АЭС елге жаңа мүмкіндіктер мен экономикалық серпін береді

Oinet.kz 10-09-2024 26

Халықтық штаб мүшелерінің өңірлерге іссапарлары жалғасын табуда. Бұл жолы республикалық халықтық штаб мүшелері Жетісу облысында болып, «Талдықорған жылу сервис» мекемесінің қызметкерлерімен кездесті. Онда Республикалық халықтық штаб мүшелері Ғ.Сарыбаев пен Р.Қожасбаев және Жетісу облыстық Халықтық штаб мүшесі Р.Салыкова кездесу барысында АЭС-тің жаңа мүмкіндіктер мен экономикалық серпін беретінін түйсіндірді.

Screenshot_13.jpg

Кездесуді Жетісу облыстық Халықтық штаб мүшесі Р.Салыкова ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде Атом электр стансасын салу мәселесі қазіргі таңда қоғамда қызу талқыланып жатқанын айтты. «Жалпы АЭС құрылысына қатысты халықтың көзқарасының, ой-пікірінің сан алуан болуы түсінікті жағдай. Себебі АЭС салу ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды шешімдердің бірі. АЭС мәселесіне қатысты қарама-қайшы пікірлердің пайда болуы да орынды. Бір жағынан, атом электр стансасының энергия өндіруде тиімділігі жоғары екені белгілі, ал екінші жағынан, қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға әсері көптеген сұрақ туғызады. 

АЭС салу мәселесінде асығыс шешім қабылдауға болмайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, өрескел қателіктер үлкен апаттарға алып келуі мүмкін. Чернобыль мен Фукусима апаттары елдің есінен шыға қойған жоқ. Сондықтан, ең алдымен, барлық қауіпсіздік талаптарын ескеріп, қоғамдық пікірді жан-жақты талқылау арқылы шешім қабылдау өте маңызды. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесін референдум арқылы шешуді ұсынды.

Бүгінгі таңда облысымызда да референдумға орай жария талқылаулар ұйымдастырылуда. Жария талқылауларда барлық азамат өздерін қызықтыратын технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік- экономикалық аспектілері бойынша да кез келген сұрақтарына жауап таба алады. Қазір әлемнің алпауыт мемлекеттері атом энергиясын пайдаланады. Атап айтсақ, АҚШ-та - 94, Францияда 56, Қытайда 50, Ресейде - 38, Жапонияда 34, Оңтүстік Кореяда 24 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Ендеше индустрия, мен экономиканы көтеру үшін әр мемлекетке АЭС керек екені даусыз. Осы тұрғыда ҚР Энергетика министрлігі әлемдегі озық технологияларды қарастырып жатқанынан хабардармыз. АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея, Ресей сияқты елдердің технологиялары жан-жақты зерттелуде. Егер бұл іс қолға алынса, бірнеше мемлекеттен түрлі технологиялар тартылатын халықаралық жоба болмақ», - дейді Р.Салыкова.

Келелі жиында штаб мүшелері АЭС-тің мүмкіндіктерін жан-жақты сөз етті. Сөз кезегінде Республикалық халықтық штаб мүшелері Ғ.Сарыбаев та АЭС бұл елдегі энергияның өндірудің тиімді жолы екеніне тоқталды.

- Бүгінгі күні барлық мемлекет үшін халықты тұрақты және қауіпсіз энергиямен қамтамасыз ету стратегиялық мәселе. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, елдің энергетикалық қауіпсіздігін тек атом энергетикасы арқылы қамтамасыз етуге болады. Өйткені дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері тұрақты өндіріс бола алмайды. Сондықтан елімізде де атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесі бойынша ғалымдар көп жұмыс істеп жатыр. Елімізде атом саласында 17,9 мыңға жуық адам жұмыс істейді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамында 15 мыңға жуық жұмысшы бар. Атом өнеркәсібіндегі студенттердің саны 9000 адамды құрайды, - деді Ғ.Сарыбаев.

Өз кезегінде Р.Қожасбаев АЭС салудағы экономикалық мүмкіндіктерді тізбектей жөнелді. Айтуынша, бұрын Қазақстан ірі-ірі зауыттар саларда электр энергиясының мүмкіндігіне қарайлайтын. Ал АЭС салған соң, еш жалтақсыз өндірісті өрістетуге болады екен.

«Атом электр стансысында өндірілетін электр энергиясының құны басқа энергия көздерімен салыстырғанда жоғары болмайды. Өйткені ондағы отынның бағасы тұрақты және энергия сыйымдылығы жоғары, сондай-ақ станцияның қызмет ету мерзімі 60 жылды құрайды, оны 80 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Қазақстан табиғи уранның барланған қоры бойынша әлемде екінші орында. Барлық барланған әлемдік қорлардың 14 пайызға жуығы Қазақстанның жерастында шоғырланған, оның 70 пайызы экологиялық таза әдіс жерасты сілтілеумен өндіруге жарамды. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік өндірістің 40 пайызға жуығын өндіріп, уран өндіруден әлемде бірінші орында тұр», - деді Руслан Қожасбаев.

Халықтық штаб мүшелері кездесу барысында жетісулықтардың қойған сұрақтарына жауап беріп, халықты 6 қазан күні өтетін жалпыхалықтық референдумға қатысуға шақырды.

Халықтық штабтың міндеті – АЭС туралы дұрыс ақпарат беру
Халықтық штаб мүшелері Оралда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу