Түйеқұс етіне мейрамханалардан сұраныс көп

Oinet.kz 28-08-2024 68

428707171_1578172962930981_897046274287766622_n.jpg

Сайрам ауданында мал шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлер көп екендігін айтқан едік. Одан бөлек, құс шаруашылығы, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер де аз емес. Соның ішінде құс шаруашылығын бөліп алсақ болады. Құс шаруашылығы десе көпшілігіміз тауық, бөденені еске аламыз. Олардың жұмыртқасы мен етін күнделікті тұтынатынымыз анық. Малдың қара етіне қарағанда құс еті қолжетімді. Құс еті ағзаға оңай сіңіріледі. 

Қазіргі таңда құс шаруашылығына – түйеқұс өсіру де қосылды. Түйеқұс қазіргі кезде сайрамдықтар үшін таңсық болмай қалды. Бұрын түйеқұс десе шошына қарайтын еді.  

Манкент ауылында тұратын Санжарбек Болысов 2 жыл бұрын түйеқұстың екі балапанын сатып алып асыраған. Былтыр мемлекеттің қолдауымен грант алып, құстың санын арттырған. Бүгінде түйеқұстың 1 жасар бес балапанын қорада ұстап, төрт бас аналық пен бір бас аталығын ауыл сыртындағы шағын шаруашылықта асырап отыр.

«Бұл құс суыққа төзімді, жергілікті ауа райына бейім. Балапан кезінде жақсы күтім жасалса, жылдам өседі. Былтыр 28-29 градус аязда, ал биыл 17-18 градус суық болса да төзімділік танытты. Сондай-ақ, түйеқұс ыстыққа да шыдамды. Тропикалық аймақта мекендейтін құсты өз өңірімізде өсірудің өзіндік ерекшелігі де бар» — дейді шаруа.

Оның айтуынша, бойы 2-3 метрге жететін құстың аталығының салмағы 140-150 келіге жетеді. Әрқайсысы 100 келіге дейін ет беретіндіктен, жергілікті мейрамханалар тарапынан келісін 4 мың теңгеден алуға тапсырыс түсуде. Еті — қант диабеті мен қан қысымы дертіне дауа болса, ал терісі — аяқ киім, сөмке тігуге қолданылады. Өмір сүру ұзақтығы 60-70 жылды құрайтын түйеқұс жылына 40-50 рет жұмыртқалайды. Яғни түйеқұстар аптасына 1 бір жұмыртқалайды. Оның жұмыртқасына да сұраныс көп екен. Оның бір жұмыртқасының өзі 10 мың теңге тұрады. Кәсіпкер алдағы уақытта африкалық құстың басын арттырмақ.

Негізінен түйеқұсқа шөп, әсіресе, жоңышқа, жүгері, бидай береді. Сондай-ақ, уақытында суарып отырса, бабының аса қиындығы жоқ. Өзі көп ауыра да бермейді.

Түйеқұстың еті мен жұмыртқасынан басқа тұяғы, тұмсығы, кірпігі, қауырсындары, жүні мен терісі де пайдаға асатын көрінеді. Мәселен, қауырсындарын бас киімге, сахналық костюмдерге пайдаланады. Ал оның терісінің беріктігі піл мен қолтырауынның терісіне пара-пар деседі. Оны аяқ-киім қаптауға, басқа да сәндік бұйымдарды жасауға пайдаланады. Әсіресе, еті мейрамханаларда диеталық тағам ретінде үлкен сұранысқа ие

Бұл ерекше құстар планетада  миллиондаған жыл бұрын пайда болды деп саналады. Австралия мен Африка елдерінде өмір сүреді, яғни, шөлейтті жерге барынша бейім. Шамамен 300 жыл бұрын, түйеқұстар тек Африкада ғана емес, Палестинада және Кіші Азияның үлкен аумағында өмір сүрген.

«Қайып ата» Тәжікстанға ет экспорттады
Жылына 18 мың тонна күнбағыс майы өндіріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу