Электр қуаты ұлттық қауіпсіздіктің ең басты мәселенің бірі

Oinet.kz 17-09-2024 31

Шығыс Қазақстан облысында болған Халықтық штаб мүшелері «Ақорда Капитал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен болған кездесуде алдағы референдумға халықты жұмылдырудың маңызы атап өтілді. Штаб мүшелері өз сөздерінде қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы рөліне тоқталып, жиналғандарды референдумға қатысуға шақырды. 

Screenshot_33.jpg

Келешек ұрпақтың энергетикалық тәуелсіз елде өмір сүруі керектігіне тоқталған штаб мүшесі Мыңжас Нұрлыбектің айтуынша электр қуаты ұлттық қауіпсіздіктің ең басты мәселенің бірі. 

- Қазақстанның атом энергетикасын дамыту саласындағы мемлекеттік саясаты базалық энергия өндіру көздерін әртараптандыруға бағытталған. Қазір елдегі электр энергиясының шамамен 70 пайызын көмір электр cтансалары өндіреді, олардың көпшілігі қазірдің өзінде тозған. Көміртекті бейтараптыққа көшу және климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күш-жігер жағдайында көмір электр cтансалары өзектілігін жоғалтады. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында, ал оның қорлары көлемі бойынша Аустралиядан кейінгі екінші орында. Осылайша, атом энергиясын пайдалану тұрақты энергетикалық жүйені дамытудың табиғи қадамына айналады, - дейді штаб мүшесі.

Қазақстанның ядролық технологиялар саласындағы ғылыми әлеуеті халықаралық аренада жоғары бағаланады. Елімізде атом технологияларын әзірлеумен және зерттеумен айналысатын Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтын қоса алғанда, дамыған ғылыми-техникалық инфрақұрылым бар. Қазақстанда үш зерттеу реакторы, Қазақстандық термоядролық материалтану Тоқамақ және ядролық медицина орталығы жұмыс істейді. Бұл ғылыми мекемелер радиациялық қауіпсіздік, экология және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың басқа да бағыттары саласындағы құзыреттерді белсенді дамытуда. 2021 жылы Үлбі металлургия зауытының аумағында Қытайдың АЭС-тері үшін отын жинақтарын шығаратын зауыт пайдалануға берілді, бұл да Қазақстанның өзінің ядролық энергетикасын дамытуға дайындығын көрсетеді.

«Себебі оның стратегиялық маңызы бар. Мемлекет басшысының осы мәселені халықтың талқысына салуға мүмкіндік бергені халық пен билік арасында сенімді нығайта отырып, бірлесе әрекет етуде жатыр. Сондықтан, өскелең ұрпаққа бейбіт, бай, тәуелсіз елді қалдыру үшін біз осы бастан таңдау жасауымыз керек», - деген штаб мүшесі Ержан Искендер АЭС-тің қауіпсіздігі турасында ақпарат берді.

«Даулы мәселелердің бірі – АЭС-тің экология мен адам денсаулығына әсері. Атом энергиясы «жасыл» энергетикаға жатады, өйткені ол көмірқышқыл газын шығармайды және жаһандық жылынуға ықпал етпейді. АЭС-ті пайдалану кезінде қуаты 1200 мегаватт энергоблогы үшін жылына шамамен 50 текше метр радиоактивті қалдықтар түзіледі. АЭС 60 жылдан астам уақыт бойы пайдалануда болады, бұл кезде екі блокты cтансада барлығы 7200 тоннаға жуық қалдықтар өндірілетін болады. Радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеудің қолданыстағы технологиялары оларды сақтау және кейіннен көму кезінде толық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Егер салыстырсақ, көмір электр cтансасының қалдықтары жыл сайын жүздеген мың тоннаны құрайды. Радиоактивті қалдықтар ешқайда төгілмейді, бірақ уақытша немесе тұрақты радиоактивті қалдықтар қоймаларында сақталуы мүмкін. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуде Ұлттық ядролық орталығының және Ядролық физика институтының тәжірибесі бар», - дейді ол.

АЭС салатын жерді таңдау да маңызды аспект. Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша қауіпсіздіктің барлық қажетті аспектісін және табиғи-климаттық факторларды (сейсмикалық қауіп, су ресурстарының болуы, жер бедерінің болуы, геологиялық құбылыстар және т.б.), сондай-ақ бірінші кезекте елдің оңтүстігінде электр энергиясының болжамды тапшылығын ескере отырып, cтансаның қуаты 2 800 МВт дейінгі АЭС құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауыл­ының аумағы ұсынылды. 

Сарапшылардың пікірінше, екі блокты АЭС-ті пайдаланудан судың қайтарымсыз шығыны (булануы) жылына 63 миллион текшеметрді құрайды, бұл Балқаш көлінің табиғи булануының 0,32 пайызына тең. Бұл ретте Балқаш көліндегі судың жалпы көлемі шамамен 108,3 миллиард текшеметрді құрайды, бұл АЭС-ті салқындату үшін қажетті көлемнен едәуір артық, демек АЭС Балқаш көліне айтарлықтай әсер етпейді деген пікірде штаб мүшелері.

Кездесуде ұжым тарапы атом станциясының құрылысын кім жүргізетіндігін, оның пайдасы мен зияны турасында сауалдарын жолдап, пікір алмасты. 

Атом энергетикасының болашағы зор
АЭС энергия тапшылығынан құтқарып қана қоймай экономикалық-әлеуметтің дамуына септігін тигізеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу