мәселелердің бірі. Ол салынған жағдайда энергия өндірумен қоса көптеген тұрғынға тұрақты жұмыс орындары ашылады. АЭС барлық қауіп-қатердің алдын алатындай, жетілген технологиялармен салынатынын айтуға болады. Сондықтан да алдағы өтетін референдумға ұйымшылдықпен қатысыңыздар. Әркімнің дауысы маңызды. Референдум халыққа артылған сенім. Сондықтан сенім үдесінен шығайық, - деді Бекболат Серікбекұлы.

Ұстаздар атынан сөз алған мектеп директоры Гүлмира Әуесбайқызы елімізде атом электр стансасын салуды қолдайтындықтарын білдіріп, референдумға ұйымшылдықпен қатысатындарын жеткізді.

Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Бақытжан Базарбек, облыстық халықтық штабтың төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, облыстық халықтық штаб мүшесі Оралхан Дәуіт 6 қазанда өтетін референдумның маңызын талқылау үшін «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. 

- Электр энергетикасын дамыту бүгінгі күннің басты мәселесі. Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орын алады. Бұл біздің атом энергиясына қажетті шикізаттың қайнарына кепілдік береді. Атап айтқанда, еліміздің АЭС салуда басқа елдерге қарағанда әлеуеті әлдеқайда жоғары. 

«Атом» десе болды, біздің халықтың есіне алдымен екінші дүниежүзілік соғыста атом қаруынан қырылған жапон, одан қала берсе Кеңес өкіметі кезіндегі талай жанның жанын жалмаған Чернобыльдағы жарылыс, Семей полигоны түседі. Біз көбіне оның қауіпті жағын ғана білеміз. Ал екінші жағы энергия көзі тұрғысынан қарағанда, оның әлдеқайда қауіпсіз екенін, үш ұйықтасаңыз да түсіңізге кірмейтін өнімді энергия қайнары екенін біле бермейтін көрінеміз. АЭС құрылысы аяқталып, іске қосылған жағдайда қоршаған ортаға зиян келтірмейтінін бірі білсе, бірі білмейді. Мәселен, көмір арқылы электр энергиясын алған кезде жағылған көмірдің 30 пайызы күл болып шығатыны белгілі. Күл болып шыққан көмірдің жарамсыз қалдық ретінде төгіліп жатқанын көз көруде, - деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.

Ал Бақытжан Жұмабекұлының айтуынша, атом энергиясын әлемде дамыған елдер ғана пайдаланып жатқан жоқ. Оны біз сияқты дамушы елдер өз игілігіне жаратып отыр.

- Әлеуметтік желілерде ел ішіне іріткі салатын алыпқашпа ақпараттар көп жазылуда. АЭС салуды үлкен қауіп көріп отырған азаматтардың мәліметтеріне сенбеуіміз керек. Себебі ел игілігі үшін қолға алынған бастаманы жоққа шығарып, аяқтан шалатындар өте көп. Түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында тұрғындар тарапынан түрлі сұрақтар қойылуда. Мәселен, «Балқаш көліне зияны тиіп кетпей ме?» - деп алаңдаушылық білдіретіндер көп.

Жыл сайын Балқаш көлінің белгілі бір мелшері буға айналып жатқанын ғалымдар дәлелдеп отыр. Ал АЭС- те электр өндіру барысында аталған мөлшерден 10 есе төмен су қолданылып, қалдық су көлге құйылмайтынын ескерте кетейін. Ендеше болашағымыз үшін қолға алынған игі бастаманы қолдау өзіміздің қолымызда, - деген Бақытжан Жұмабекұлы 6 қазан күні өтетін референдумға бір кісідей қатысуға шақырды. Жиын соңында мекеме қызметкерлері сұрақтарын қойып, штаб мүшелері сауалдарға тиісті жауаптарын берді.

АЭС энергия тапшылығынан құтқарып қана қоймай экономикалық-әлеуметтің дамуына септігін тигізеді
Еліміздің болашағы үшін таңдау жасадым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу