Сындарлы көзқарас танытып, ел игілігі жолында батыл шешім қабылдауымыз керек

Oinet.kz 16-09-2024 25

Ордабасы ауданында АЭС салуды қолдау жөніндегі аудандық Халықтық штаб мүшелері коммуналдық сала қызметкерлерімен жүздесіп, атом энергетикасының өңірге және тұтас елімізге жол ашатын перспективаларды талқылады.

Screenshot_31.jpg

Штаб мүшесі Мырзаш Бекбаевтың айтуынша, қазір АЭС салу туралы сөз болғанда халықтың басты көтеретін мәселелерінің бірі – қауіпсіздік. 1986 жылы Чернобыль АЭС-інде, 2011 жылы Фукусима АЭС-інде және 1979 жылы АҚШ-тағы ТриМайлАйленд АЭС-інде апаттардың тарихи мысалдары осындай апаттардың қайталану мүмкіндігіне алаңдаушылық туғызады.

Алайда Қазақстанда құрылыс үшін қауіпсіздіктің едәуір жоғары стандарттарына ие III және III+ жаңа буын реакторлары қарастырылады. Бұл реакторлардың басты ерекшелігі – cтансаның сыртқы және ішкі әсерлерге төзімділігін қамтамасыз ететін активті және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің үйлесімі. Бұл жүйелер автономды түрде жұмыс істей алады және төтенше жағдайда оператордың араласуын қажет етпейді, бұл адам факторынан туындаған қателіктердің ықтималдығын азайтады. Мұндай реакторлар үшін ауыр апаттың ықтималдығы 10 миллион жылдық жұмыс үшін бір оқиғадан аз, бұл оларды алдыңғы буын реакторларымен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз екенін көрсетеді.

- Қазіргі таңда электр қуатының тапшылығы еліміздің оңтүстік аймақтарында көбірек байқалуда. Ал, бұл мәселе уақтылы шешіліп, электр энергиясының жаңа көздері енгізілмесе, тапшылық жыл сайын өсе бермек. Осы ретте Мемлекет басшысының атом электр стансасын салу бастамасы экономикалық тұрғыдан ең тиімді шешім екені сөзсіз. Оның үстіне, алдағы онжылдықта әлемде энергетика саласында жағдай күрделенуі бек мүмкін. Бүгінгі күннің өзінде елімізде энергияға деген сұраныстың артуы уақыт өткен сайын артпаса, азаймай отыр. Өйткені, табиғи өсім мен экономиканың дамуы энергияға деген тұтынушылықты ұлғайтып келеді. Сондықтан, 100 жыл бойы желдің күшіне, күн белсенділігіне тәуелді емес, энергия алудың тұрақты әдісі – АЭС жобасы, - дей келіп, штап мүшесі Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттеріне тоқталып, референдумның маңыздылығы баян етті.

Егер Қазақстан халқы референдумда АЭС салуды қолдаса, мемлекет халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін заманауи жобалардың бірін таңдайды. Қарастырылып отырған технологиялардың ішіне ВВЭР-1200 (Ресей), EPR1200 (Франция), HPR-1000 (Қытай) және APR-1400 (Оңтүстік Корея) реакторлары кіреді. Бұл жобалар жаңа буын реакторларға жататынын, жылу нейтрондарындағы реакторлардың екі контурлы дизайнын және басқа елдерде осындай cтансаларды пайдаланудың оң тәжірибесінің болуын қамтитын критерийлер негізінде құрастырылған «шорт тізімге» енгізілген. 

АЭС қауіпсіздігін бақылауды Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) жүзеге асырады, ол құрылыс пен пайдаланудың әрбір кезеңінде халықаралық стандарттардың сақталуын қадағалайды.

Осылай деген штаб мүшесі Мырзаш Бекбаев өз сөзінде қазіргі таңда климаттың өзгеруіне және экологияның нашарлауына байланысты бүкіл әлем түрлі сын-қатермен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударды. Сондай-ақ ол уақыт өткен сайын электр энергиясының тапшылығы артып отырғанын тілге тиек етті. Бүгінде еліміздегі энергия өндірісінің негізгі көлемі, яғни 70 пайыздан астамы көмір электр стансаларына тәуелді. Кездесуде энергия өндірісін арттырудың және оның экологияға әсерін азайтудың маңызына, бұл жолда атом электр стансасын салу ең тиімді қадамдардың бірі екеніне де баса мән берілді.

- Бәріміз де қуатты, тәуелсіз мемлекетте өмір сүргіміз келеді. Балаларымыздың да осындай елде өмір сүргенін қалаймыз. Сондықтан, қазір немқұрайлық танытып, сыншылардың сөзіне еруге, алып-қашпа әңгімелерге арқа сүйеуге болмайды. Сындарлы көзқарас танытып, ел игілігі жолында батыл шешім қабылдауымыз керек. АЭС – біз айтып отырған батыл шешім. Баршаңызды 6 қазанда референдумға келіп, АЭС құрылысына дауыс беруге шақырамын, – деді штаб мүшесі.

Кездесу соңында ауыл тұрғындары мен түрлі сала қызметкерлері 6 қазанда өтетін референдумға белсенді қатысуға ниет білдірді.

Энергия алудың тұрақты әдісі – АЭС жобасы
Атом энергетикасының болашағы зор
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу