Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Атом энергетикасы өнеркәсіп пен ел экономикасының дамуына елеулі ықпал етеді. Қазақстанда уран өнімдерін өндіру саласында барлық қажет мүмкіндік бар. Елімізге тұрақты базалық генерация және таза энергияның көзі керек. Бұл ретте АЭС салынса, ол тұтынушыларды қымбат емес, экологиялық электр энергиясымен қамтитын болады.
Жалпы 6 қазанға белгіленген жалпыхалықтық референдумге байланысты республикалық Халықтық штаб мүшелері жария талқылау жұмыстарын өңір-өңірде жалғастыруда. Жуырда халықтық штаб мүшелері Маңғыстау облысында да болып, Ақтау қаласының тұрғындарымен кездесті. Оған Маңғыстау облысы және қалалық мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық кеңестер, партия өкілдері, ғалымдар, атом энергетикасы саласындағы мамандар, азаматтық белсенділер қатысты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының негізгі бағыттары қаралды. Сондай-ақ, күн тәртібіне сәйкес атом электр станциясының құрылысы бойынша алдағы референдум, энергетикалық саясат және Маңғыстау облысындағы энергетика саласының ағымдағы жағдайы талқыланды.
Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі тақырыбында Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев баяндама жасады. «Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда Үкіметке Жаңаөзен, Қашаған және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырды. Сондай-ақ, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялады. Бұл, әрине, адал еңбек, маңдай терімен қызмет етіп жүрген азаматтардың мәртебесін көтеруге жасалған қадам. Қазақстанда АЭС салу жалғыз өзі экономикалық және әлеуметтік мәселелердің жалғыз шешімі ретінде қабылданбауы керек. Алайда ол ғылым, технология, инфрақұрылым салаларын дамытудың қуатты катализаторы бола алады» деді ол өз сөзінде.
Ал Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев референдумның маңыздылығына тоқталды. «Жалпы референдум өткізу Мемлекет басшысы бастаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының практикалық тұрғыда орындалуының бір көрінісі десек болады. Ауыл әкімдерін сайлау, келесі жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау процесінің іске қосылатыны, елді толғандырған маңызды сұрақтарға қатысты референдум өткізу елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін оң өзгерістер. Алдағы референдум өркениетті демократиялық процестердің орнығуына, азаматтық жауапкершіліктің артуына септігін тигізеді деп есептеймін», - деді ол.
«Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің БН-350 реакторлық қондырғысының директоры Марат Молдағұлов өз баяндамасында Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың маңыздылығы туралы сөз қозғады.
- Атом энергетикасы энергиямен жабдықтауды дамытуға және экономиканың тұрақты өсуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болып қала береді. Ол сенімді, экологиялық таза және жоғары тиімді электр энергиясын өндіруді қамтамасыз еткендіктен қазір әлемде таптырмас энергия көзі болып отыр. Оған қоса, Қазақстанда АЭС салу компанияларды дамыту, біліктілігін арттыру және жұмыс орындарын құру есебінен жергілікті өнеркәсіпке пайда әкеледі. Жергілікті компаниялар жұмыстың едәуір бөлігін орындайды, бұл олардың әлеуетін арттыруға және өндірістің өсуіне ықпал етеді. Жоғары технологиялық жобаларға қатысу жергілікті мамандарға тәжірибе жинақтауға және кәсіби өсуге мүмкіндік береді, - деді зауыт директоры.
Ал жиында Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтының директоры Киікбай Жаулин болашақ энергия тапшылығы проблемасын шешу үшін атом электр станциясын салудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша басқа да сарапшылар нақты мәселелерге тоқталып, бірқатар ұсыныс жасады. «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова Жолдауда қойылған міндеттерді іске асырудағы азаматтық қоғамның рөлін атап өтті, ал Amanat Маңғыстау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Анар Шамшадинова саяси шешім қабылдаудағы жастар белсенділігі туралы ойымен бөлісті. Пікірталас қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар ұсынысты ортаға салды.