АЭС салудың тиімді тұстары көп

Oinet.kz 14-09-2024 33

Түлкібас ауданында құрылған Халықтық штаб мүшелерінің аудан тұрғындары, кәсіпкерлік нысандар мен өндіріс орындарындағы, қоғамдық ұйымдардағы кездесулері жалғасуда. Кеше аудандық қоғамдық штабтың төрағасы Е.Жүнісов аудандық «Агро» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесіп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтқандай атом электр станциясын салуға байланысты 6 қазан күні өтетін Референдум бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.  

Screenshot_10.jpg

АЭС салудың тиімді тұстары көп. Сарапшылардың пікірінше, атом электр станциясының пайда болуы атмосфераға зиянды шығарындылар деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қазір елдің энергетикасы көмір отынын кеңінен пайдаланады. Сонымен қатар, ғалымдар атом электр станциясы энергия өндіру қарқынын арттырып қана қоймай, оның құнын төмендетеді деп санайды. Мәселен, 2023 жылы Қазақстан Ресейден шамамен 100 миллиард теңгеге 3,4 миллиард кВт/сағ электр энергиясын импорттаған. Бұл электр энергиясының қымбаттауынан болып отыр. Салдарында түпкі тұтынушылар – тұрғындар мен бизнеске салмақ түсті. Бұл нені білдіреді, елімізде импорталмастыру шараларын тездетіп қолға алу қажет екенін көрсетеді. Ал оның бірден бір жолы дәл қазіргі уақытта АЭС құрылысын салу болып отыр, - дейді қоғамдық штабтың төрағасы. 

АЭС салу мәселесінде сұрақ көп. Кездесуде тұрғындар тарапынан қойылатын сұрақтың бірі – Атом электр станцияларын салудың заманауи ұсынылып отырған технологиялары халықаралық стандарттарға қаншалықты сәйкес келеді және олардың басқа елдерде қолданылатын шешімдерден қаншалықты артықшылығы бар? Бұл сұраққа ел ғалымдарының берген жауабы қанағаттанарлық. Олардың айтуынша, әлемдік тәжірибе мен МАГАТЭ ұсынымдарына сүйене отырып, қазақстандық тарап әйгілі француздық Аssystem инжирингтік компаниясы бекіткен технологияларды бағалаудың өзіндік жүйесін әзірлеген. Яғни 13 жоба зерттелді, 4 буын, ІІІ+ реакторлары таңдалды. Жабдықтаушылар немесе технология жеткізушілері Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Франциядан келген 4 компания болып табылады. Бұл мемлекеттерде маңызды ядролық энергетикалық мүмкіндіктері бар, олардың қауіпсіздігі уақытпен сыналған. АҚШ-пен бірге олар әлемдегі ең ірі бас реактор операторларының қатарына кіреді. Бұл жауап қазақстандықтардың ойынан да, көңілінен де шығып отыр.

Жиын барысында штаб өкілдері, Amanat партиясының аудандық филиалы мен қоғам қайраткерлері, аудандық ардагерлер алқасының өкілдері елімізде АЭС салу бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісті. 

«Қарапайым тілмен айтқанда, үйімізде немесе жұмыс орнымызда бірнеше сағатқа жарық өшіп қалса, қандай қолайсыз күйге тап боламыз. Бүкіл тіршілігіміз электр энергиясымен байланысты болғандықтан, әбігерге түсіп, қайта жанғанша байып таппаймыз. Бұл қолайсыздықты тұрмыста да, мекемеде де сезініп, тіршілігіміз едәуір тоқырайды. Әсіресе, қыстың күндері қиын-ақ. Ал, мұндай мәселе еліміздегі энергия тапшылығынан келіп туындайтыны анық. Энергия жетіспеушілігі жылдан жылға артпаса төмендеуі екіталай.  Міне, елімізде атом электр станциясын салу бойынша 6 қазанда өтетін референдумның баршамыз үшін маңызы зор. Мамандарымыз АЭС салынған жағдайда энергия тапшылығы шешіліп ғана қоймай,  экономикалық – әлеуметтік дамуға мүмкіндік ашылып, халықтың әл-ауқатының жақсара түсетінін болжап отыр. Сонымен бірге, атом электр станцияларын салу және пайдалану озық технологиялар үдерісіне, инновацияға, ІТ шешімдерді енгізуге жол ашады. Бәсекелестікке қабілетті ел ретінде танылып, бизнес сферасы дамиды» деді аудандық қоғамдық штабтың төрағасы Е.Жүнісов. 

Кездесу барысында жинға қатысушылар тарапынан сұрақтар берілді. Жалпы, ол кездесуден көп мағлұматтар алып, сұрақтарына жауап тапқан «Агро» бастауыш партия ұйымының мүшелері үгіт-насихат жұмыстарының пайдалы болғандыған жеткізді.  

АЭС салу – біздің ортақ мақсатымыз!
АЭС – еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу