Атом энергетикасының болашағы зор

Oinet.kz 16-09-2024 27

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан еліміз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруі керек. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне тағы да оралып, бұған дейін айтылған республикалық референдумның нақты өтетін күнін бекітті.

Screenshot_32.jpg

АЭС салуды қолдау жөніндегі Түлкібас аудандық Халықтық штаб мүшелері: Е.Жүнісов пен С.Таңатбаев аудандық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлерімен кездесті. Онда АЭС құрылысы туралы алдағы референдум, атом энергетикасының келешегі мен еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің мән-маңызы талқыланды. Сондай-ақ, кездесуде мемлекеттің тұрақты дамуы мен өркендеуіне ықпал ететін атом электр стансасының стратегиялық, экологиялық, экономикалық және ғылыми артықшылықтары жөнінде кеңінен айтылды.

Штаб мүшелері Қазақстанның энергетикалық кауіпсіздігін нығайтуда атом энергетикасының әлеуеті зор екенін атап өтті. Уранның бай қорына ие және өзінің ядролық бағдарламасын дамытуда тиімді позицияда тұрған еліміздің жер қойнауынан алынатын отынға тәуелділікті азайтуға және энергетика саласын әртараптандыруға мүмкіндігі бар. Олар өз сөздерінде атом энергетикасына салынған инвестиция Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін айтарлықтай нығайта алатынын және булану газдары шығарындысын азайту есебінен орнықты даму мақсатына кол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

- Мамандардың айтуынша, атом энергетикасының болашағы зор. Бұл жобаға бұрын күмәнмен қараған көптеген елдер қазір өз көзқарастарын қайта сараптап, оны жаңартылатын энергия көздеріне маңызды қосымша ретінде бағалауда. Демек, атом энергетикасы осы салада жоғары денгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және таза экологиялық шешім саналады. Жалпы, атом электр стансасының құрылысы елімізге өз электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді және барлық өңірді энергиямен қамтамасыз ету деңгейін арттырады. Ең негізгісі атом энергиясы көмір мен газға қарағанда әлдеқайда куатты, одан қалдық аз шығады және қоршаған ортаны қорғауға жәрдемдеседі, - деді Е.Жүнісов.

Сондай-ақ, басқосу барысында АЭС салу кезінде заманауи технологияны қолдану, қалдықтарды кәдеге жарату, кадр әлеуетін қалыптастыру және стансаға қызмет көрсету үшін жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері де көтерілді. Бұдан бөлек, алдағы уақытта елімізде өтетін маңызды саяси оқиғаның бірі – атом электр стансасын салу бойынша референдумға қатысты сөз қозғалды. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлемде энергия тапшылығы артып бара жатқанын айтып, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керектігіне тоқталды. АЭС құрылысына қатысты бүгінде халық арасында дұрыс та, бұрыс та әртүрлі пікір айтылып жүр. Егер мәселеге тереңірек бойлап, зерделесек, атом электр стансасы еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі энергия тапшылығын еңсеруге зор көмегін тигізеді екен. Қазіргі уақытта электр қуатының тапшылығы Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қатты байқалады. Бүгінде бұл өңірлердегі электр қуатының тапшылығы солтүстіктен келетін ағынмен жабылуда. Мамандар еліміздің оңтүстігінде электр энергиясының жаңа көздерін енгізбесе, тапшылық орта есеппен жылына 3 пайызға өсетінін айтуда. Осыған байланысты атом электр стансасын салу экономикалық тұрғыдан ең тиімді шешім болады деп ойлаймын. Сондай-ақ жобаны іске асыру кезеңінде мыңдаған жұмыс орны құрылады. Бұдан бөлек жоба инвестиция тартуға және Қазақстан экономикасына жоғары технологиялық шешімдерді енгізуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар атом энергетикасы отандық ғылым мен технологияның дамуына ықпал етеді, бұл еліміздің халықаралық аренадағы позициясын нығайтады, - дейді өз сөзінде С.Таңатбаев.

Штаб мүшелерінің пікірінше, АЭС құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен даму жолындағы маңызды қадам. Атом энергиясы климаттың өзгеруімен күресу және көміртегі шығарындыларын азайтудағы маңызды құрал саналады. «Қазақстанға көміртек ізін азайту үшін атом энергиясын пайдаланудың табысты мысалдары көрсетілген халықаралық тәжірибе бағдар бола алады. Елде жаңа атом электр стансаларының құрылысы энергетикалық қауіпсіздікті, экономикалық өсуді және халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етеді»,- деген С.Таңатбаев жиын соңында 6 қазан күні өтетін жалпыұлттық референдумда дұрыс шешім қабылдау арқылы әрбір азамат егемен еліміздің тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға тамшыдай үлесін қосатынын баса айтты.

Сындарлы көзқарас танытып, ел игілігі жолында батыл шешім қабылдауымыз керек
Электр қуаты ұлттық қауіпсіздіктің ең басты мәселенің бірі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу