Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Халықтық штаб мүшелері Шымкент қаласындағы «Назар Текстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесті. Оған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мұратәлі Қалмұратов және штаб мүшелері қатысты.
Серіктестік жұмысшыларымен болған кездесуде еліміздегі 6 қазанда өтетін референдум мен АЭС салу мәселесіне қатысты бірнеше өзекті ойлар қозғалды. Одан бөлек, ағымдағы жылдың 6 қазан күні өтетін жалпыхалықтық референдумның мақсаты мен маңызы жайында ақпарат берілді.
- Соңғы мәліметтер мен сараптамаларға сүйенсек, жыл өткен сайын еліміздегі энергетикалық сұраныс өсіп келеді. Қазақстанның экономикалық дамуы мен халық санының артуы да осы мәселеге себеп болып отыр. Демек, біздің елде атом электр стансасы салынбаса, экономикалық және экологиялық тұрғыда бірқатар тәуекелге тап болуымыз мүмкін. Ал АЭС тұрақты және сенімді энергия көзі ретінде аталған мәселені шешуде маңызды рөл атқарады. Шын мәнінде, атом энергетикасынан бас тарту Қазақстанның сыртқы энергия көздеріне тәуелділігін молайта түсері сөзсіз. Бұл Ресей мен Қытай секілді көршілес елдерден электр энергиясын импорттауға мәжбүр етуі бек мүмкін. Энергияның негізгі бөлігін сырттан сатып алғандықтан ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төніп, экономикалық тәуелділік арта түсері айтпаса да түсінікті. Олай болса, бәріміз бірге еліміздің прогрессивті даму жолында батыл қадам жасауымыз керек, - деген штаб мүшесі Мұратәлі Оразалыұлы жұртшылықты референдумға белсене қатысуға шақырды.
Сонымен қатар қалалық жедел жәрдем стансасында өткен «дөңгелек үстел» отырысында штаб мүшелері АЭС-тің тек энергия көзін қамтумен шектелмейтінін, сонымен қатар еліміздің экономикалық, ғылыми және технологиялық әлеуетін нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ бұл күні халықтық штаб мүшелері Шымкент қаласындағы педагогикалық университеті мен «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында» да кездесулер өткізді. Онда 6 қазан күні өтетін жалпыұлттық референдумда дұрыс шешім қабылдау арқылы Қазақстанның тәуелсіздігін одан әрі нығайтып, еліміздің даму жолындағы маңызды қадам жасау қажеттілігі түсіндірілді.
Ал қала орталығындағы «Ардагерлер үйінде» өткен басқосу барысында штаб мүшелері атом электр стансасының құрылысы еліміздің бәсекеге қабілетті болуына өз жәрдемін тигізетінін айтты.
Кездесу барысында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты Хамит Сәрсенбаев АЭС туралы өз болжамдарымен, ойымен бөлісті.
- Энергетика мамандарының талдауы бойынша, 2030 жылы Қазақстанның электр энергиясына деген қажеттілігі 28,2 гигаватт болады, тапшылық – 6 гигаватт, ол басқа елдерден сатып алынуы керек. Сұранысты толық өтей алмай, жетіспейтін электр қуатын Ресейден алуға мүмкіндігіміз бар. Ең қызығы, уран өз елімізде өндіріледі, біз уран қоры бойынша әлемде екінші орында, өндіру бойынша бірінші орындамыз.
Менің ата-бабам Қаратаудың бөктерінде, уран кеніштерінен алыс емес, Көзмолдақ-Сызғанда өмір сүрген. Жеке мен үшін бұл депозиттер ата-бабаларымыздың баға жетпес мұрасын бейнелейді, ол біздің туған мемлекетіміздің қуатын нығайтуға қызмет етуі тиіс. Бұл ата-баба аманаты – ұрпаққа аманат. Неге барымызды еліміздің игілігіне, оның өсіп-өркендеуіне жұмсамасқа? Сондай-ақ, табиғи жолмен өндірілетін баламалы энергия көздері – күн, жел, су энергиясы біздің еліміздегі өндіріс сұранысын толық қамтамасыз ете алмайтынын, сонымен қатар табиғи энергияның климатқа, географиялық және техникалық жағдайларға байланысты екенін атап өткен жөн.
Атом электр стансасын салу туралы шешім Қазақстанның одан әрі экономикалық және технологиялық дамуы жолындағы маңызды қадам болмақ. Елде жаһандық энергия тапшылығының күшеюі және климаттың өзгеруі қаупі жағдайында көптеген мәселелерді шешуге көмектесетін сенімді энергия көзі болады. Бұл менің ғалым ретінде ғана емес, елімнің азаматы ретіндегі азаматтық ұстанымым, - дейді Хамит Сәрсенбаев.
Сонымен қатар, халық қалаулысы ел болып талқыға түсіп жатқан АЭС құрылысының өзектілігі, болашақта ғылым мен білім саласына тигізер оң ықпалы туралы баяндай келіп, Шымкент қаласының тұрғындарын 6 қазанда өтетін жалпыхалықтық референдумға қатысуға шақырды.
Кездесу соңында, қызметкерлер арасында сұрақ-жауап пен пікір алмасу жүргізілді.