Штаб мүшелері тұрғындарды референдумға ұйымшылдықпен қатысып, дауыс беруге шақырды

Oinet.kz 13-09-2024 30

Бүгінгі күні халықтың арасында қызу талқыланып жатқан тақырып атом электр станциясының құрылысы. Бұл мәселеге байланысты қоғамдық талқылаулар халықтық штаб мүшелерінің белсенділігімен өтіп, 6 қазанда жалпұлттық референдумға қатысуға шақыру жалғасын табуда. Осындай кездесудің бірі Түлкібас ауданындағы Арыс ауылдық округі, Керейт мәдениет үйінде өтті. 

Screenshot_21.jpg

Оған Парламент Мәжілісінің депутаты, халықтық штаб мүшесі Ұласбек Сәдібеков және Түлкібас аудандық қоғамдық штаб төрағасы Е.Жүнісов, штаб мүшелері А.Нұранов және ядролық физика саласының жас маманы Ә.Бәймеш қатысты. Штаб мүшелері округ тұрғындарымен және «Арыс» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесіп, АЭС бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жиынды Түлкібас аудандық қоғамдық штаб төрағасы Е.Жүнісов ашып жүргізді. «Сіздер жақсы білесіздер, Қазақстан 2009 жылдан бері уран өндіруден әлемде бірінші орында және уранның барланған қоры бойынша екінші орында. Ал әлемдегі ең қауіпсіз АЭС түрі – су энергетикалық реакторы. Бүгінгі таңда республикада электр энергиясын тарататын 222 стансаның 148-і жаңартылған энергия көздеріне тиесілі. Қалған 80-ге жуығының 65 пайызы тозған. Электр энергиясының көбісі шамамен 70 пайыз көмірмен өндіріледі. Қазіргі таңда олар жыл өткен сайын ескіруде. Алдағы онжылдықта бізге оларды ауыстыру қажет болады. Ал әлем елдері қазір көмірден бас тартып жатыр. Өйткені қоршаған ортаға зиян, климаттың өзгеруі, адам денсаулығына залалы секілді бірнеше фактор ықпал етіп отыр.

Өздеріңіз білетіндей, жаңартылған энергия көздері тұрақты емес. Газ тапшы. Көмір зиян. Осындай бірнеше факторды ескерсек, электр энергиясының дағдарысы жылдан-жылға өспесе, кемімейді» деді Е.Жүнісов.

Кездесуде сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты, халықтық штаб мүшесі Ұласбек Сәдібеков өз кезегінде Қазақстанның энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жалғыз дұрыс шешім АЭС салу мәселесі екеніне тоқталды. Оның айтуынша, қазір АЭС-ке тең келетін баламалы энергия көзі жоқ. Әлем бойынша 31 елде 450- ге жуық атомдық электр стансалары жұмыс істеп тұр. Тағы 54-1 салынып жатыр. Атап айтсақ, АҚШ-та 92 станса, Францияда - 56, Қытайда 57, Жапонияда 33, Үндістанда 22 станса бар. Болашақта АЭС салынуы мүмкін орындардың бірі ретінде, Алматы облысына қарасты Үлкен ауылы болып жоспарланған. Айту керек, елімізде атом электр стансасын салуға дайындық процесі жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдаудан бұрын басталған еді.

- Бүгінгі күні барлығымыз бір сағат электр энергиясынсыз шыдай аламыз ба? Өмірімізді электр жарығынсыз ете аламыз ба? Әрине, жоқ.  Менің мақсатым – сіздерге өз білген-түйгенімді түсіндіру, сұрақтарыңызға шама-шарқымша жауап беру. Бұл саланың маманы болмасам да мен атом электр станциясы жөнінде энергетика министрілігі мамандарынан сұрап, ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп және ғаламтордан біршама ақпарат жинақтадым. 

Елімізде жұмыс істеп тұрған станциялардың тозу деңгейі жоғары. Елімізде электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3 пайызға өсуде. Сонымен бірге Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді қоса алғанда, жаҺандық экологиялық міндеттемелерді өзіне жүктеп отыр. Ядролық энергетикалық әлеуеті жоғары АҚШ, Франция, Қытай, Жапония, Ресей және Оңтүстік Корея елдерінде атом  электр станциясының бір емес, бірнешеуі бар. Бұлардың арасында тағы салып жатқандары бар. Соңғы жоғары технологиямен салынған атом электр станциялары қауіпсіздігі жоғары. Демек, бізге де ІІІ, +ІІІ буын реакторлыларының жетілдірілген нұсқасымен салса, қауіпсіздігімізге кепілдігі бар. Қауіпсіздік, шығындарды азайту және жаңа құрастыру технологиялары мәселелері шешіледі. 

Дәстүрлі көмір және газ электр станцияларынан айырмашылығы, атом электр станциялары энергия өндіру кезінде атмосфераға көмірқышқыл газын шығармайды. Ал қоршаған ортаға көмірқышқыл газының зияндылығы жоғары, – деп Ұласбек Сәдібеков АЭС жөнінде жинақтаған ақпараттарын ортаға салды. 

Ауыл тұрғындар арасынан Мақұлбек Тайжанов АЭС құрылысын кім салады? деп алаңдаушылық білдірді. Сөйтіп: «Оны Ресей де, Қытай да емес, Франция салғаны дұрыс» деп өз пікірін білдірді. Мәжіліс депутаты Ұ.Сәдібеков ақсақалға «пікірлеріңізді осылай еркін білдіргендеріңіз дұрыс. Алып құрылысты әлі кім салатыны шешілген жоқ. Оңтүстік Корея, Франция, Ресей, Қытай секілді әлеуеті жоғары елдердің бірімен келісім түзіледі» деп жауап берді. 

Ал келесі ауыл тұрғыны Тұрғанбек Тұрабаевтың «АЭС салынған жағдайда электр энергиясының бағасы қандай болады? Кейін Ресейге тәуелді болып қалмаймыз ба?» деген сұраққа мәжіліс депутаты «Мамандар АЭС іске қосылғаннан кейін бірте-бірте тарифте оң өзгеріс болатынын айтуда. Өзіңде бардың жөні бөлек қой қанша айтқанмен. «Бал ұстаған бармағын жалар» деген бар емес пе?» деген жауап қатты. 

Одан кейін ядролық физика саласының жас маманы Әйгерім Бәймеш сөз алып, елімізде атом электр станциясын салудың тиімді жақтарын, халыққа пайдасы, қауіпсіздік факторлары жөнінде айтты. «Біз секілді жас мамандар жұмыспен қамтылып, қосымша өндіріс ошақтары ашылар еді, экономикамыз көтеріледі. Референдумға қатысып, әрқайсыларыңыздың дауыс берулеріңіз  келешегіміз үшін маңызды» деп көпшілікті дауыс беріп, таңдау жасауға шақырды. 

Штаб мүшесі А.Нұранов та электр энергиясы тапшылығының зардаптарын айтып өтті.  Ол үшін елдік маңызы бар қадамға қолдау білдіру қажеттігін, АЭС салудың тиімді тұстарын айтып, «ынтымақты елдің ырыс мол, ынтымағымыз бекем болса, алынбайтын қамал жоқ» деп көпшілікті бірлікке шақырып, референдумға ұйымшылдықпен қатысып, дауыс беруге шақырды. 

АЭС-ке тең келетін баламалы энергия жоқ
Тарихи шешімді ел қабылдайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу