Халықтық штабтың міндеті – АЭС туралы дұрыс ақпарат беру

Oinet.kz 10-09-2024 33

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы жылдың 6 қазанында өтетінін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойғаны белгілі.

Screenshot_12.jpg

Бүгінгі таңда атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрылып, түрлі форматта кездесулер өткізуде. Сондай кездесудің бірі Сайрам ауданында орналасқан Сайрам медициналық колледжінде «АЭС құрылысы» тақырыбында өтті. Оған облыстық және өңірлік халықтық штаб мүшелері облыстық мәслихаттың депутаттары Ғабиден Қапалбаев, Динара Егамбердиева, Бекарыс Шойбек және Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмурадов қатысты. 

Кездесуде штаб өкілдері, АЭС құрылысына қатысты мол мәліметтер беріп, АЭС салудың артықшылықтары мен оның аймаққа әкелетін әлеуетті әсерлері туралы баяндады.

Штаб мүшесі Ғабиден Қапалбаев әлемдегі дамыған бірқатар мемлекетте бірнеше АЭС бар екенін, тұрғындарға ешқандай зияны тиіп жатпағанын айтты. Сондай-ақ елімізде АЭС салынған жағдайда энергия өндіріліп қана қоймай, тұрақты жұмыс орындары ашылатыны және жылу үшін пайдаланылатын отыннан шығатын зияндылықтардан құтылатынымыз жайында кеңінен түсіндірді.

- Мемлекет тағдырына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады. Президентіміз ұстанған саясаттың бұлжымас қағидасы осы. Бұл – біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының көрінісі. АЭС құрылысы бұл Қазақстанның алдағы ұзақ жылдардағы табысты дамуының кепілі болатын серпінді жоба. Бүгінде дүниежүзіндегі озық ойлы тұлғалар атом энергетикасын пайдаланудың тиімділігін түсінеді. Әйтпесе Франциядай дамыған елде, Ресей секілді алпауыт мемлекетте бірнеше атом электр стансасы салынбас еді. Әрине, дәл қазір біздің алдымызда үлкен таңдау тұр. Осы себепті халықтық штабтың міндеті – ел арасында тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу әрі АЭС туралы дұрыс ақпарат беру, - деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ кездесу барысында АЭС-тің экологиялық қауіпсіздігі, экономикалық тиімділігі және энергия тапшылығын шешудегі рөлі жан-жақты талқыланды. Әсіресе, жас буынның техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыру және атом энергиясы саласында болашақта мамандар даярлау қажеттілігі ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаттары Динара Егамбердиева мен Бекарыс Шойбек студенттермен атом электр стансасының болашағын талқылады.

- АЭС салу - жаһандық дамудың бір көрінісі. Сондықтан құрылыс барысы толық назарға алынады. Қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі. Қоршаған ортаға ешқандай зиянын тигізбейді. Тіпті Канадада мектептің жанынан АЭС құрылысын бастап жатыр. Демек, АЭС толық зерттеуден, тексерістен өтеді, - деді Динара Егамбердиева.

Ал Бекарыс Шойбек өз сөзінде Семей ядролық полигоны пен атом электр стансасын салыстыруға болмайтынын алға тартты. Сонымен қатар электр өндірудегі шығындарға тоқталып, алпауыт мемлекеттердегі АЭС құрылыстарын тілге тиек етті.

Өз кезегінде Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмурадов колледж оқытушылары мен студенттердің қойған сұрақтарына жауап берді.

- Электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3 пайызға артуда. Демек, біздің қоғам үшін электр энергиясының маңызы орасан. Табиғатқа ешқандай зиянын тигізбейтін уран арқылы электр энергиясын алу жолының бұл түріне әлемдегі өркениеті озық елдердің көбі дерлік өз келісімдерін берген. Суға, жерге ешқандай залал әкелмейді. Шығарылатын қалдықтар арнайы тексерілген, тұрғындар тіршілік ететін мекеннен алшақ жерге көміледі, -  деген Шамхат Халмурадов АЭС-тің пайдалы тұстары туралы ойын ортаға салды.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, әртүрлі пікірлер тыңдалып, сұрақтарға жауап берілді. Сайрам колледжі студенттері өздерін қызықтырған мәселелер бойынша тікелей сұрақ қойып, АЭС құрылысының маңызы мен салдары жайлы толық ақпарат алды.

АЭС - еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты
АЭС елге жаңа мүмкіндіктер мен экономикалық серпін береді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу