Сайрамда кәсіпкерлер тәжірибе алмасты
Кәсіпкерлік саласы үлкен ізденісті талап етеді. Кәсіпкер әрқашан ізденісте жүрмесе, оның кәсібі тоқырап, жабылып қалу қаупі зор. Сондықтан да кәсіпкер әрқашан білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып отырғаны абзал. Теориялық білім мен практика ұштасқанда ғана кәсіпкер үлкен жетістіктерге жетеді. Яғни теория мен практика – құстың қос қанаты секілді бір-біріне мұқтаж. Бірі болмаса, екіншісі іске жарамсыз болады.
Осы орайда жақында Сайрам ауданында «Сайрам ауданында өнеркәсіптік сүт өндіру технологиясын насихаттау» мақсатында семинар-кеңес өтті. Семинарға сүт өндіру бойынша жұмыс жасап жүрген сүт тауарлы фермалардың басшылары қатысты. Басты мақсат – бір-бірімен тәжірибе алмасу болды. Яғни мақсаттары бір азаматтар – ортақ мүдде, нәтиже үшін бір-бірімен ақпарат, мәлімет алмасып, бір-біріне білмейтін білімдерімен бөлісті. Осының нәтижесінде қос тараптың да біліктіліктері мен білімдері артып, білім көкжиектері кеңейді.
Басқосу барысында жаңа технологияның ерекшеліктері және сүт өндірудін болашағы бойынша «Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институттың» бөлім басшысы Ж.Шералы алғаш сөз кезегін алды. Семинарды жүргізіп, жаңа технологиялардың пайдасы және оның қыр- сырларын және боринтеровкалау (асыл тұқымды ірі қараның конструкциясы, физиологиясы және өнімділігі оның ішінде желі орамы, сүттің майлығы, ақуздығы, сүт мөлшерін бақылау) бойынша оның ішіндегі, жоғары сапа көрсеткен ірі қараларға асылдандыру ұрықтандыру жұмыстарымен өнімділігі жағынан жақсы төл алуға болатындығын мәлімдеді.
Осылайша бұл басқосуда кәсіпкерлер өз кәсіптеріне ғылым-білімнің соңғы жаңалықтарын енгізу керектігін де түйсінді. Кәсібін ғылыммен байланыстырмаған адам өткен заманның сарқыншағын пайдаланып, заман ағымына ілесе алмай, қалып кетуі әбден мүмкін. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» демекші, білімді азаматтар кәсібіне соңғы технологияны енгізсе, жинайтын өнім көлемін бірнеше есе арттырып, мол табысқа ие бола алады. Мысалы гектарына бір тонна емес, он тонна, бір сиырдан 10 литр емес, 20 литр сүт алуға болады. Бұған ғылымның, тәжірибенің қосар үлесі зор.
Бұдан бөлек, өнімділікті арттыруға аса маңызды азықтандыру болып саналатын яғни, (рацион азығын қадағалау) берілу мөлшері, құрамы, шырындылығы бойынша ұстап күтіп бағу туралы «Шерзад-1» ШҚ сүт тауарлы фермасының базасында шаруа қожалықтарына фермерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді.