Жылына 721,6 тонна балық өндіріледі
Сайрам ауданында соңғы жылдары дәстүрлі емес кәсіп түрлері дамып келеді. Бұрын халық тек қана жылқы, сиыр, қой шаруашылығымен айналысатын еді. Қазіргі таңда бұл қатарға балық шаруашылығы да қосылып отыр. Бұрындары мұндай шаруашылық жоқтың қасы еді. Халық балық өнімдерін Балқаш, Каспий көлдері маңындағы облыстардан алатын. Енді халық бұрынғыдай алыстан балық күтіп отырмайды. Себебі Сайрамда балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер саны айтарлықтай артқан.
Соның бірі Қайнарбұлақ ауылдық огругі, Тоған ауылындағы «Көмеш балық» шаруа қожалығы. Тауарлы балық өсіретін шаруашылық 2017 жылы құрылған. Жоба құны – 750 млн теңге.
Жылына 721,6 тонна балық өндірілетін шаруа қожалықта «сазан», «ақ амур», «ақ тұқы», «судак» балықтары өсірілуде. Яғни мұнда балықтың ерекше тұқымдары өсіріледі. Мұндай ерекше балықтарға деген сұраныс өте жоғары. Дәмі тіл үйретін бұл балықтың денсаулыққа пайдасын айта кетпесек болмайды. Балық – көптеген адамдардың ең сүйікті тағамдарының бірі. Адамдар өзен, теңіз және мұхит, сондай-ақ, ақ және қызыл, майлы және майлы емес балықтарды, яғни әркім әртүрлі балықтарды жақсы көреді. Адамдар оны кез келген түрінде жей береді. Және ол қайнатылған, қуырылған, буланған немесе көмбештелген, тұздалған, маринадталған, ысталған, тіпті шикі балық болсын, өзінің ерекше дәміне байланысты кез-келген адамның көңілінен шығып, тәбетін ашады. Ет тұтынатындарға қарағанда балық жейтіндер көп. Өйткені тіпті, ет жемейтін кейбір адамдар балықтың артықшылығы оның етінің құрамында екенін біле отырып, балық жейді. Оның құрамында A, D, E дәрумендері мен кальций, йод, темір, магний, фосфор, селен, мырыш бар. Тауық еті секілді балықтың құрамында да адам ағзасы жақсы сіңіретін өте жоғары, сапалы ақуыз бар. Ол, өз кезегінде, ағзаға қажетті барлық аминқышқылдары қамтиды.
Бүгінде «Көмеш балық» шаруа қожалығында 19 адам жұмыспен қамтылған. 259 га жер телімінде тауарлы балық өсіретін 13 тоған бар. Бүгінде қожалықта жасанды түрде шабақ өндіру, тауарлы балық өндіру, қыстау тоғандарында аталық-аналық күтіп баптау қызметтері жүзеге асып жатыр.
Әзірге елімізде балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер саны қатты көп емес. Көбісі сырын білмейтін бұл салаға қадам басуға қорқады. Кәсібіміз басталмай жатып жабылып қала ма деп сескенетіні рас. Әрине оларды түсінуге болады. Қолдағы қаражатын өзі толық білмейтін салаға салып, банкрот болғысы келмейді. Сондықтан да бұл кәсіпке келу үшін алдымен осы саланы терең білу керек. «Көмеш балық» шаруа қожалығы кәсіпті бастардан бұрын әбден теориялық білімдерін жетілдіріп, оны практикаға ұштастырды. Бүгінде нанын тауып жеп отырған аталған шаруа қожалығы Сайрам ауданының мақтанышына айналған.