Сайрамдық зауыттың өнімдері шетелге экспортталады
Сайрам ауданында жыл сайын мал басы артып келеді. Себебі ауданда мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер көбейіп келеді. Бұл көңіл қуантады. Халықтың жаппай кәсіпкерлікке бет бұруы – экономиканың қарқынды түрде дамуына алып келеді. Сондықтан да жеке кәсіпкерлердің көп болуы мемлекет үшін аса маңызды. Және бір қызығы, жеке кәсіпкерлер көбейгенде, олар бір-бірімен тығыз жұмыс істеп, тағы да басқа салалардың дамуына алып келеді. Мысалы қазір Сайрамда мал шаруашылығымен айналысатындар саны артты дедік. Осы тұста мал азығына деген сұраныс өседі. Яғни мал жейтін жем-шөпті табу басты назарға шығады. Бір күнде бірнеше тонна мал азығы қажет болып, оны жеке шаруалар өтей алмайды. Міне осы тұста мал азығын өндіретін кәсіпорын пайда болады.
Сайрамда «OSCARFEED» құрама жем зауыты бірнеше жылдан бері абыроймен жұмыс істеп келеді. Зауыт директоры Нусратилло Абдукадировтың айтуынша, зауыттың тарихы тым тереңде. 1997 жылы ашылған зауыт, 2019 жылы «IMAC» түрік компаниясымен бірлесе отырып өнімділігі 10 тонна/сағ құрайтын жем зауыты іске қосылды. Кәсіпорын автоматтандырылған – шикізатты мөлшерлеу бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады. Зауытта шикізат пен дайын өнімді сараптайтын жеке зертханасы бар. Oscarfeed логистикалық желісі өнімдерді ТМД елдерінің кез келген жеріне жіберуге мүмкіндік береді. Зауытта шикізат пен дайын өнімді сақтайтын қоймалар, темір жол желісі бар. Oscarfeed жем өнімдері ГОСТ талаптарына сәйкес шығарылады.
Айта кетейік, аталған зауыт биыл Ақтөбе облысында орын алған табиғи апаттан зардап шеккен отбасыларға көмек қолын созды. Табиғаттың тосын мінезінен қиын жағдайға тап болған отандастарымызға зауыт басшылығының демеуімен 200 отбасыға лайықталып азық-түлік өнімдері жөнелтілді. Атап айтар болсақ: 2 тонна ұн, 2 тонна картоп, 1 тонна күріш, 1 тонна макарон өнімдері, 1 тонна май, жалпы мөлшері 7 тонна азық-түлік жөнелтілді.
Мінекей, зауыт тек қызметкерлеріне жалақы, мемлекетке салық төлеп қана қоймай, демеушілікпен де айналысып, елімізге орасан зор пайдасын тигізіп жатыр.
Жалпы, закытта түйіршіктелген жем өндірісі; астық, тұқым және мал азығын көтерме саудалау жұмыстары қызу жүргізілуде. Oscarfeed өнімдерінің ассортиментіне тоқталсақ, мұнда бройлерлерге арналған құрама жем (Өсу, Бастау, Аяқтау); Тауықтарға арналған құрама жем (тауықтар); Жылқыларға арналған жем; Сүтті табындарға арналған құрама жем; Қой жемі; Ірі қара малды бордақылауға арналған құрама жем; Бұзауларға арналған құрама жем (0-3 ай, 3-6 ай) өнімдерді шығарылады.
Зауыттың жем өнімдері Өзбекстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа да ТМД елдеріне экспортталады. Осылайша олар мемлекеттің қазынасына көп мөлшерде пайда әкеліп жатыр. Түркістан облысында шетелге тауар экспорттайтын кәсіпорындар аса қатты көп емес. Жергілікті Сайрам ауданы әкімдігімен бірлесіп жұмыс істеп жатқан «OSCARFEED» зауыты ұзақ жылғы жемісті еңбегінің арқасында жаңа деңгейге шығып, өнімді шетелге экспорттап, Қазақстан брендін әлемге танытып жатыр.