АЭС салу – біздің ортақ мақсатымыз!

Oinet.kz 13-09-2024 34

Қазығұрт ауданында АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб өкілдері аудандық мәдениет үйінде руханият саласының қызметкерлері және жергілікті тұрғындармен кездесті. Аталған топты Amanat партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев бастап барды.     

Screenshot_9.jpg

Қазір қазақ қоғамының ақпараттық кеңістігінде атом энергиясы туралы айтылғанда, Франция мен Жапония мемлекеті міндетті түрде сөз болады. Өйткені, аталмыш елдердің АЭС салудағы тәжірибесі Қазақстан үшін үлгі бола алады. Франция атом энергиясына тәуелді мемлекет ретінде энергия тапшылығы мәселесін шешкенімен, қауіпсіздік стандарттарын қатал ұстануды өзінен де, өзгеден де талап етіп отыр. Олардың осы үлгісі қазақстандықтарды да қызықтырып отырғаны анық. 

Жиында партия филиалының төрағасы қазығұрттықтарға референдум өткізудегі мақсат, энергия тапшылығы мәселесі, атом электр станциясының елге беретін пайдасы, экономика мен әлеуметтік ахуалға тигізетін оң әсері және қауіпсіздігі туралы айтып берді. Алтынсары Дүйсенбекұлы атом энергетикасы – экономикалық жоба екеніне тоқталды. Елімізде энергия жетіспеушілігі жылдан-жылға өзекті болып келе жатқанын, Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 20 пайызы газдан, 2 пайызы күн, жел мен судан өндірілетінін тілге тиек етті. 

Жиын барысында штаб құрамындағы партиялардың өкілдері мен энергетика саласының мамандары да АЭС-тің артықшылықтары жайында сөз қозғап, референдумдағы әрбір таңдау ел болашағы үшін маңызды екендігін жеткізді. Олар өсөз кезегінде жалпы бейбіт атом энергиясын пайдалану – бүгінгі глобализация үдерісіндегі әлемнің ең өзекті, сонымен қатар қарама-қайшылығы көп мәселесінің бірі екеніне тоқталды. Ядролық энергияның тиімділігі мен тұрақтылығы біраз елге оны таза энергия көзі ретінде қолдануға мүмкіндік беретіні рас. Әлемнен шет қалып, жабық мемлекет болып өмір сүріп жатқан түгіміз жоқ. Әлем ортақ, жер ортақ. Енді бұл сауал қазір бізге де қойылып отыр. Қазақстан үшін де АЭС салу мәселесі өзекті.  Оның қорытындысы 6 қазан күні АЭС салу мәселесі бойынша өтетін референдумда белгілі болады. 

- Біздегі энергетикалық инфрақұрылым күн санап ескіріп барады. Станциялардың 65 пайызы тозған. Әсіресе, энергия тапшылығы біздің оңтүстік аймақтарда анық байқалып отыр. Бұл тұрғындар қажеттілігімен қатар кәсіпкерлікті дамытуға да үлкен кедергі болады. Энергетика саласының мамандары мен ғалымдар атом энергетикасын дамыту – осы күрделі ахуалдан шығудың жалғыз жолы екенін айтып жатыр. Ең негізгі мәселе – қауіпсіздік. Халықты алаңдатып отырған басты мәселе де осы. Қазіргі уақытта әлемде жұмыс істеп тұрған 415 ядролық реактордың барлығы дамыған елдерде орналасқан. Егер АЭС адамзатқа қауіпті болса, өркениетті елдер бұдан бас тартар еді. Одан бөлек, қазір әлемде 60-қа тарта АЭС салынуда. Көршілес Өзбекстан да АЭС салудың қамына кіріскен. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде көш бастап тұр, ал уран қоры бойынша екінші орында. Дамыған мемлекеттердің өзі АЭС-ке қажетті шикізатты бізден алып отыр. Ядролық отын өндіретін зауыт та өзімізде бар. Осыншама ресурсты, зор әлеуетті елдің игілігіне, экономикалық тәуелсіздігімізді нығайтуға жұмсамасақ, оның пайдасын қашан көреміз? Қашанғы шикізат елі болып қала береміз? Сондай-ақ, АЭС салуға 2 мың жұмысшы жұмылдырылса, қолданысқа берілген соң 8 мың жұмыс орны ашылады. АЭС құрылысы оның айналасындағы инфрақұрылымды да дамытуға серпін береді. Жаңа жолдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер салынады, - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы сөз кезегінде.

Өз кезегінде мәдениет саласы қызметкерлері мен тұрғындар сауалдарына жауап алып, пікірлерін ортаға салды.

Энергетика қажеттілік пен тұрақтылық
АЭС салудың тиімді тұстары көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу