Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Республикалық халықтық штаб мүшелері Түлкібас аудандық штаб мүшелерімен бірге халық арасында кездесулер өткізуді жалғастыруда. Олар бірнеше ауылдық округтерде болды. Ақбиік ауылдық округіндегі мәдениет үйінде өткен жиында АЭС қорылысы бойынша келелі әңгіме болып, штаб мүшелері тақырыпты барынша ашуға тырысты.
Ақбиік ауылдық округі тұрғындарымен өткен жиынға Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты, халықтық штаб мүшесі Ұласбек Сәдібеков және Түлкібас аудандық қоғамдық штаб төрағасы Е.Жүнісов, штаб мүшелері А.Нұранов және ядролық физика саласының жас маманы Ә.Бәймеш қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтетінін хабарлады. Жалпы АЭС салу туралы ел ішінде түрлі пікір мен сұрақ көп. Осыған орай референдумнан бұрын жұртшылықтың пікірін тыңдап, сұрақтарына дәлелді жауап беріліп, АЭС салудың артықшылықтары мен залалсыздығын түсіндіру үшін республикалық штаб мүшелері үгіт- насихат жұмыстарын бастап кеткен болатын. Осыған орай Түлкібас ауданына арнайы келген Парламент мәжілісінің депутаты, халықтық штаб мүшесі Ұласбек Сәдібеков Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының негізгі басымдықтарына жан-жақты тоқталды.
- Бұған дейінгі Президенттің халыққа арнаған Жолдауларынан халық қандай әлеуметтік қолдаулар болатынын, зейнетақы, жәрдемақылардың қаншалықты көбейетінін күтетін. Бұл жолғы Жолдау заң, тәртіп, экономика тұрғысына басымдық берілуімен ерекше болды. АЭС салу бойынша Президент мамандарға терең зерттеуді бұдан бұрын да тапсырған болатын.
Жалпы ел ішінде атом электр стансасының құрылысына байланысты қауесет көп. Оның бәрі де мамандардың зерттеуімен қарастырылып, АЭС барлық қауіп-қатердің алдын алатындай, жетілген технологиялармен салынатыны түсіндіріліп жатыр, - деді Ұласбек Сәдібеков.
Әлемдегі дамыған мемлекеттерде бірнеше АЭС барын, тиімділігін дәлелдегенін айтқан Түлкібас аудандық қоғамдық штаб төрағасы Е.Жүнісов күтілетін оң нәтижелерге тоқталды. ЕЖүнісов өз сөзінде дамудың даңғыл жолындағы Қытайда 56 АЭС барын және 27-сі салынып жатқанын айтып, басқа да мемлекеттерді мысал ретінде атады. Электр энергиясының тапшылығы күн сайын сезіліп келе жатқанын айтқан ол біздің ел бүгінде жылу электр стансаларын пайдаланып отырғанын тілге тиек етті. Алайда олардың бәрі 70-80-жылдары салынғандықтан тозығы жеткен.
Дәл осындай жиын округтегі «Ақбиік» бастауыш партия ұйымының мүшелерінің қатысуымен де өтті. Басқосуда сөз алған аудандық штабтың мүшесі А.Нұранов еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отырған партия мүшелерін референдумға атсалысып, өз пікірлерін айтуы керек екенін жеткізді.
Негізінен референдум демократиялы елдер үшін қалыпты құбылыс. Бұл дегеніміз маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру. Ол республиканың бүкіл аумағында өткізіледі. Референдумда Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарды қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу сынды маңызды мәселелер алға шығады. Әдетте референдумда дауыс берушілерге сұрақ беріледі, оған «иә», «жоқ», «келісемін», «келіспеймін» немесе «қолдаймын», «қолдамаймын» деп жауап беруге болады. Референдум өткізу кезінде азаматтар өз қалауы бойынша қатысып, дауыс беруге құқылы. Әрі азаматтардың дауыс беруі жасырын түрде өтеді. Барлық процесс мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Референдумның өткізілу жайын сөз еткен А.Нұранов «Мемлекет тағдырына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен және оның – пікірін ескере отырып қабылданады. Президент ұстанған саясаттың бұлжымас қағидасы осы. Бұл біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының көрінісі», - дей келіп, партия мүшелерір референдумға қатысып, АЭС салуға дауыс беруге шақырды.
Ал жас ғалым Әйгерім Бәймеш елімізде атом электр станциясын салудың тиімді жақтарын, халыққа пайдасы, қауіпсіздік факторлары жөнінде айтты. «Біз секілді жас мамандар жұмыспен қамтылып, қосымша өндіріс ошақтары ашылар еді, экономикамыз көтеріледі. Референдумға қатысып, әрқайсыларыңыздың дауыс берулеріңіз келешегіміз үшін маңызды» деп көпшілікті дауыс беріп, таңдау жасауға шақырды.