Сайрамдық киім-кешектер шетелге экспортталады

Oinet.kz 28-08-2024 87

436800930_1761206734372689_5902802639696982605_n.jpg

Сайрам десе көпшілік мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығын, дәмді тағамдарын еске түсіреді. Яғни Сайрам осы арқылы халықтың жадында мықтап қалған. Десе де Сайрамда басқа да кәсіп түрлері қарқынды түрде дамып келеді. Соның бірі – мата, киім-кешек өндірісі. Сайрамда қолынан іс келетін еңбекқор адамдар өте көп. Олар жұмыстың ешқайсысынан қашпайды. Еңбекқор азаматтар еңбектің наны тәтті екенін біледі. Осы сөз құдды Сайрам ауданының тұрғындарына арнап айтылған. Сайрамдықтар кәсіптің барлық түрін тез игеріп, оны кәсіби түрде атқара алады. 

Ақсукент ауылы, Қарабұлақ тасжолының бойында орналасқан «АХБК» ЖШС-нің тігін фабрикасында бүгінде белсенді түрде жұмыс істеп тұр. 2018 жылдың қараша айында іске қосылған фабрикада арнайы формалар, әскери киімдер, төсек-орын бұйымдары тігіледі. Қазіргі таңда әскери киімге деген сұраныс артқан. Қазір әлемдік картада заман тыныш болмай тұр. Осы тұста Отан қорғау күн тәртібінде бірінші орынға шыққан. Отан қорғаушыларға арнап киім тігетіндер аса көп емес. «АХБК» ЖШС осы олқылықты реттеп, әскери азаматтарды сапалы киіммен қамтуда оқ бойы озық тұр. Көптеген әскери мекемелер өздеріне қажетті киім-кешекті «АХБК» ЖШС-нан алады. Яғни бұл фабрика өзінің тұрақты клиенттерімен тығыз жұмыс істеп, екіжақты тиімді келісімде отыр. Әскери киімге қойылатын басты талап – киімнің сапалы болуы. «АХБК» ЖШС бұл үдеден шығып келеді. Олар киім тіккенде матаның сапасына ерекше мән береді. Сапалы матадан тіліген киім ұзаққа шыдас береді. Ал әскер адамы күнделікті қимыл-қозғалыста болып, күн астында көп жүреді. Оларға сапалы киім керек екені айтпаса да түсінікті. Әскерилердің киімі ауа өткізіп тұратын, қыста жылу сақтап, жазда салқын өткізетіндей сапалы болса, сарбаздың өміріне де оң әсер етеді.  

Сонымен қатар шағын кәсіпорын жылына 1 млн дана киім-кешек пен төсек орын бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Шикізат Ресей, Түркия елдерінен тасымалданады. Яғни Қазақстан тек шетелден киім алып қана қоймай, шетелге де киім эскпорттайды. Әйтпесе халықтың санасында Қазақстан киімді тек шетелден алады деген қасаң түсінік қалыптасып кеткен. «АХБК» ЖШС осы түсінікті бұзып-жарып, жергілікті кәсіпкерлердің шамасы экспорттық киім-кешек шығаруға жететінін айқын дәлелдеп отыр. Осылайша Қазақстан өндірісі әлемдік деңгейге шығуға алғашқы қадамдарын да жасауда. 

Бүгінде кәсіпорын өнімдері негізінен ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Аталған өндіріс орнының құны 1200,0 млн теңгені құрайды. 1,2 га аумақты алып жатқан шағын кәсіпорында жергілікті 100 адам жұмыс істейді. Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс орнын ұлғайтуды көздеп отыр. Оған мемлекет тарапынан әрқашан қолдау көрсетілетінін айта кеткеніміз абзал. Бұл туралы биыл осы фабрикада болған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы мәлімдеді. Ол отандық өндірісті қолдауға әкімдік тарапынан барлық әрекеттер жасалатынын хабарлады. 

Жылына 721,6 тонна балық өндіріледі
Жергілікті кәсіпкерлерге аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу