Энергетика қажеттілік пен тұрақтылық

Oinet.kz 13-09-2024 36

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында елімізде АЭС салу бойынша 6 қазан күні жалпыұлттық референдум өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл еліміз үшін дер кезінде қабылданған батыл шешім болды. 

Screenshot_8.jpg

Осы ретте Шардара ауданында Халықтық штаб мүшелерінің қатысуымен жиын өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов және облыстық мәслихат депутаты Б.Серманизов қатысып, Шардара ауданының халқымен кездесті. Кездесуді Шардара ауданы әкімінің орынбасары Н.Сапаров жүргізіп отырды.

- Қазіргі таңда Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде. Электр энергиясын көрші елдерден импорттауға мәжбүр болып тұрғанымыз жасырын емес. Осы тәуелділікті жоюда атом элекр станциясын салу ең тиімді жол деп білемін. Сондықтан барша жерлестеріме АЭС салу туралы шешімді қабылдай отырып, осы асқақ арманымызға қарай қадам жасауға шақырамын. Біз елдің энергетикалық тәуелсіздігін шегелеп бекітеміз. Болашақ ұрпаққа энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз, яғни экономикасы тұрақты және өркендеген Қазақстанды мұра етіп қалдыратын боламыз, - деді өз сөзінде Н.Әбішов.

Атом энергиясының басты ұтымды тұсы – оның экономикалық тиімділігі. Мұнай мен газ бағасы тұрақсыз болғандықтан, біраз мемлекет энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақты энергия көзіне көшуді қарастырып отыр. АЭС-тің бір артықшылығы сол, тұрақты әрі ұзақ мерзімді энергия көзін қамтамасыз етеді. Ол мұнай, газ, көмір сияқты пайдалы қазба байлығына қарағанда, әлдеқайда пайдалырақ. Сосын ұзақ уақыт бойы жарамды. Мәселен, Францияның кейсін алайық. Франция мемлекеті атом энергиясын кеңінен пайдаланып, энергияның негізгі бөлігін АЭС-тен алып отыр. Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) мәліметі бойынша, атом станциясы энергия өндіру құны жағынан көмір станцияларымен жиі бәсекеге түседі. Кей жағдайда атомнан энергия өндіру құны тіпті одан да арзан болуы мүмкін.

Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Б.Серманизов АЭС салу ол экологиялық жағынан да тиімді дегенді айтады. «Атом электр станциясы бірінші кезекте көмірқышқыл газының эмиссиясын әжептеуір азайтады. Яғни бұл жердегі «эмиссия» деп отырғанымыз – СО2-нің топырақ бетінен атмосфераға баруын сипаттайтын үдеріс. Біз сүйенген дереккөздегі мәлімет бойынша, сарапшылар АЭС-ті парниктік газдың атмосфераға кетуімен күресетін бірден-бір тәсіл ретінде қарастырады. Мысалы, АҚШ-тағы National Renewable Energy Laboratory мәліметінше, АЭС көмір станцияларына қарағанда атмосфераға көмірқышқыл газын 100 есе аз шығарады. Атом энергиясының көмір мен мұнайға қарағанда экологиялық «таза» болуы – міне, сол себептен» дейді ол.

Қазір атом туралы сөз болғанда, міндетті түрде оның пайдасы мен зияны қатар айтылатынын ескергеніміз абзал. Екі түрлі көзқарас, екі түрлі пікір бар. Бірі – атомды «ядролық қару» ретінде көру, екіншісі – «энергия көзі» ретінде тұтыну. Бұл – атомның экологиялық «әлеуетін» санамаған кездегі жайт. Әрі сол көзқарастың бір-бірінен тым жырақ, тым алыс екенін де жіті ұғынған жөн.

Шардара аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы С.Кошалиев «Қазақстан – энергетика саласында тап қазіргі сәтте үлкен әлеуеті бар ел» деп атап өтті өз сөзінде. «Елімізде табиғи ресурс көп. Мұнай, газ, көмірді айтпағанда, уран қоры да мол. Қазақстан уран өндіруден әлемде жетекші орында екені анық. Сонымен қатар ҚР Энергетика министрлігінің 2024 жылғы ресми мәліметінше, Қазақстан табиғи уран қоры бойынша әлемде 2-орында тұр. Бұл нені білдіреді? Демек еліміз АЭС салу үшін өзін-өзі қажет шикізатпен қамтамасыз ете алады деген сөз. Қазақстанның энергия жүйесі негізінен көмірге тәуелді болғанымен, экологтар мұның экологиялық зардабын жиі айтады. Сондықтан да біз дұрыс жолды таңдауымыз керек», - дейді ол. 

Сондай-ақ жиын қорытындысында С.Кошалиев алдағы референдумды өткізу барысына тоқталып, жиынға қатысып отырған комиссия мүшелеріне референдум өтетін күні атқарылатын жұмыстар бойынша байқаушыларды, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тіркеу, қоғамдық бірлестік өкілдерімен, мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс істеу және цифрлық құжаттармен жұмыс, сайлаушыларға дауыс беру бюллетеньдерін беру, үйден дауыс берушілермен жұмыс, дауыстарды санау жөнінде нұсқаулыққа сәйкес түсіндірді. 

Энергия тапшылығының шешімін бірге табайық
АЭС салу – біздің ортақ мақсатымыз!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу