Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб делегациясы Оралға жұмыс сапарымен келді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі, республикалық халықтық штабтың мүшесі Бақытқожа Ізмұхамбетов бастаған топ этномәдени бірлестіктермен және жастармен кездесті.
Бақытқожа Ізмұхамбетов делегацияның мүшелерін таныстыра отырып, кездесудің маңыздылығына тоқталды.
- Әлемдегі ең ірі уран қорларының біріне ие Қазақстан атом энергетикасын дамыту үшін бірегей мүмкіндіктерге ие. Бұл біздің елімізге электр энергиясына деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар сенімді энергия экспорттаушы ретіндегі халықаралық аренадағы өз ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді. Атом стансалары экономикалық тұрғыдан тиімді шешім ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құру, ғылым мен технологияны дамыту үшін маңызды қадам. Атом энергетикасының арқасында Қазақстан болашақ ұрпақ үшін табиғи ресурстарды сақтап, планетадағы экологиялық жағдайды жақсартуға өз үлесін қоса отырып, орнықты және қауіпсіз дами алады, - деді Бақытқожа Ізмұхамбетов.
Бағдарламаға сәйкес халықтық штаб мүшелері сөз сөйлеп, өз ой пікірлерімен бөлісті. Әуелі этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен бас қосқан штаб мүшелері кейін волонтерлермен кездесті. Оралдық өндіріс орындарының ұжымы да кездесуден қалыс қалмады.
Делегация мүшелері АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың басты мақсаты мен міндеттеріне, атом электр стансасының елімізге беретін пайдалы тұстарына тоқталды. Ең бастысы өндіріс орындары жұмысшыларымен кездесуде АЭС-тің маңыздылығына басымдық берілді. Штаб мүшелері Қазақстан үшін атом энергетикасы энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге және экологияны жақсартуға бағытталған стратегиялық шешім екенін атап өтіп, басқа да пайдалы жақтары туралы мол мағлұмат берді. Атом электр стансалары ондаған жыл бойы тұрақты электр энергиясын өндіруге қабілетті, бұл әсіресе қарқынды дамып келе жатқан экономика үшін өте маңызды.
Кездесуде «Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиев электр энергиясы тапшылығынан шығу жолдарын айтты. «Қазіргі таңда энергетика саласының мамандары болашақта елімізде электр энергиясы тапшылығы болуы мүмкін екендігін айтып жүр. Сарапшы Алмас Әбілдаев 2025 жылдан кейін Қазақстанда энергия тапшылығы сезіле бастайтындығын болжайды. Энергетиктер қазірдің өзінде елде 1-2 ГBm энергия тапшылығы бар екендігін айтады, ал 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы 9 ГBm-тан асып кету қаупі бар. Енді бұған жаңадан салынатын өндіріс орындары мен тоқпен қуатталатын автокөліктердің тұтынатын энергиясын қосыңыз. Осы мәселелерді қорыта келе, Қазақстанға атом электр станциясы ауадай қажет, мүмкіндік болса бірнешеуін салған дұрыс деп ойлаймын», - дейді ғалым.
Еліміз үшін атом электр станциясының пайдасы шаш етектен. Біріншіден, АЭС электр энергиясы тапшылығын жоюға, екіншіден, Париж келісіміне сәйкес еліміздің «жасыл» экономика, таза экология қағидасын ұстануына мүмкіндік береді. 1 килограмм уран өндіретін энергия 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайдан шығатын энергиямен тең екендігін айта кету керек. Яғни, ураннан алынатын салмағы небәрі 4,5 грамм ядролық отын таблеткасы 350 килограмм мұнай немесе 400 килограмм көмірге парапар энергия бөледі. Сонымен қатар, АЭС жыл сайын 20 миллион тоннаға тарта көмірқышқыл газының ауаны ластауын болдырмайды. Үшіншіден, Қазақстанда уран өндірісі бойынша әлемдегі өндіруші елдердің алдыңғы қатарында. Елімізде жылына 20 мың тонна уран өндіріледі, бұл әлемдегі уран өндірісі көлемінің 40 пайызын құрайды. 2018 жылдан уран сату көлемі бойынша бірінші орындамыз. Төртіншіден атом энергиясын тұтыну 1 пайызға өссе, елдің жалпы ішкі өнімі 0,32 пайызға артады екен.
«Мәселен, Қызылорда облысынан бастап, Жетісу облысына шейін Алматы мен Шымкент қалаларында Қазақстанның 50 пайыз халқы тұрады. Міне, осы жаққа электр энергиясы қазір тапшы, жетпей жатыр. Сондықтан солтүстіктен энергия тартқан өте қымбат. Өйткені қашықтық артқан сайын электр энергиясының шығындары да көбейе береді. Егер кенеттен солтүстік өңірде қажет болатын болса, сол жерден электр тоғын жеткізу оңай», - дейді Саябек Сахиев.
Жұмысшылар еліміздің қуат тәуелсіздігіне қол жеткізуді құптайтынын білдіріп, АЭС туралы пікірлерін айтты. Сөйтіп кәсіпорын қызметкерлерімен еркін форматта өткен пікір алмасты. Кездесу соңында жұмысшылар мұндай саяси науқаннан тыс қалмай референдумға ұйымшылдықпен қатысып, өз таңдауларын жасайтындықтарын жеткізді.