Жергілікті кәсіпкерлерге аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіледі
Сайрам ауданы – жеке кәсіпкерлік саласы жоғары деңгейге дамыған аудандар қатарына жатады. Сайрамдық кәсіпкерлер тек ауданды, облысты емес, бүкіл республиканы, тіпті көршілес мемлекеттерді өзінің сапалы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Аудан экспорттаған тауарлар еліміздің қазынасына айтарлықтай үлес қосып отырғанын айтпай кетпеуге болмайды. Ауданда кәсібін өз қаржысымен дамытқандар да, мемлекеттен түрлі субсидия, жеңілдетілген несие алып дөңгелетіп отырғандар бар. Бірақ, барлығының мақсаты бір, арман айқын. Басты міндет – еліміздің экономикасын дамытып, Қазақстанды алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосу. Сондықтан да кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс істеп, ортақ жобаларды жүзеге асыру керек.
Осы орайда Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен ауданда 2024-2025 жылдары жеке инвестиция есебінен іске асатын жобаларды жүзеге асыру бойынша жиын өтті. Жиынға тиісті сала және дербес бөлім басшылары және жеке инвесторлар қатысты. Өз кезегінде, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бахадир Олжаев аталған тақырып аясында баяндама жасады. Баяндама барысында жобалар мен жұмыс орындарының сандық көрсеткіштеріне және инвестициялық құнына тоқталды. Ауданда биыл жетістік көп. Жеке кәсіпкерлер белсенді жұмыс істеп, мемлекет қазынасына айтарлықтай салық түсірген. Салықтың ақшасы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін реттеуге кететіні, халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмсалатыны белгілі. Яғни жеке кәсіпкерлер Қазақстанды дамытып, алдыңғы қатарлы ел етуде өз үлесін қосып жатыр.
Сондай-ақ, «NURYM GROUP» ЖШС құрама жем зауыты мен ЖК УБАЕВ ауыл шаруашылығы жануарларын сою кезінде қалған қосалқы өнімдерін (қан, сүйек, ішек қарын) қайта өңдеу құрылысының, «МЕAT MAGNAT» АШ ӨК 10 000 мал басына арналған заманауи бордақылау алаңы, мал сою цехы, салқындатқыш қоймалар, тоңазытқыш камералар және ет өңдейтін цехтың, «GЕN GROUP KAZAKHSTAN» ЖШС жылыжай кещенінің, «Bunker» сауда, ойын-сауық кешенінің, «KUZOV KARABULAK» ЖШС автобөлшектер шығаратын, тағы басқа көптеген кәсіпорындардың қазіргі жағдайына тоқталды. Аталған кәсіпорындар жергілікті әкімдікпен тығыз қарым-қатынас орнатып, жүйелі және жемісті еңбек етіп отыр. Жүйелі жұмыс толағай табысқа алып келетіні белгілі.
Кәсіпкерлермен кездескен аудан әкімі Арман Сәбитұлы тиісті сала басшыларына оларға қолдау танытуды тапсырды.